Өңірлер

Абаев Алматыдағы мәдениет нысандарын аралады

© Sputnik / Болат ШайхиновМинистр информации и коммуникаций Даурен Абаев
Министр информации и коммуникаций Даурен Абаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.01.2022
Жазылу
Министр театр мен киноның терең мағыналық, идеологиялық мәніне ерекше назар аударды
НҰР-СҰЛТАН, 29 қаңтар – Sputnik. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Алматы қаласындағы мәдениет нысандарын аралады.
Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Дәурен Абаев министрлікке бағынысты ұйымдардың ұжымдарымен кездесіп, әңгімелесті. Сонымен қатар қаңтар оқиғасы кезінде мәдениет ошақтарына келтірілген залалды қарап шықты.
Кездесу барысында министр қандай жағдай болмасын, Алматы әрқашан еліміздің мәдени астанасы болып қала беретінін атап өтті.
"Қаланың музей, архив, кітап қорларының байлығы, театр және концерттік репертуарлардың алуан түрлілігі, қалада жасампаз жастардың, өнер саласы қызметкерлерінің шоғырлануы – әрқашанда болған және жалғасын таба береді. Ендігі жерде біз екі есе күш-жігермен оңтүстік астананың мәдени ландшафтын дамыту мен түрлендіруге жұмыс істеуге тиіспіз. Бұл істе сіздердің көмектеріңіз, қолдауларыңыз сөзсіз қажет",- деді Абаев мәдениет нысандарының қызметкерлеріне арнаған сөзінде.
Сонымен қатар кездесу барысында мекеме басшыларына бірқатар нақты тапсырма берілді. Атап айтқанда, бай дәстүр мен жылдар бойы қалыптасқан репертуарды жаңа тәсілдермен, шығармашылық эксперименттермен, жас режиссерлердің, сценаристердің, драматургтердің, композиторлардың жаңа толқын өкілдерімен ынтымақтастықпен байланыстыру қажет екендігі айтылды.
Осы тұрғыда министр театр мен киноның терең мағыналық, идеологиялық мәніне ерекше назар аударды.
"Бүгін біздің алдымызда еліміздің жастары үшін оң рөлдік модельдерді қалыптастыру бағытында маңызды міндет тұр. Бұл құндылықтарды отандық фильмдер мен спектакльдердің сюжеттік желісіне енгізу қажет",- деп атап өтті министр.
Сонымен қатар Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл мерейтойын лайықты деңгейде атап өту, Ұлы прозаиктің есімімен аталатын драма театр ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу жөнінде жеке тапсырмалар берілді.
Жамбыл атындағы филармонияда министр "Отырар сазы" оркестрінің 40 жылдығы мен 2025 жылы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын мерекелеу мәселесін талқылауды ұсынды.
"Қазақфильмді" аралау барысында министр кинофабриканы жаңғырту жұмыстарының барысымен танысып, "Ұлы дала таңы" фильмінің көрсетіліміне қатысты.
Жаңалықтар
0