Оқиға

Қазақстанда тәртіпсіздік кезінде 200-ден астам адам ұсталды – ІІМ

© REUTERS / PAVEL MIKHEYEVЛюди идут по проезжей части улицы в Алматы на митинг
Люди идут по проезжей части улицы в Алматы на митинг - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.01.2022
Жазылу
Заңсыз әрекет салдарынан ішкі істер органдарының 95 қызметкері дене жарақатын алды, 37 қызметтік автокөлік бүлінді
АЛМАТЫ, 5 қаңтар – Sputnik. Ішкі істер министрлігі Қазақстанда наразылықтар кезінде қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 200-ден астам адам ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Еліміздің бірқатар аймағында заңсыз акциялар өтті. Жергілікті атқарушы органдар мен прокуратураның ескертулеріне қарамастан азаматтар арандатушылық шақыруларға еріп, тұрақтылыққа және халықтың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін заңсыз әрекеттер жасай бастады. Азаматтардың жекелеген топтары жолдарды жауып, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың тыныштығын және елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз ету жүйесін бұзып, көлік қозғалысына тосқауыл қойды", - деп мәлімдеді ІІМ.
Министрлік құқық қорғау және құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басқа да органдардың қызметкерлеріне шабуыл жасалғанын хабарлады.
"Алматы, Шымкент және Тараз қалаларында әкімдіктерге шабуыл жасап, әйнектері мен есіктерін сындырды, басқа да материалдық залал келтірді. Тас, таяқ, газ, бұрыш баллондарын және жанғыш қоспасы бар бөтелкелерді пайдаланды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесу және тәртіп бұзушыларды ұстау бойынша заңда көзделген шараларды қабылдады", - деп мәлімдеді ішкі істер министрлігі.
Заңсыз әрекет салдарынан ішкі істер органдарының 95 қызметкері дене жарақатын алды, 37 қызметтік автокөлік бүлінді.
"Билік өкілдеріне қарсы күш қолдану, бұзақылық, мемлекеттік органдардың ғимараттарына шабуыл жасаудың 13 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 200-ден астам адам ұсталды", - делінген ақпаратта.
Ішкі істер органдары халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету жөнінде барлық қажетті шараны қабылдап жатыр.

Халық неге көшеге шықты

2 қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындары наразылыққа шықты. Оған автокөлікке құятын газдың құны литріне 120 теңгеге дейін өскені себеп болған. Наразылық білдірушілер бағаны 50 теңгеге дейін төмендетуді талап етті. Арнайы құрылған үкіметтік комиссия белсенділермен келіссөз жүргізіп, бұл талап орындалатынын мәлімдеді.
Маңғыстау облысында басталған наразылықтар елдің өзге өңірлерінде де жалғасты. Артынша Ақтөбе әкімдігі де наразылық білдіргендердің екі талабы – митинг барысында қамауға алынғандар босатылып, сұйылтылған газ бағасы 50 теңгеге дейін арзандатылғанын хабарлады.
4 қаңтар кешке жағдай күрделеніп, Алматыдағы наразылық соңы тәртіпсіздікке ұласты. Көшеге шыққандар полиция көліктерін қиратты. Жағдай ушыққан соң қаладағы тәртіп сақшылары көзден жас ағызатын газ қолданды. Наразылыққа шыққандар қаладағы үлкен көшелермен жүріп, қала әкімдігі ғимаратына дейін барды. Ол жерді арнайы жасақ қызметкерлері қоршауға алған.
Түнде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 5 қаңтар сағат 01:30-дан 19 қаңтар сағат 00:00 кезеңі аралығында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды.

Ел үкіметі отставкаға кетті

Ел ішінде наразылық болып жатқанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды арандатушылыққа берілмеуге шақырды.
"Іштен және сырттан болған сан түрлі ақпаратқа сеніп, ереуілге салынған топтың құйтырқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдауға шақырамын. Азаматтық және әскери мақсаттағы ғимараттарға шабуыл жасауға үндейтін ұрандар мүлдем заңға қайшы келеді. Бұл – өрескел қылмыстық әрекет. Билік құламайды, бірақ бізге өзара сенім, өзара диалог керек", - деді мемлекет басшысы.
5 қаңтарда президент үкіметті отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойды.
"Қазақстан Республикасы үкіметінің орнынан түсуі қабылдансын", - делінген Ақорданың сайтында жарияланған құжатта.
Қазақстан премьер-министрі міндеттерін уақытша атқару Әлихан Смайыловқа жүктелді.
Үкімет мүшелері үкіметтің жаңа құрамы бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.
Жаңалықтар
0