Қоғам

Таңға қарай оқ-дәрі таусылды – Таймерденов полицияға жасалған шабуыл туралы айтты

© Photo : Пресс-служба департамента полиции АлматыНачальник департамента полиции Алматы Канат Таймерденов
Начальник департамента полиции Алматы Канат Таймерденов  - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.01.2022
Жазылу
Алматы полиция департаментінің ғимаратына шабуыл басталар алдында ойрандаушылар тәртіп сақшыларынан қаруын тастап, берілуді талап еткен
АЛМАТЫ, 19 қаңтар – Sputnik, Александр Мироглов, Айгерім Таубай. Алматы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов 5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған түні мыңға жуық бүлікшінің әкімшілік ғимаратқа кіруге және қару-жарақ арсеналын басып алуға он шақты рет әрекет жасағанын және полицияда оқ-дәрі таусылған кезде қызметкерлердің қалай әрекет еткені жайлы айтып берді.

Дәл уақытында қабылданған шара

Қанат Таймерденовтың айтуынша, Алматыда 5 қаңтар күні түстен кейін жағдай күрделене түскен. Ойрандаушылар қаланың бірнеше ауданында Республика алаңынан шамамен бірдей қашықтықтағы жерде жиналып, бір уақытта алаңға қарай бет алған.
Полиция мен әскери қызметкерлер бірнеше рет оларға тосқауыл қоюға тырысты, олардың қолында қару-жарақтан тек қалқан, резеңке таяқ, жарық-шу және газ гранаталары болған. Алайда бейбіт наразылыққа шыққандармен емес, арматура, темір құбыр, тас ұстаған ойрандаушылар тобымен бетпе-бет келуге тура келді. Құқық қорғау органдары өкілдерін көрген кезде олар ойланбай, асқан қатыгездікпен ұрып-соғып, шабуыл жасаған. Тұтқында ұстаған полиция және әскерилерді қалқан ретінде пайдаланып, алға шығарған жағдайлар да болды.
"Сол уақытта алаңда болған ойрандаушылардың бір бөлігі 7 қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, Алматыда 1387 қаруды ұрлағаны туралы жедел ақпарат түсті. Оның ішінде аңшылық, травматикалық, иір ойықты қару бар. Олардың өз қаруы да болған", - деді Алматы полициясының басшысы Қанат Таймерденов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Ол дәл сол уақытта қарулы және дайындалған бірнеше топтың қаланың әр ауданындағы полиция басқармасы мен полиция департаментінің әкімшілік ғимаратына шабуыл жасағалы жатқаны туралы жедел ақпарат түскенін айтты. Олардың мақсаты – қару-жарақ қоймасын басып алу. Бұл туралы дереу ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаевқа хабарланды. Елордада полиция ғимараттарын қорғау жөнінде арнайы жоспарды дереу іске қосу туралы шешім қабылданды. Кейіннен бұл шараның дәл уақытында қабылданғаны белгілі болды.
"Ең алдымен ғимаратты бермеу маңызды болды, себебі мұнда үлкен қару-жарақ қоймасы бар. Егер оны ойран салушылар басып алса, оқиға басқаша өрбуі мүмкін еді. Барлық полиция бөлімінің бастығымен байланысқа шығып, жеке құраммен бірге сол жерге жасалуы мүмкін шабуылға дайындалуға тапсырма бердім. Расымен де, сағат кешкі жетіде қарулы адамдар тобы біздің ғимаратқа қарай бет алды. Басында қоқан-лоқы жасалып, ғимаратты ұрыссыз беруді талап етті. Оған келіспейтінімізді білген соң, атыс басталды. Бұған дейін де департамент ғимаратына бір түнде 27 рет шабуыл жасалғанын айттық", - деді Таймерденов.

