Мәжілісте қандай өзгеріс болады – саясаттанушылар болжам жасады
19:20 01.02.2022 (жаңартылды: 09:39 09.08.2023)
© Sputnik / Болат ШайхиновЗдание парламента Казахстана
© Sputnik / Болат Шайхинов
Жазылу
Данияр Әшімбаев пен Андрей Чеботарев мәжілістің жұмыс стилі өзгереді деп санайды. Парламент қабырғасында пікірталас көбірек болады
НҰР-СҰЛТАН, 1 ақпан – Sputnik. Бүгін парламент мәжілісін сегіз жыл басқарған Нұрлан Нығматулин қызметінен кетті. Оның орнына президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Ерлан Қошанов келді. Осыдан кейін мәжілістің өмірі мен жұмысы қалай өзгереді? Тоқаевтың төменгі палатаға қатысты ескертулері орындала ма? Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген саясаттанушылар өз ойын бөлісті.
Нығматулин мен Қошановтың стилі екі түрлі
Саясаттанушы Андрей Чеботаревтің ойынша, Ерлан Қошанов алдымен ұлттық қоғамдық кеңесте айтылған бастамаларды заң жүзінде іске асыруға тырысады.
"Мен Қошанов мырзаны ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі жұмысын жақсы білемін. Ол кісі Көшербаев кеткеннен кейін кеңес төрағасының орынбасары болды. Осы уақытқа дейін Тоқаев айтқан жаңа идеялардың бәрін әбден түсініп алған. Ал мәжілісте ұлттық қоғамдық кеңестің мүшелері бар. Қошанов оларды жақсы біледі. Сондықтан ақылдасып, бірге жұмыс істейтін шығар", - деді Чеботарев.
Сосын кеңесте айтылған идеялардың заң жүзінде іске асуына жағдай жасайды.
Осы орайда сарапшы жаңадан тағайындалған спикердің бұрынғы қызметін еске салды. Қошанов президент әкімшілігін басқарғанда үкіметтің жұмысын қадағалады.
"Енді осы жұмысты парламент арқылы жүргізетін тәрізді. Сөйтіп парламенттік бақылауды дамытады. Нығматулинмен салыстырғанда Қошановтың жұмыс стилі басқаша. Мәселен бұрынғы спикердің командирлік мінезі басым болды. Алдымен өзі сөйлейтін, басқалар спикер сөз берсе ғана ойын айтатын. Ал Қошанов, керісінше, басқалардың пікірін көбірек тыңдайды. Сөйтіп, ұсыныстарды көптеп жинауға тырысады. Дәл осындай стильді сақтап қалатын секілді", - деп атап өтті Чеботарев.
Саясаттанушының айтуынша, депутаттарда еркіндік болады. Бірақ барлығы бірдей батыл пікір айтып кетпейді. Себебі бұрынғы жұмыс тәртібіне үйренгендер және үндемейтіндер аз емес.
Депутаттық корпуста ротация болуы мүмкін
Саясаттанушы Данияр Әшімбаев та мәжілістің жұмыс стилі өзгереді деп санайды.
"Нығматулин қатал және талап қоятын адам ғой. Оның министрлерді қалай сынағанын бәріміз көрдік. Қошанов та парламент үшін жаңа адам емес. Сенатор болды. Парламенттегі үкіметтің өкілі қызметін атқарды. Дегенмен жұмыс стилі өзгеше. Меніңше, мәжілісте пікірталас көбірек болады. Оған қоса қазір саяси реформаға қатысты нақты міндеттер қойылып отыр. Сондықтан парламент талқылаудың басты алаңына айналуы қажет", - дейді Әшімбаев.
Сарапшының ойынша, Қошановтың келуі "іш пыстырмайды". Дегенмен өткір ой-пікірлер бірден айтыла қоймайды.
"Бәріміз көріп жүрміз ғой, мәжілісте Қазақстан халқы партиясы мен "Ақжолдың" депутаттары айтарлықтай белсенділік танытып жатады. Ал Nur Otan-ның атынан Нығматулиннің өзі немесе Аманжан Жамалов сөз сөйлейтін. Басқалар көп көзге көрінбейді. Сондықтан алдағы уақытта депутаттық корпуста да ротация болуы мүмкін", - деп болжады Әшімбаев.
Осы орайда саясаттанушы Nur Otan-ның кезектен тыс съезінде айтылған мәселелерді еске салды. Президент мәжілістегі фракцияның жұмысын жандандыруды тапсырды. Сондықтан Қошанов осы жұмысқа да басымдық береді.
"Депутаттардың өздеріне де байланысты. Бұған дейін олардың ауыздарына ешкім қақпақ болмаған шығар. Мысалы комитет пен жұмыс топтарында қызу пікірталастар болып тұрады. Ал мәжілістің жалпы отырысында барлығы жеке пікірін айтуға ұялғандай отырады. Иә, Нығматулин қатал басшы болды. Бірақ өзі де әрбір мәселеге қатты дайындалатын. Баяндамашыдан да артық біліп тұрады. Мен басқа депутаттардың одан үлгі алғанын көрген емеспін", - дейді Әшімбаев.
Сарапшының ойынша, мәжілістің жұмысы жанданса, популизмге жол бермеген жөн.
Тоқаев мәжілісті не үшін сынға алды
28 қаңтарда Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәжілістің жұмысына қатысты бірнеше ескерту жасады. Соның бірі – фракцияны жандандыру. Мемлекет басшысының айтуынша, фракция депутаттары өзекті проблемаларды біліп қана қоймай, партия ұстанымын түсінікте тілде жеткізуі керек. Демагогияға да жол берілмеуі шарт.
"Сайлаушылармен тікелей диалог жасаған аса маңызды. Халықпен жиі кездесу керек, әсіресе, шалғай ауылдарға барған жөн. Депутаттық сауалдар формалды түрде жазылмауға тиіс. Мазмұны нақты және азаматтардың шынайы проблемаларын көрсетуі керек", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарына да ескерту жасады.
"Мәслихат депутатының белгісі аймақтық элитаның атрибуты және жоғары кабинеттерге кіруге рұқсат беретін зат емес. Бұл – адамды халық сайлағанын көрсететін белгі. Сондықтан ол халық мүддесі үшін жұмыс істеуі керек. Депутаттар осы маңызды айырмашылықты жете түсінуі керек. Әзірше біздің депутаттарымыздың халық арасында тиісті беделі жоқ. Оны қайғылы қаңтар оқиғалары да айқын көрсетті", - деп атап өтті Тоқаев.