Алматыдағы жаппай тәрпісіздіктер - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.05.2022
Қаңтар оқиғасы
2022 жылғы қаңтарда Алматы қаласы мен басқа да өңірлерде болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты материалдар

Қазақстандағы бүлікке тапсырыс берушілер туралы айтуға әлі ерте – Ресей шенеунігі

© Sputnik / Эдуард ГалеевАлматинцы устраняют последствия погромов в городе
Алматинцы устраняют последствия погромов в городе  - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.01.2022
Жазылу
Қазақстан өз мемлекеттілігі, қауіпсіздігі мен егемендігі үшін бұрын-соңды болмаған сын-қатермен бетпе-бет келді, деп атап өтті Сыромолотов
НҰР-СҰЛТАН, 19 қаңтар – Sputnik. Ресейдің сыртқы істер министрінің орынбасары Олег Сыромолотов РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында жақында ғана Қазақстанда болған оқиғаларды Мәскеу қалай бағалайтынын және РФ бұл тәртіпсіздіктерді кім ұйымдастырды деп санайтынын айтты. Ол сондай-ақ бұл оқиғадан қандай сабақ алуға болатыны туралы ойын бөлісті.
"Қазақстанның құқық қорғау органдары ұсынған ақпарат бойынша шабуыл жасағандардың арасында шетел азаматтары, сондай-ақ соғыс шебінде тәжірибе жинақтаған содырлар болған. Сондықтан мұны шетелде дайындықтан өткен халықаралық террористік бандалардың агрессиясы деп пайымдауға негіз бар", - деді Сыромолотов.
Оның пікірінше, билікті күшпен тартып алуды көздегендер Қазақстандағы бейбіт митингіні өз жоспарларын жүзеге асыру үшін пайдаланғысы келген.
"Қазақстан өз мемлекеттілігі, қауіпсіздігі мен егемендігі үшін бұрын-соңды болмаған сын-қатермен бетпе-бет келді. Билікті күшпен тартып алуды көздегендер әлеуметтік-экономикалық сипаттағы бейбіт наразылықтарды өз жоспарын жүзеге асыру үшін пайдаланғысы келді. Ол үшін Қазақстан Республикасындағы ішкі саяси ахуалды тұрақсыздандыру қажет болды", - деді ол.
Сыромолотов сондықтан ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың 4-бабына сәйкес Қазақстандағы жағдайды тұрақтандыру және қалыпқа келтіру мақсатында 6 қаңтарда ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштерін шектеулі мерзімге жіберу туралы шешім қабылдағанын айтты. Ол Қазақстандағы оқиғалар барысында ұйым мұндай қауіп-қатерге қарсы тұрудың тиімді және қажетті механизмі екенін айқындағанын атап өтті.
"Қазақстандық әріптестеріміз және ҰҚШҰ бойынша одақтастарымызбен бірлесе отырып, бітімгерлік операциясының сәтті өту тәжірибесі мұқият талданады. Оның ішінде бұл талдау ҰҚШҰ аймағындағы басқа мемлекеттерде де осындай жағдайды қайталау әрекеті туындағанда, оның алдын алу шараларын қабылдау үшін қажет", - деді Сыромолотов.
Ол мемлекеттік төңкеріс жасауды көздегендер гибридті террористік шабуыл жүргізгенін атап өтті.
"Алматыдағы тәртіпсіздіктерге бірқатар мемлекет пен өңірдің тумалары қатысқаны белгілі болды. Әйтсе де тапсырыс берушілер туралы айтуға әлі ерте деп ойлаймын. Бұл мәселені Қазақстанның құзырлы органдары тиісті деңгейде пысықтап жатқанына сенімдімін. Әріптестерімізге болған оқиғаға егжей-тегжейлі тергеу жүргізіп, оған қатысы барлардың барлығын және оның туындау себептерін анықтау қажет екені сөзсіз", - деді ресейлік министрдің орынбасары.
Сыромолотов осы кезеңде Қазақстан билігі ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштерімен бірлесіп, қысқа мерзімде жағдайды қалыпқа келтіргенін, дағдарыс ошағы болған Алматыда заңдылық пен тәртіпті реттегенін ерекше маңызды фактор ретінде атап өтті.
"Адамдар бейбіт өмірге қайта оралып жатыр, қала билігі бүлік салдарын жоюға және қала инфрақұрылымын қалпына келтіруге кірісті. Ал ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштері саяси жағдайды тұрақтандыруға көмектесу міндетін орындап, бүгінде елден толығымен шығарылды", - деді Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары.
Еске салсақ, 2 қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындары сұйытылған мұнай газының бағасы қымбаттауына байланысты митингіге шықты. 3 қаңтарда митинг тағы бірнеше өңірде жалғасты. Наразылық акцияларына мұнай өндіруші кәсіпорындардың вахталық жұмысшылары да қосылды.
4 қаңтарда бірнеше қалада жаппай тәртіпсіздіктер болып, ойрандау басталды. 5 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттерден көмек сұрады. Дәл сол күні үкімет отставкаға кетіп, ел аумағында төтенше жағдай режимі енгізілді.
Жаңалықтар
0