Жанармай өндіру жұмыстары бір жолға қойылмаса, бағаны реттеу жалғасады
11:23 11.01.2022 (жаңартылды: 13:05 01.02.2022)
© Sputnik / Тимур БатыршинАвтозаправочная станция, архивное фото

© Sputnik / Тимур Батыршин
Жазылу
Қазақстан жанар-жағармай бағасын жарты жыл бойы қолдан реттеуге мәжбүр болып отыр
НҰР-СҰЛТАН, 11 қаңтар – Sputnik. Жанар-жағармай өндіру саласындағы жұмыстар 6 айдың ішінде бір жолға қойылмаса, бағаны қолдан реттеу жалғасады. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліс отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жылдан жылға біздің азаматтар мен кәсіпкерлеріміз жанар-жағармай өндіру және оны бөліп тарату жүйесінің ашық болмауынан зардап шегіп келеді. Тіпті жанар-жағармай бағасын жарты жыл бойы қолдан реттеуге мәжбүр болып отырмыз", - деді президент.
Осы кезеңде бас прокуратура бәсекелестікті қорғау агенттімен, сондай-ақ энергетика министрлігімен бірлесіп, осы саладағы жұмыстарды ретке келтіруге, оны реформалау үшін кешенді ұсыныстар әзірлеуге тиіс.
Егер бұл жұмыс бір жолға қойылмаса, жанар-жағармай бағасын реттеу жүйесі сақталады.
Айта кетері, Қазақстанда газ, бензин мен дизель отынының бағасына уақытша – 180 күнге мемлекеттік реттеу енгізілді.
Қосылған құн салығын ескере отырып, бензинді бөлшек саудада өткізуге мынадай шекті бағалар белгіленді:
- АИ-80 – литрі 89 теңге
- АИ-92 және АИ-93 – литрі 182 теңге
- АИ-95 – литрі 215 теңге
Дизель отынының шекті бағасы:
- Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында – 260 теңге.
- Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстарында – литрі 230 теңге.
Сонымен қатар үкімет көлікке құятын сұйытылған мұнай газының шекті бағасын бекітті.
- Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында газ бағасы литріне 50 теңге (шалғай аудандарда (200 шақырымнан астам) – 55 теңге);
- Шымкент, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында – литріне 60 теңге (шалғай аудандарда 65 теңге).
- Алматыда бағасы литріне 65 теңге;
- Нұр-Сұлтан, Ақмола, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында литріне 70 теңге (шалғай аудандарда 75 теңге).
Сондай-ақ мемлекет басшысының тапсырмасымен Жаңаөзен қаласында жаңа газ өңдеу зауытының құрылысына дайындық жұмыстары жеделдетілді.