Қоғам

Сенаторлар Мусинді Жоғарғы сот судьясы лауазымынан босатты

© Photo : Служба центральных коммуникацийКанат Мусин
Канат Мусин - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.01.2022
Жазылу
Мусин өткен жылдың маусым айында Жоғарғы соттың судьясы болып тағайындалған еді. Президенттің 11 қаңтардағы шешімімен ол әділет министрі болды
НҰР-СҰЛТАН, 13 қаңтар – Sputnik. Сенат депутаттары министр қызметіне тағайындалған Қанат Мусинді Жоғарғы сот судьясы орнынан босатты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенаттың бүгінгі отырысында Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы Денис Шипп президенттің ұсынысын қарауға енгізді. Оған сәйкес, Қанат Мусин басқа жұмысқа ауысуына байланысты Жоғарғы сот судьясы қызметінен босатылуы керек.
Депутаттар президенттің ұсынысын бірауыздан қабылдап, тиісті қаулыны шығарды.
Айта кетері, 11 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің жаңа құрамын бекіткен болатын. Қанат Мусин әділет министрі қызметіне тағайындалды.

Мусин туралы не білеміз?

Қанат Сергейұлы Мусин 1966 жылы Целиноград қаласында дүниеге келген. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын 1989 жылы Целиноград қаласының прокуратура органдарында бастады.
1992-1998 жылдары – тергеуші, прокурор-криминалист, бөлім бастығы, Ақмола қаласы прокурорының орынбасары, бірінші орынбасары.
1998 жылдың маусымында Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, ал қараша айында Жамбыл облысы прокурорының орынбасары болып тағайындалды.
2001 жылдан бастап қаржы полициясында жұмыс істеді. 2007 – 2010 жылдары Қауіпсіздкк кеңесі хатшылығының бас сарапшысы, бас инспекторы, меңгерушінің орынбасары қызметтерін атқарды.
2010-2012 жылдары – Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары, 2012 жылы Астана қаласы әділет департаментінің басшысы. 
2016 жылдан бастап парламент мәжілісінің депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы болды. Ал 2021 жылы маусым айында Жоғарғы сот судьясы қызметіне тағайындалды.
Жаңалықтар
0