Қоршауда өткен жарты күн

Полиция департаментінің ғимаратына жасалған шабуыл тыңғылықты ұйымдастырылғаны және арнайы дайындықтан өтіп, әлемде қауіпті жерлерде әрекет еткені бірден белгілі болған. Олар өздері басып алған әскери КамАЗ көмегімен полиция департаментінің қақпасын бұзуға тырысқан, сондай-ақ жан-жақтан шабуыл басталған.
Алматы полициясы бастығының айтуынша, ойрандаушылардың тікелей ғимаратқа кіргізбеу аса маңызды болған, сол себепті олар жаппай Молотов коктейлін қолданған: егер өрт басталса, полиция қызметкерлері қақпанға түсер еді. Қалада болып жатқан жағдайды ескерсек, қосымша көмек оларға жақын уақытта келе қоюы екіталай еді.
"Ұйымдасқан түрде бірнеше жақтан шабуыл жасады. Оның ішінде Масанчи – Қабанбай батыр, Никольский соборы және бұрынғы Никольский базары жақтан шабуыл жасалды. Яғни, бізді қоршап алды. Департамент аумағы бойынша қызметкерлер тұрды. Ал өзім сол уақыттың бәрінде жұмыс орнымда болдым. Біз жаққа оқ атып, қауіп төне бастағанда, біз шабуылдаушыларға қарсы оқ аттық. Ғимаратқа кіру үшін олар өздері басып алған әскери КамАЗ-ды пайдаланды. Бірнеше сағат бұрын Алматыдағы президент резиденциясына жасалған шабуыл әдісін қайталады. Ол жерде КамАЗ қоршауды бұзып, өздері соны тасалап, ғимаратқа кірген", - деп еске алды Таймерденов.
Оның сөзінше, құқық қорғаушылар сол уақытта қанша адамның өздеріне қарсы шабуыл жасап жатқанын білмеген. Кейінірек тоғыз қабатты тұрғын үй тұрғындары түсірген видеодан ғимаратты басып алуға мыңға жуық адам келгенін анықтаған.
Жоспарлы түрде брондыкеудеше киген адамдардың оқ жаудыруы, автоматпен қаруланған және көп қабатты үйдің төбесінде мергендердің тұрғанына қарамастан, полиция бірнеше шабуылды тойтарып, ғимаратқа кіруге мүмкіндік бермеді.  Сол себепті шабуылды ұйымдастырушылар күшінің жеткіліксіз екенін түсініп, қалған шабуылдаушыларға қару-жарақ дүкенінен ұрланған атыс қаруын таратқан.
"Олар жауынгерлік тактиканы біліп қана қоймай, оны өте жақсы меңгерген адамдар болды. Жауынгерлік шабуылды ұйымдастыру мен қалада ұрыс жүргізу ережелері мен қыр-сырын біледі. Тіпті жақын тұрған биік ғимараттың төбесіне мергендерді қойған. Олардың көзін жойғанша, бізге қарай оқ жаудырды", - деді Алматы полиция департаментінің бастығы.

Таңға жақын оқ-дәрі таусылған

Полиция департаменті ғимаратына жасалған шабуылдың қандай болғанын сол жердегі жүздеген оқ саңылауынан білуге болады. Бұрын қала тұрғындары мұндайды тек көркем фильмдерден ғана көрген.
"1995 жылдан бастап Ішкі істер органдарында қызмет етіп келемін. Әрине, қызмет бабы бойынша түрлі жағдайдың куәсі болдым. Алайда қала орталығында осындай ауқымды атысты алғаш рет көрдім және қызмет борышым бойынша ғимаратты қорғауға қатыстым", - дейді Таймерденов.
Оның айтуынша, Алматы ПД кезекші қызметкерлерінен басқа ғимарат қорғанысына ІІМ Алматы академиясының қызметкерлері қатысты. Соған қарамастан шабуыл жасаушылардың саны әлдеқайда көп болды.
"Біздің қызметкерлер барлық жерде өздерін батыл қорғады. ПД ғимаратымен қатар ойрандаушылар сол уақытта біздің бірнеше аудандағы бөлімшеге шабуыл жасады: Алмалы (қорғау кезінде екі полиция қызметкері қаза тапты), Әуезов, Жетісу, Медеу, Бостандық аудандық полиция басқармалары, жергілікті полиция қызметінің әкімшілік ғимараты. Барлығы ғимаратты қорғау қажет екенін түсінді. Себебі әр ғимаратта жауынгерлік қару болған. Барлық аттестатталған қызметкерлер, соның ішінде ІІМ академиясының қызметкерлеріне қару бердік. Қорғаныс күші өте шектеулі болды, өйткені біздің ғимараттар қала бойынша әр жерде орналасқан және олардың бәрін қорғау қажет болды. Сондықтан оларды қорғаған барлық қызметкерге қарсы тұрғаны үшін құрмет көрсету керек деп ойлаймын", - деді Алматы полиция департаментінің бастығы.
Қанат Таймерденовтің айтуынша, департаментке шабуыл жасалған уақытта ол ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев пен Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевпен үнемі байланыста болып, жағдайдың кез келген өзгерісі туралы баяндап отырған. Ал таңға жуық полицияға көмек қажет болған.
"Түнгі сағат үш-төрт шамасында бізде оқ таусыла бастады. Бұл туралы министрге хабарлаған соң ол ұлттық гвардияға бұйрық берді. Олар бронды арнайы көлікте бізге өтіп, оқ-дәрі жеткізді. Сол уақытта ұрыстың қашан аяқталатынын болжай алмадық", - дейді Таймерденов.

