Тоқаев лауазымды тұлғаларды тағайындау кезінде қандай талап қойылатынын айтты

Жазылу
Президент бүкіл қоғамды жемқорлықпен күресуге жұмылдыру қажеттігін атап өтті
НҰР-СҰЛТАН, 1 ақпан – Sputnik. Енді жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындаған кезде міндетті түрде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қорытынды анықтамасы талап етіледі. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорда.
Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңесте Тоқаев халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтуге шақырды.
"Бүкіл қоғамды жемқорлықпен күресуге жұмылдыру қажет. "Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет" қағидатын баршаның санасына сіңіру бүкіл мемлекеттік органның ортақ жұмысы болуға тиіс", - деді ол.
Президенттің айтуынша, мемлекеттік аппаратта жобалық басқару қағидаттарын енгізуді жалғастыру маңызды. Барлық мемлекеттік орган жұмыстың жаңа форматына белсенді кірісіп, оларды іс жүзінде қолдануы керек.
"Жалпы әкімшілік тәсілдерден бас тартып, басқарудың заманауи технологияларына жан-жақты бет бұру қажет. Мемлекеттік қызмет жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік қызметтің іс жүзінде сервистік және тұтынушыға қолайлы болуы үшін мемлекеттік қызмет жүйесін қайта құруы керек", – деді Тоқаев.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Бәшімов қоғамдық бақылауды кеңейтуді және мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етуді ұсынды.
"Кадр мәселесінде адамның моральдық тұрғыдан таза болуы керек екеніне баса мән берілгенін қалаймын. Оның сыбайлас жемқорлыққа қандай да бір қатысы бар деген сыбыс мүлде болмауы қажет. Кейде қарайсың, оқисың: әкімдер әлдебір мемлекеттік сатып алуларды қайталайды, бір қызметтен екінші қызметке ауысады. Мұны жұртшылық ауыр қабылдайды. Барлық мемлекеттік орган және жұртшылық әрдайым бірге күш жұмылдыра отырып, сыбайлас жемқорлықпен күресуге және өскелең ұрпақтың тәрбиесіне атсалысуға тиіс", – деді Бәшімов.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындаған кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қорытынды анықтамасын міндетті түрде талап ету қажеттігін айтты.
Жаңалықтар
0