Қоғам

Сенатор Алматыдағы бүліктен кейін террористер отырған түрмелердің мәселесін көтерді

© Sputnik / Тимур БатыршинКолючая проволока
Колючая проволока - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.01.2022
Жазылу
Yandex newsTelegram
Лукин радикалды көзқарастағы сотталушыларды камералық қамауға ауыстыру үшін қазіргі түрмелерді  реконструкциялау қажет екенін айтты
НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Сенат депутаты Андрей Лукин түрмелерде діни экстремизмге қарсы іс-қимылды арттыру үшін не істеу керек екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенатор Алматыдағы лаңкестік әрекет бейбіт тұрғындардың өліміне,  ахуалдың тұрақсыздығы мен экономикалық шығынға әкеп соққанын атап өтті. Айтуынша, қасіретті қаңтар оқиғалары кезінде тек қазақстандықтар ғана емес, бүкіл әлем әкімдік, полиция, әуежай ғимараттары мен стратегиялық нысандарға террорлық акті жасалғанына куә болды.
"Радикализм, әсіресе қылмыстық-атқару жүйесіндегі, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатердің бірі екенін ұмытпауымыз қажет. Осы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша еліміздің қылмыстық-атқару жүйесінде діни және террористік ұйымдардың 500-ден астам лидері мен қатысушысы жазасын өтеп жатыр", - деді Лукин премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында.  
Айтуынша, бүгінде 64 колонияның тек 9-ы ғана камералық қамау түріндегі абақты. Онда сотталғандардың жалпы санының 18,3%-і ғана отыр. Қолданыстағы қалған мекемелер – өткен ғасырдың 30-70 жылдары салынған барақ типті ғимараттар.
"Бір бараққа 100-ге тарта сотталушы қамалатынын ескерсек, мұндай жағдайда тәрбие жұмысы жайлы айту мүмкін емес. Түрме субмәдениеті мен қылмыстық ортаның ықпалы бүкіл жұмысты зая кетіреді", - деп санайды сенатор.
Осыған байланысты Лукин ең алдымен, радикалды көзқарастағы сотталушыларды камералық қамауға ауыстыру үшін қазіргі мекемелерді реконструкциялау қажет екенін айтты.
Сондай-ақ түзету мекемелерінің қауіпсіздігі мен күзет деңгейін арттыруды ұсынды. Атап айтқанда, колонияларды радиобайланс, техникалық күзет құралдары, ұялы байланысты бұғаттау жүйесімен жарақтандыру керек.  
Лукиннің мәліметінше, бүгінде ҚАЖ мекемелері техникалық күзет құралдарымен 33%-ке, ұялы байланысты бұғаттау жүйесімен 13,8%-ке ғана жабдықталған.
Бұдан бөлек, сенатор сотталғандардың ұялы телефондарды заңсыз пайдалануын бақылауды күшейтуді ұсынды.
Бұған қоса, ҚАЖ мекемелері, арнайы мекемелер әкімшілігінің басшылығына түрме аумағында заңсыз пайдаланылатын байланыс құралдарын бұғаттау өкілеттігін беру керек, деді сенатор.
Оқи отырыңыз: Депутат "Алматы трагедиясы" жайлы: ұлттық тәрбиеде үлкен олқылық жіберіп алдық 
Жаңалықтар
0