Шабуылдан кейін

Алматының бас полицейі шабуыл кезін еске алып, қарамағындағылардың төтенше жағдай кезіндегі әрекетін ерекше атады.
"Расымен де біз көп болған жоқпыз. Мені қатты таңғалдырған және жігерлендірген жайт – сондай жағдайда қызметкерлердің дүрбелең мен қорқынышқа бой алдырмағаны. Олар жұдырықтай жұмылып әрекет етті. Оқ атпағандар оқ-дәрі, су жеткізіп, қажет іспен айналысты. Бұл жағдай түні бойы жалғасты", - дейді Таймерденов.
Алматының полиция департаментіне жасалған шабуыл 6 қаңтар таңғы алты жарымда тоқтаған. Жоспарының сәтсіз аяқталғанын түсінген олар оқ тиген серіктестерінің көп бөлігін алып кеткен. Бірнеше сағаттан соң ПД ғимаратын күзетуге брондалған техникадағы әскерилер қосылды.
"Қалалық полиция департаментіне жасалған шабуыл кезінде полиция арасында ешкім жараланған жоқ, қаза болған жоқ. Екі қызметкер Алмалы ауданы полиция басқармасына жасалған шабуыл кезінде қаза тапты. Біз оларды ғимаратқа жақындатқан жоқпыз. Олар біздің нысанға кіре алмады. Егер жақын келсе, жарақат алар еді", - деді генерал Таймерденов.
Оның айтуынша, қорғаныс жоспарын уақтылы енгізу арқасында полиция ғимараттарына ойрандаушылар кіре алмағанына қарамастан, қазір ішкі істер министрлігінде террористік топтың іс-әрекетіне мұқият талдау жүргізіліп, осындай жағдайларда қорғаныс тиімділігін одан әрі жетілдіру бойынша қорытындылар жасалып жатыр. Осындай талдау қалалық департаментте де жүргізіледі.
"Митингтің бейбіт болғаны туралы әңгімелердің ешқандай негізі жоқ және сол күндері қалада болған адамдар оны біледі. Олар қолына қару алып полицияға, мемлекеттік органдардың ғимараттарына шабуыл жасап, оларды қиратып, өртеп, полицияны, әскери және азаматтық адамдарды өлтіргендердің террористер екенін түсінеді. Оларды басқаша атау мүмкін емес. Бейбіт наразылық білдірушілер қару кезеніп, көліктерді тоқтатпайды, өздеріне көмектесуден бас тартқан адамдарды атпайды, көшедегі адамдарды өлтірмейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қалаға террористер шабуыл жасағанын айтқан кезде, шындықты айтты. Бұл әрекетті террор деп қана атауға болады", - дейді Қанат Таймерденов.

Алматыдағы ахуал

Алматы полициясы басшысының айтуынша, қазір қаладағы жағдай қауіпсіздік қызметкерлерінің бақылауында. Сонымен қатар ол мегаполисте төтенше жағдай режимі тоқтатылғаннан кейін де терроризмге қарсы операция әлі де жалғасып жатқанын айтты.
"Қазір біз қаруды өз еркімен тапсыруға болатыны туралы жарияладық және егер адам қандай да бір қылмысқа жеке қатыспаса, біз қаруды тапсырған адамды қылмыстық жауапкершілікке тартпайтынымызды ескерттік. Жедел іс-шаралар барысында қару тәркіленгендер елдің қолданыстағы заңдарына сәйкес ең ауыр қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қаруды ұрлауға қатысқандарды іздестіру үшін барлық жеке құрам осыған бағдарланғанын есептемегенде, арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Министрлік бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап отыр", - дейді Таймерденов.
Ол сондай-ақ полиция департаментіне кейбір полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеті мен өкілетін асыра пайдаланғаны туралы азаматтардан шағым түсіп жатқанын айтты. Олардың әрқайсысы мұқият тексеріледі.
"Қазіргі жағдайда формализм туралы айту мүмкін емес. Бұл министрдің нұсқауы және біздің қызметкерлерге қойылатын талап – заңдылықты қатаң сақтау. Мұндай уақытта басқаша әрекет етуге болмайды. Адамдар бір түнде елімізде бейбітшілікті жоғалтуымыз мүмкін екенін түсінуге тиіс. Мұны көп адам түсінеді. Себебі сол күндері де көптеген бейбіт тұрғын жиналып, бірқатар нысанды тонаушылардан қорғап қалды.  Яғни, азаматтар да бұл күндері аз қолдау көрсеткен жоқ. Адамдар келіп, біздің қызметкерлерді тамақтандырды, көптеген мәселе бойынша, соның ішінде қаза тапқандардың отбасына көмек көрсетуге дайын болды. Бұл күндері біз қолдауды сезіндік", - деп түйіндеді Қанат Таймерденов.
Жаңалықтар
0