Қоғам

Бас прокуратура төтенше жағдайға қатысты үндеу жариялады

© SputnikГенеральная прокуратура РК
Генеральная прокуратура РК - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.01.2022
Жазылу
Коменданттық сағат қағидаларын бұзған адамдарды коменданттық сағат аяқталғанға дейін, ал құжаты жоқ адамдарды екі тәулікке дейін қамауға рұқсат бар
НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев екі облыс пен бір қалада төтенше жағдай енгізілуіне байланысты заңның негізгі талаптарын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қосымша уақытша шектеу шаралары ретінде сағат 23:00-ден 07:00-ге дейін коменданттық сағат енгізілген, қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды, этил спиртін және алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынған, жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәрілерді уақытша алып қою көзделген", - дейді Дембаев.
Төтенше жағдай енгізілген жерде уақытша шектеулер болады. Олар:
  • еркін жүріп-тұруды, оның ішінде көлік құралдарының кіруі мен шығуын шектеу;
  • тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, жеке тексеру, олардың жанындағы заттарын, көлік құралдарын тексеру;
  • бейбіт жиындарға, ереуілдерге және басқа да жаппай іс-шараларға тыйым салу.
"Төтенше жағдай туралы" заңның 20-бабына сәйкес, коменданттық сағат қағидаларын бұзған адамдарды коменданттық сағат аяқталғанға дейін, ал өзімен бірге құжаты жоқ адамдарды жеке басы анықталғанша екі тәулікке дейін қамауға рұқсат бар.
"Ұсталған адамдар және олардың алып жүрген заттары мен көлік құралдары тексерілуі мүмкін. Төтенше жағдай режимінің көрсетілген талаптарын бұзғандар қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылады. Осылайша билік өкілінің заңды талабына немесе өкіміне бағынбау, сондай-ақ төтенше жағдай кезеңінде тыйым салынған ереуілге басшылық ету және ұйымдардың жұмысына кедергі келтіру Қылмыстық кодекстің 379 және 401-баптары бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады", - деп атап өтті бас прокурордың орынбасары.
Төтенше жағдай кезінде заңмен қудаланатын басқа да әрекеттер бар. Олар:
  • төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату - Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
  • төтенше жағдай кезінде қару-жарақты, оқ-дәрiлердi, қозғалыс құралдарын, әскери техниканы немесе өзге де әскери мүлiктi қасақана жою немесе бүлдiру - 10 жылдан 12 жылға дейiнгi жаза (459-бап);
  • төтенше жағдай режимін бұзу – 10-20 АЕК көлеміндегі айыппұл немесе 15-30 тәулікке қамау;
  • төтенше жағдай кезінде құқық тәртібін бұзуға итермелейтін әрекеттер – 30 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу.
Төтенше жағдай кезінде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау ауырлататын мән-жай болып саналады.
"Заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында азаматтарды өткізілетін іс-шараларға түсіністікпен қарауға, ішкі істер органдары мен уәкілетті органдар қызметкерлерінің заңды талаптарын сақтауға, оларға қажетті жәрдем көрсетуге шақырамыз. Сондай-ақ шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға, арандатушылыққа берілмеуге және төтенше жағдай режимін бұзбауға, ресми дереккөздерде орналастырылған елдегі қазіргі жағдай туралы сенімді ақпаратты басшылыққа алуға шақырамыз", - деді Дембаев.
Оқи отырыңыз: Үш өңірде төтенше жағдай енгізілді 
Жаңалықтар
0