Саясат

СІМ: Еуропарламенттің Қазақстанға қатысты қарары біржақты сипатқа ие

© REUTERS / PAVEL MIKHEYEVЗдание акимата Алматы продолжает гореть
Здание акимата Алматы продолжает гореть - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.01.2022
Жазылу
Министрлік тергеп-тексеру нәтижелері жарияланғанға дейін мұндай құжаттарды қабылдау қисынсыз деп санайтынын мәлімдеді
АЛМАТЫ, 21 қаңтар – Sputnik. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі елдегі жағдайға қатысты Еуропалық парламенттің қабылдаған қарарына жауап берді.
"Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Еуропалық парламенттің еліміздегі жағдайға қатысты қабылдаған қарары біржақты сипатқа ие екенін және объективті емес тұжырымдарға негізделгенін мәлімдейді. Елімізде болған қаңтардағы қайғылы оқиғаларға объективті бағалаудың болмауы алаңдаушылық туғызады", - делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік тергеп-тексеру нәтижелері жарияланғанға дейін мұндай құжаттарды қабылдау қисынсыз деп санайтынын мәлімдеді. Тергеу нәтижелері халықаралық қоғамдастыққа ұсынылады.
Сондай-ақ министрлік қарар жобасын әзірлеу кезінде Еуропалық парламент депутаттары мен оның құрамындағы саяси топтар Қазақстанның ресми тұлғаларынан нақтылама ақпарат пен түсіндірулер сұрамағанын жеткізді. Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі және мемлекеттік органдармен тікелей диалог жүргізетін азаматтық қоғам институттары да аталған құжат авторларының оларға жүгінбегенін хабарлаған.
"Бірқатар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының құқық қорғау органдарының террористік, экстремистік және қылмыстық топтарға қарсы заңды әрекеттерін сипаттайтын жарияланымдарында айтарлықтай қайшылықтар мен дәлсіздіктер бар екені туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің бұрын айтылған ұстанымы еленбеді", - делінген ақпаратта.
"Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің, беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі, гуманитарлық құқық саласындағы көпжақты келісімдердің қатысушысы ретінде заңның үстемдігіне және азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау саласындағы өз міндеттемелерін толықтай ұстанады", - делінген Қазақстанның сыртқы істер министрлігі таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ Қазақстан халықаралық терроризмге қарсы күресті қоса алғанда, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үдерісіне қомақты үлес қосып келеді. Республика Еуропалық одақтың барлық институтымен өзара түсіністік және құрмет қағидаттары негізінде өзара сындарлы іс-қимыл жасауға мүдделі.
"Еуропалық парламенттің бұл қарарын асығыс қабылдауы демократиялық институттарды нығайту және азаматтық қоғамның дамуына бағытталған Қазақстан президентінің реформаларын қабылдау және жүзеге асыру үдерісіне кері әсер етеді және зиян келтіреді", - деп түйіндеді министрлік.
Айта кетері, бұған дейін Еуропарламент депутаттары елдегі наразылықтар мен тәртіпсіздіктерге байланысты Қазақстандағы адам құқығын қорғау жағдайы жөнінде қарар қабылдаған. Еуропалық парламенттің қарары декларативті және орындалуы міндетті емес сипатқа ие, алайда Еуропалық одақ институттары мен Еуропа елдері оларды ескереді. Құжатта халықаралық тергеуді бастауға, сондай-ақ адам құқықтары саласындағы елеулі бұзушылықтар үшін ЕО режимі шеңберінде қазақстандық шенеуніктерге қатысты санкциялар енгізу туралы айтылған.
Жаңалықтар
0