Әлем

НАТО Ресейге берген уәдесін орындамай отыр – Медведев

© РИА Новости / Медиабанкке өтуЗаседание наблюдательного совета Внешэкономбанка
Заседание наблюдательного совета Внешэкономбанка - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.01.2022
Жазылу
"Солтүстік ағын – 2" газ құбырын іске қосуға кедергі келтіруге тырысатындар әлі де болады. Ол тек саяси емес, экономикалық көзқарасқа қатысты туындауы ықтимал
НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. Соғысты болдырмау үшін қауіпсіздік кепілдіктері бойынша келісімге келу керек. Ол үшін саяси-дипломатиялық құралдарды қолданып, келіссөз жүргізу қажет. Бұл туралы Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев БАҚ-қа берген сұхбатында мәлімдеді.
"Украина НАТО-ға кірмеуі мүмкін. Бірақ альянсқа мүше мемлекеттердің бірімен арадағы екіжақты келіссөз негізінде оның аумағында әскери техника орналастыруы мүмкін. Мұндай шешімдер кімнің ықпалымен қабылданып жатқанын және бұл әскери техника қандай мақсатта қолданылатынын жақсы түсініп отырмыз", - деген Медведев осы бағыттағы жұмыстар НАТО атынан атқарылғанымен оның артында АҚШ тұрғанын айтты.
Медведев НАТО Ресей шекарасына жақындамауға уәде беріп, оны орындамай отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, мұнда мәселе тек Украинаға қатысты болып отырған жоқ. Себебі альянс қызыл сызықтан асып, орыс жеріне қарай ентелеп, Ресейдің қауіпсіздігіне қатер төндіріп жатыр, деп жазды РИА Новости.
"Ресей мүмкіндігінше кері шегінді. Енді шегінуге жол жоқ. Біз НАТО-мен қарым-қатынасты әділ дамытып келдік. Кезінде Ресей – НАТО саммитіне қатысқанымыз есімде. Бірақ қазір біздің айтқандарымызға құлақ асып жатқан ешкім жоқ", - деді Медведев.
Ол киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша америкалықтармен ынтымақтастық жайлы айтты.
"Киберқылмыспен бірлесіп күресу керектігі туралы америкалық әріптестеріміздің пікірімен келісеміз. Себебі ол трансұлттық сипаттағы қылмыс. Қылмыстық әрекеттерге қандай азаматтар қатысып отырғаны, олар қайда орналасқаны маңызды емес. Себебі оның барлығы қалай жасалып жатқанын білеміз. Сондықтан REvil хакерлерін қолға түсіруді осындай ұжымдасып атқарған жұмыстың жемісі деп атауға болады. Жалпы америкалықтар дәл осы салада ынтымақтастық орнату бойынша белсенді түрде өтініш жолдап отыр", - деді ол.
Медведев бүгінде Қауіпсіздік кеңесі саласында да ынтымақтастық жолға қойылғанын атап өтті. Ол осы бағыттағы жұмыстар одан әрі дами беретінін жеткізді.
"Соғысты болдырмас үшін қауіпсіздік кепілдіктері бойынша келісімге келу керек. Ол үшін саяси-дипломатиялық құралдарды қолданып, келіссөз жүргізу қажет. Бұл бір тараптың қауіпсіздігі екінші елдің  қауіпсіздігі есебінен жүзеге асырылуы мүмкін еместігін айғақтайтын еуропалық және халықаралық барлық негізгі құжаттарда көрсетілген", - деді ол.
Медведев АҚШ-тың Ресейге қауіпсіздік туралы кепілдік беруден бас тартуы жағдайды ушықтырып жіберетінін атап өтті.
"Бірақ мұндай жағдайда Мәскеудің қандай әрекетке көшетіні жария айтылмайды. Жалпы мұндай жоспар ешқашан көпшілік назарына ұсынылмайды. Сонымен қатар бұл шешімді ел президенті қабылдайды. Себебі ол – жоғарғы бас қолбасшы", - деп түсіндірді Медведев.
Ол Ресейдің қауіпсіздік жөніндегі ұсыныстарын қатаң емес, бірақ нақты әрі айқын деп бағалады. Медведевтің айтуынша, құжатта   Ресейді алаңдатып отырған мәселелер бүкпесіз көрсетілген. Жалпы бұл ұсыныстарға АҚШ тиісті жауап ұсынбаса, онда екі ел арасындағы басқа келісімшарттарды сақтаудың қиындай түсетіні анық.
"Түрлі келісімдер, шарттардан біржақты шығу барлық кезде кері әсер етеді. Біз мұндайды қолдамаймыз. Бірақ қауіпсіздік кепілдіктері туралы келісімге қол жетпесе, онда басқа шарттарды сақтау немесе орындаудың мәні қалмайды", - деді Медведев.
Медведев сондай-ақ ядролық доктринаны қайта қарастыруға қатысты пікір білдірді.
"Ядролық доктринаны қайта қараудың қажеттілігі жоқ деп ойлаймын. Себебі құжатта барлығы ашық көрсетілген. Егер біздің елге немесе біздің одақтастарымызға ядролық шабуыл немесе жаппай қырып-жоятын қаруды қолдану арқылы соққы жасалса немесе елімізге басқа қауіп төнсе, біздің еліміздің стратегиялық ядролық күштерін қолдану арқылы қарсы соққы жасауға құқығымыз бар", - деді Медведев.
Ол Украина және республика президенті Владимир Зеленский туралы сұрақтарға да жауап берді. Медведев украиндер орыстарға жақын халық екенін айтып, елдегі бассыздықтан әбден мезі болған украиндер бір күні проукраиндік, бірақ Ресеймен тату қарым-қатынас орнатуға бағытталған саясатты жүзеге асыратын басшыны сайлайтынына сенім білдірді.
"Қытай мен Ресейдің қарым-қатынасы қазір тарихтағы шарықтау шегіне жеткені жиі айтылып жатыр. Расында да, біздің арамызда стратегиялық, мызғымас, тату қарым-қатынас бар. Олар өзара тиімді жоспарларға негізделген. Алайда еш тарап әскери одақ құруға ұмтылып жатқан жоқ", - деді Медведев.
Ол алдағы уақытта қарым-қатынас аясы кеңейіп, Ресей мен Қытай әскери-техникалық салада бірлескен оқу-жаттығулар өткізуі ықтимал екенін жасырмады.
Сонымен қатар Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары "Солтүстік ағын – 2" жобасының тағдырына қатысты өз ойымен бөлісті.
"Солтүстік ағын – 2" газ құбырының құрылысы аяқталды, іске қосуға дайын тұр. Мен, әрине, қателесуім мүмкін. Бірақ пайдалануға берілетініне 100 процент сенімдімін. Бұл ешқандай ғажайып емес. Экономикалық қажеттілік болса, онда ол жоспар жүзеге асырылуы керек. Оның пайдалануға берілуіне кедергі келтіруге тырысатындар әлі де болады. Ол тек саяси емес, экономикалық көзқарасқа қатысты туындауы ықтимал", - деді Медведев.
Сондай-ақ Медведев SWIFT  жүйесінен Ресейді ажырату туралы батыс мәлімдемесі құр сөз екенін айтты. Оның пікірінше, бұл бірінші кезекте SWIFT-тің өзі үшін тиімсіз болады. Өйткені халықаралық төлем жүйесі арқылы Ресей өте ауқымды транзакциялар жүргізіп отыр.
Жаңалықтар
0