Алматыдағы жаппай тәрпісіздіктер - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.05.2022
Қаңтар оқиғасы
2022 жылғы қаңтарда Алматы қаласы мен басқа да өңірлерде болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты материалдар

Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік жүйесіне қандай өзгеріс қажет – сарапшылар пікірі

© Sputnik / Тимур БатыршинАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.01.2022
Жазылу
Мемлекет басшысы қаңтар оқиғаларынан кейін ұлттық қауіпсіздік жүйесі кез келген қиындыққа төтеп беруге тиіс екенін мәлімдеген еді
НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар – Sputnik. Қасіретті қаңтар оқиғасы елдің ұлттық қауіпсіздік жүйесінде олқылық барын көрсетті. Мемлекеттің егемендігі мен тұтастығына қауіп төнген сын сағатта Қазақстан ҰҚШҰ-дан көмек сұрауға мәжбүр болды. Бүліктен кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қауіпсіздік жүйесін түбейгейлі қайта құруды тапсырды. Sputnik Қазақстан тілшісі сарапшылармен тілдесіп, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға қатысты пікірін білді.

Әскерилер кім үшін қызмет ететінін білуі керек

Мәжіліс депутаты, төменгі палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ерлан Сайыров ұлттық қауіпсіздікті нығайтпас бұрын елге экономикалық және саяси шешімдер қажет деп санайды. Ол, ең алдымен, Қазақстанда әлеуметтік әділеттілік орнауы керек екенін, тек содан кейін саяси реформа жүргізілуі керек екенін атап өтті. Сонда ғана елде жаппай тәртіпсіздіктер болмайды, дейді ол.
Депутат ұлттық қауіпсіздік жүйесін реформалау жұмысын материалдық-техникалық база мен әскери қызметкерлердің ой-санасынан бастау қажет екенін айтты.
Бұдан былай қылмыстық топтар мен террористер қалаларымызды басып алмауы керек – Тоқаев
"Әскерилер мемлекеттің аумақтық тұтастығын сақтап қалған азаматтар. Сондықтан, менің ойымша, ең негізгісі – идеологиялық тәрбие жұмысы. Олар не үшін, кім үшін қызмет етіп жүргенін білуге және сезінуге тиіс. Өкінішке қарай, қазір біз турбуленттік заманда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан әскер мен құқық қорғау органдарының рөлін арттыру өте маңызды", - деді Сайыров.
Сондай-ақ, оның пікірінше, қазақстандықтардың құқық қорғаушыларға деген құрметін арттыру керек.
"Әр азамат құқық қорғау органдарының қызметкерлері біздің өміріміз бен мемлекеттің аумақтық тұтастығын сақтап тұрғанын, еліміздің қорғаны екенін біліп, сезініп, оларды сыйлауы керек", - деді мәжілісмен.

Кадр саясаты ақсап жатыр

Қарулы күштердің оқ-дәрілер бас басқармасын басқарған полковник Есенкелді Орманбек әскери қызметшілерді қорғансыз жандар деп атады. Себебі олар аптасына жеті күн, тәулігіне 24 сағат қызмет етеді. Тіпті, еңбек демалысына шығудың өзі мұң. Соған қарамастан төмен жалақы алады.
"Әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы тұрақсыз. Бюджет қаражаты аз бөлінеді. Әскерилердің мүддесі қорғалмайды. Күндіз-түні жұмыста, отбасы, бала-шағасы барын ешкім ескермейді. Бір гарнизоннан екінші гарнизонға баспанасыз көшіп-қонып жүреді. Сол себепті ең алдымен әскерилердің материалдық-әлеуметтік жағдайын көтеру қажет. Оларға қандай да бір құқық, өкілеттік беру керек", - деп есептейді Орманбек.
Айтуынша, бас басқарманың бастығы болғанда, ай сайын небәрі 180 мың теңге жалақы алған. Ал бұл жоғары әрі жауапты лауазым болатын еді, дейді ол.
Полковник, әсіресе, қару-жараққа, оқ-дәріге жауапты адамдардың айлығы төмен болғанын айтты.
Қаңтар оқиғаларынан кейін 1 822 қылмыстық іс қозғалды – министрлік
"Соның салдарынан материалдық бөлігі әлсіз орындарға ешкім барғысы келмейтін. Сол себепті кадр тұрақтамайды. Оның үстіне төтенше оқиға болса, керісінше сол оқиғаның алдын алуға тырысқан, тиісті шара қабылдаған адамды жұмысынан қуады. Бар кінәні соған артады. Соттайды, әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартады. Бұл өте жаман", - деді ол.
Орманбек қорғаныс министрлігінде кадр саясаты ақсап жатқанын айтты.
"Болашағынан үміт күттіретін жас офицерлер кетіп жатыр. Өйткені әлеуметтік бөлігі осал, құқықтары қорғалмайды. Әскердің саны аз болса да, сапалы, мобильді, жауынгерлік дайындығы мықты болуы керек", - деді полковник.

