Қоғам

Арендалық төлемнің жартысын мемлекет төлейді: жаңа бағдарлама қашан басталады

© Sputnik / Нина Зотина / Медиабанкке өтуАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.01.2022
Жазылу
Жаңа бағдарламаға сәйкес, жалға алынған үйдің жартысын мемлекет өтесе, қалған 50 процентін сол үйде тұратын адам төлейді
НҰР-СҰЛТАН, 30 қаңтар – Sputnik. Үкімет бір жарым жыл бұрын берілген тапсырманы екі күннің ішінде орындап шықты. Осы аптада министрлер кабинеті үй жалдап тұратын адамдарға төлем жасауға қатысты қаулыны қабылдады. Ал индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бірден төлем беру тәртібін әзірлеп шығарды. Sputnik Қазақстан тілшісі арендалық төлемдер кімге және қашан берілетінін зерделеп шықты.

Тоқаевтың тапсырмасы

2020 жылдың жолдауында мемлекет басшысы арендалық төлемді субсидиялау тетігін енгізуді тапсырған еді. Онымен әкімдіктің баспана кезегінде тұрған мыңдаған адам қамтылады деген жоспар болды.
Бүгінде жергілікті билік кезекте тұрған адамдар үшін арендалық үйлер салады. Бірақ ондай баспананың құрылысы көп жағдайда ұзаққа созылып кетеді. Себебі бюджеттен ақша бөледі, одан кейін сатып алу процедураларын өткізеді. Оған көп уақыт керек. Жалға берілетін үйлердің құрылысы да баяу жүргізіледі. Соның салдарынан әкімдік кезегінде тұрған адамдар азаймай отыр.
"Осы схемаға өзгеріс енгізетін кез келді. Енді, қаржыны тек құрылысқа ғана емес, арендалық төлемді субсидиялауға да бағыттау қажет. Бірінші жылы бұл көрсеткіш бірден 10 есеге өседі. Осылайша, 100 мыңнан астам отбасы нақты көмек алады", - деді Тоқаев бір жарым жыл бұрын жасаған жолдауында. 
Оқи отырыңыз: 50%-ін мемлекет өтейді: министрлік жалға алынған үйдің ақысын төлеу тетігін әзірледі
Жаңа жүйенің талаптарын әзірлеу міндеті индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жүктелген болатын. Сол кездегі министр Бейбіт Атамқұлов көп ұзамай тың бастаманың алдын ала жобасын да таныстырды. Оған сәйкес, арендалық төлемнің 70-80 проценті бюджет есебінен өтеледі. Ал жалға алынған баспананың ауданы 40-80 шаршы метр болуы шарт. Сосын отбасының табысы әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс.
Атамқұлов жылдың соңында нақты шешім шығарылатынын айтқан. Бірақ артынан барлығы зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға асықты. Ал Тоқаевтың тапсырмасы кейінге қалды...

Төлемді кімдер алады

Осы аптада үкімет арнайы қаулы қабылдап, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне азаматтардың әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттарына жеке тұрғын үй қорынан баспана жалдау үшін төлемдерді тағайындау және төлеу тәртібін айқындауға өкілеттік берді. Дәл осы құжаттың негізінде үй жалдап тұратындарға төлем жасау тәртібін бекітуге де рұқсат бар.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда көлігі жоқ отбасыларға жеңілдетілген автокредит берілуі мүмкін
Екі күннен кейін министрлік төлем беру тетігін әзірлегенін мәлімдеді. Осыдан бір жарым жыл бұрын таныстырылған жобада "үйді жалға алу құнының 70-80 проценті төленеді" делінген. Ал соңғы ережеде "50/50" деп тұр. Бұл дегеніміз, жалға алынған үйдің жартысын мемлекет төлесе, қалған 50 процентін сол үйде тұратын адам төлейді. Халықтың нақты санаттары да айқындалды. Олар:
  • көпбалалы отбасылар;
  • I және II топтағы мүгедектер;
  • мүгедек балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.
Үміткерлер әкімдіктің баспана кезегінде тұруға тиіс. Бүгінде республика бойынша құжат тапсыра алатын адамдардың жалпы саны 70 мыңды құрап отыр.

Төрт талап бар

Бүгінде Отбасы банкі жаңа бағдарламаның операторы ретінде белгіленіп отыр, яғни, барлық төлем осы банк арқылы жасалады. Құжаттар да соған жіберіледі. Қазіргі кезде нақты төрт талап бар. Олар:
  • Қазақстан Республикасының азаматтығы;
  • отбасының әрбір мүшесіне шаққанда соңғы 6 айдағы жиынтық табысы туралы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген шамасынан аспауы;
  • "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңға сәйкес баспанаға мұқтаж ретінде есепке тұрып, үйге мұқтаж адамның мәртебесін алу;
  • тұрғын үйдің меншік иесі мен жалға алушы арасында жасалған, сондай-ақ, құқықтық кадастрда тіркелген шарттың болуы.
Қазақстанда 2022 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 018 теңге көлемінде бекітілді. Демек, жаңа бағдарлама бойынша отбасының табысы әрбір мүшесіне шаққанда дәл осы сомадан аспауға тиіс. Сонда үйде төрт адам болса, отбасының бір айлық жалпы табысы 144 072 теңгеден (36 018×4) артық болмауы шарт.

Арендалық төлемдер қашан беріледі

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, жаңа бағдарламаны іске асыруға 50 миллиард теңге қажет болады. Қазіргі кезде төлем беру тәртібі басқа мемлекеттік органдардың қарауына жіберілді. Ешқандай өзгеріс болмаса, ереже бекітіп, мемлекеттік тіркеуге алады.
Sputnik Қазақстан тілшісі Отбасы банкіне де хабарласып, арендалық төлемдер қашан берілетінін сұрады.
"Бізге біршама уақыт керек. Өйткені ақпараттық базаларды интеграциялау қажет болатын шығар. Сонда біз бәрін электронды түрде алып отырамыз. Бәлкім, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дайын тізімдерді беріп отырады. Бұдан бөлек, 50 миллиард теңге қажет деді. Оны бюджеттен бөледі ғой. Оған да уақыт керек. Шамамен, ақпан-наурыз шығар, бірақ нақты уақытын айту қиын", - дейді баспасөз қызметінің мамандары.
Оған дейін құжат тапсырудың электронды жүйесі де әзірленеді. Сонда үміткерлер барлық құжатты Отбасы банкіне онлайн режимде жібере алады.
Жаңалықтар
0