Алматыдағы жаппай тәрпісіздіктер - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.05.2022
Қаңтар оқиғасы
2022 жылғы қаңтарда Алматы қаласы мен басқа да өңірлерде болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты материалдар

Әуежайдан қашқандарға көмектескен қыз: басып кірсе, артқы есіктен шығамыз деп ойладық

© Photo : РСК АлматыАэропорт Алматы
Аэропорт Алматы - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.01.2022
Жазылу
Бүлікшілер 5 қаңтарда Алматы әуежайын басып алды, содан кейін әуежайды қайтару үшін әскери қызметшілер ұрысқа кірісті. Sputnik Қазақстан сол бір сәтте жиналғандарға көмектескен қонақүй қызметкерімен сөйлесті
АЛМАТЫ, 21 қаңтар – Sputnik. Алматыда тәртіпсіздіктер кезінде халықаралық әуежайды ойрандаушылар басып алды. Сол кезде әуежай ғимаратында және оның аумағында адам көп болған. Қарулы топ келген кезде жапа-тармағай қашқан адамның бірі жақын маңдағы қонақүйді паналаса, енді бірі таныстарын көмекке шақырған. Басты мақсат – қауіпсіз жерге жету. Осы кезде әуежай маңындағы қонақүй қызметкерлері де көмектесуге асыққан. Соның бірі "Экипаж" қонақүйінің қызметкері – 18 жастағы Қазына Серікбай.
Қонақүй әкімшісі мен күзетшінің батыл әрекеті жайлы әлеуметтік желі қолданушылары жазды. Оларға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.
Қазына сол күні әуежайға не себепті барғанын, әуежайдан қашқан азаматтарға қалай көмек көрсетілгенін Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.  
"Мен жұмыс істейтін қонақүй әуежайға баратын көшеде орналасқан. 5 қаңтарда қонақүйде бірнеше адам болды. Интернет өшуіне байланысты қонақтардың бірі рейстердің ұшу кестесін көріп келуімді сұрады. Сол оймен әуежайға бардым. Барған кезде қаруланған адамдар болмады, артынша әуежайдан шығып кеттім. Әуежай мен қонақүйдің арасы жаяу 10 минуттық жер. Сол кезде олар айғайлап, әуежайдың сыртында тұрды. Қару ұстаған, көліктің үстіне мініп алған адамдарды көрдім. Бір топ адам әуежай аумағынан тезірек кетіп қалуға тырыстық", - дейді Қазына.
Қазына көшеде әрі қарай жол жоқ екенін білгендіктен, қонақүйге кіруге шақырған.
"Әуежай алдында адам көп еді. Олар қашып, жолдағы қонақүйлерге кірді. Ал әуежайдың ішінде болғандар сыртқа шыққан кезде қонақүйлер толып қалған. Содан кейін біз жаққа келді. Басында қонақүйге кіруден қорыққандар болды, себебі бұл жерді де басып алуы мүмкін деген үрей басым еді. Оларды көндірдік, себебі бұл сыртта жүргеннен әлдеқайда қауіпсіз. Алайда арасында 10 мың теңгеге такси шақырып, қалаға қарай кеткендер де бар", - дейді ол.
Қонақүй ғимараттың 4-қабатында, ішінде 10 бөлме бар. Ал 1-3 қабатында Air Astana әуекомпаниясының кеңсесі орналасқан.
"Бір топ адам келген кезде бір бөлмеге 5-6 адамнан кірді. Шу басталмай тұрып орналасқан қонақтар келгендер тынығып алуы үшін өз бөлмелеріне кіргізді. Біз де, басқалар да оқиға осылай өрбиді деп ойлаған жоқпыз. Ақшасы болмаған адамдарды тегін кіргізуге тырыстым. Ақшасы бар адамдар төлеп орналасты. Бағаны түсіріп, бірнеше адам ортақтасып төлеуге мүмкіндік жасалды. Себебі мен де күнделікті есеп беріп отырамын. Сыймай қалған адамдар 1-қабаттағы диванда отырды. Сол жерде асхана бар. Арасында дәлізде, жерде ұйықтағандар болды", - дейді Қазына Серікбай.
Ол әуежай үшін ұрыс жүріп жатқан кезде қонақүйде барлық жарық сөндірілгенін, қонақтарға артқы есік көрсетілгенін айтты.
"Жарықтың бәрін өшірдік. Қонақүйдің ішінде банкомат тұр. Банктерді тонап жатқаннан кейін осы жерге де келе ме деп қорықтық. Ішкі есіктің бәрін құлыптадық. Қонақүйдегі адамдарға өрт шыққан кезде шығуға арналған есікті көрсеттік. Басып кірсе, сол есіктен шығамыз деп ойладық", - дейді Қазына.
Ойрандаушылар қонақүйлерге шабуыл жасамаған. 5 қаңтар кешкі сағат 8-9 шамасында келген қонақтардың басым бөлігі 6 қаңтар таңға дейін осында болған. Арасында 7 қаңтарға дейін қалаға баруға қорыққандар болыпты. Кейбірі Алматыдан кету үшін теміржолдың ашылуын бірнеше күн күткен. Қазір қонақүй қалыпты жұмыс істеп тұр.
Оқи отырыңыз: "Өтірік айқайлай бастадым": Алматы тұрғыны бүлікшілерді қалай алдағанын айтып берді
Айта кетері, бүлікшілер 5 қаңтарда Алматы әуежайын басып алды. Содан кейін барлық бағыт бойынша рейстер тоқтатылды. Әуежайды билік бақылауына қайтару үшін ойрандаушылармен қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері ұрысқа шықты. Содан кейін ҰҚШҰ бітімгерлері Қазақстанның құқық қорғау органдарымен бірлесіп Алматы әуежайын толық бақылауға алды.
Алматы әуежайы 13 қаңтарда қайта ашылды. 13 қаңтардан бастап ішкі және халықаралық рейстер сағат 8.00-ден 21.00-ге дейін жүзеге асырылды. 19 қаңтарда Алматы әуежайы штаттық режимде жұмыс істей бастады.
Қазақстанда жаппай наразылық 2022 жылдың басында басталды. Елдің батысында қала тұрғындары сұйытылған газ бағасының екі есе өсуіне қарсы шықты, бұл наразылықтар елдің басқа өңірлерінде де жалғасты.
Алматыда 4 және 5 қаңтарда наразылықтар қақтығысқа жалғасты. 19 қаңтарға дейін Қазақстанның барлық аумағында төтенше жағдай режимі енгізілді. Қазір бірнеше өңірде терроризмге қарсы операция жалғасып жатыр.
Жаңалықтар
0