Бәрін босатып, орнына басқасын қою дұрыс

Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Наталья Дементьева бірінші кезекте материалдық-техникалық базаны күшейту қажет екенін айтты.
"Байқағаным, бізде материалдық-техникалық база әлсіз. Әйтпесе біз ҰҚШҰ бітімгерлерінің көмегіне жүгінбес едік. Өз шекарамызды өзіміз қорғайтын едік. Жағдай ушыққан соң, бітімгерлік күштерден көмек сұрауға мәжбүр болдық", - дейді депутат Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында.
Депутат ұлттық қауіпсіздікті нығайтып, соның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетін қайта құру қажет деп санайды.
"Бірақ бәрін қызметінен босатып, орнына басқаларын қою дұрыс емес. Әр тұлғаны жеке-дара қарастырған жөн. Өйткені бәрі жаман деп көпке күйе жаға алмаймыз. Олардың арасында да адал қызмет атқарған, білімді, тәжірибесі мол мамандар жетерлік", - дейді Дементьева.

Баласын армияға жібергісі келмейтін ата-аналар бар

Президент мәжілісте өткен жиында қазіргі жастар Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашатынын айтқан еді. Депутат Наталья Дементьеваның ойынша, жастарды әскери борышын өтеуге ынталандыру үшін тек мектепте ғана емес, үйде де балаларға патриоттық тәрбие беру қажет.
Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды – Тоқаев
"Жастарға дұрыс тәрбие беру өте маңызды. Тәрбие мен тәртіп мектептен, ең алдымен, отбасыдан басталады. Қазіргі ата-аналар өз баласын қорғаштайды, армиядан алып қалуға тырысады, тіпті жалған анықтама жасайтындар бар. Бұл құпия емес, мұны бәріміз де білеміз. Сондықтан, бәлкім, бұл мәселеде әр азамат өзінің көзқарасын өзгертуі қажет шығар. Әскер қатарына қосылу әр жастың арманына, мақтанышына айналуға тиіс. Жігіттеріміз әскери борышты өтеу абыройлы міндет екенін сезінуі керек. Бізге осы идеологияны қайтару қажет. Өкінішке қарай, біз мұнымен қош айтыстық. Бұған не себеп болғанын білмеймін. Бәлкім, осы тәрбиеден алшақтап кеткенімізді өзіміз де байқамай қалған шығармыз. Жалпы, мен жастардың әскери борышын өтегенін, әскерге барғанын қос қолдап құптаймын", - дейді депутат.
Айтуынша, қазір армияда жастарға бүкіл жағдай жасалған.
"Менің әскери білімім, тәжірибем жоқ. Бірақ балаларын әскерге жіберген туыстарым, әріптестерім бар. Солардың әңгімесінен ғана қорытынды жасай аламын. Мен олардан "қазіргі армия балабақша сияқты" дегенді көп естідім. Бәлкім, бұл да дұрыс емес шығар. Өйткені жігіт армияда нағыз ер азамат болып қалыптасуы керек. Әрине, әлімжеттікке жол беруге болмайды. Мен оған қарсымын. Барлығы өркениетті, мәдениетті, 21 ғасырға сай болуы керек", - дейді Дементьева.
Жаңалықтар
0