Өңірлер

Арзан көлікті қалай сатып алуға болады – Қызылжардағы ерекше сауданың жай-жапсары

© Sputnik / Владислав ВодневАвтомобили, архивное фото
Автомобили, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.01.2022
Жазылу
Қаланың шетіндегі айыппұл тұрағында ине шаншар орын қалмаған. Мұнда қазір 300-ден астам көлік тұр
НҰР-СҰЛТАН, 21 қаңтар – Sputnik. Петропавлдағы көлік бақылау инспекциясы заң бұзған автокөліктерді қоятын жер таппай отыр. Барының өзінде орын жоқ. Амалы таусылғандар жергілікті атқамінерлермен ортақ келісімге келген. Тұралап қалған көліктерді аукцион арқылы сатпақшы. Қазірдің өзінде үшеуін саудаға шығарды. Ерекше сауданың жай-жапсары туралы "Астана" арнасы хабарлады.
Қаланың шетіндегі айыппұл тұрағы жарты гектардан астам жерге орын тепкен. Мұнда қазір  300-ден астам көлік тұр. Ине шаншар орын қалмаған. Ал бұл әсіресе көлік инспекциясына кесірін тигізіп отыр.
"Ұсталған көліктерді қадағалап, күзетіп тұрамыз. Ол жұмысқа кедергі келтіріп отыр. Біздің басқа жұмысымыз бар. Жолдарды қадағалауымыз керек", - дейді СҚО көлік бақылау инспекциясының басшысы Руслан Сейталин.
Сала мамандары жылына шамамен 4 мыңнан астам жүк көлігін тексеріп, оның әрбір төртіншісінен заңбұзушылық анықтайды. Инспекторлар қандай да бір ақау тапқан кезде көлік иесі айыппұлды төлегенге дейін арнайы тұраққа апарып қою керек. Алайда аталған жерде жүк көлігі түгілі, жеңіл көлікке орын табу мұңға айналған. Айтпақшы тұрақта Ресейдің белгілі әншісі Тиматидің "ауди тт" маркалы көлігі де бар. Оның мұнда тұрғанына да 10 жылдан асты. Ұрланған көлік шекара асып келген. Бірақ ол сатылымға  шықпайды деді. Өйткені аукционға иесі жоқтарын шығарған.
"Айып тұрағында иесі жоқ көліктер ғана сатылады. Қазір біз осындай үш көлікті анықтап, онлайн аукционға шығардық. Жақын арада тағы алтауының құжатын әзірлейміз. Жалпы бұдан бөлек айып тұрағын тағы бір гектарға ұлғайту жоспарда бар", - деп атап өтті Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Жанболат Батырбеков.
Әкімдік ұсынған "батпан құйрықты" бұқара оң қабылдап отыр.
"Егер көліктердің құжаты таза болса, кейін бір мәселелер туындамаса алар едім. Әкімдік кейін оны алып қойматынына кепілхат беру керек. Көліктердің бағасы арзан болатыны сөзсіз", - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Алексей Алгаер.
Ал Лайк Агаев есімді тұрғын қала әкімдігі бұл аукционды тыныш қана өткізбей, жер жерде жариялауы керек деп есептейді. Сонда халық тарапынан сұраныс болады.
Шенеуніктердің айтуынша, жыл соңына дейін тағы шамамен он көлік сатылмақ. Бірақ бұл темір тұлпарлар тұрақта он жылдан астам уақыт тұрып қалған. Демек әбден ескірген болу да ғажап емес.
Осыған байланысты әкімдіктегілер контрабандалық көліктер мәселесін де қозғамақ. Былтыр құқық қорғау органдары Ресейден көліктерді заңсыз тасымалдаған бір пысықайдан 60 жуық көлікті тәркілеген болатын. Демек жақын арада олар да аукционға шығарылуы әбден мүмкін.
 
Жаңалықтар
0