Қоғам

Тағы бір өңірде төтенше жағдай енгізілді

© Sputnik / Абзал КалиевАкорда
Акорда - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.01.2022
Жазылу
Бұған дейін президент Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында төтенше жағдай жариялаған болатын
НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты. 
"2022 жылғы 5 қаңтардағы 12 сағат 30 минут пен 2022 жылғы 19 қаңтардағы 00 сағат 00 минут мерзімі кезеңінде Алматы облысының шекараларында төтенше жағдай енгізілсін", - делінген жарлықта.
Сонымен қатар Алматы облысында төтенше жағдай күшінде болатын кезеңде 23 сағат 00 минуттан 7 сағат 00 минутқа дейін коменданттық сағат енгізіледі.
Алматы облысының коменданты болып Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев тағайындалды.
Төтенше жағдайдың күшінде болуы кезеңінде мынадай шаралар мен уақытша шектеулер енгізіледі:
1) қоғамдық тәртіптің сақталуын, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуін күшейту;
2) Алматы облысында жүріп-тұру, оның ішінде көлік құралдары қозғалысының еркіндігіне шектеулер белгілеу;
3) жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды жеке тексеру, олардың заттарын, көлік құралдарын тексеруді қамтамасыз ету;
4) Алматы облысына кіруді, сондай-ақ одан шығуды шектеу;
5) бейбіт жиналыстарды, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салу;
6) ереуілдерге және заңды тұлғалардың қызметін тоқтата тұрудың немесе тоқтатудың өзге де әдістеріне тыйым салу;
7) қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар, улы заттар сатуға тыйым салу, дәрі-дәрмектің, есірткі заттардың, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ этил спиртінің, алкоголь өнімдерінің айналымына ерекше режим белгілеу;
8) жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәріні, улы заттарды уақытша алып қою, ал заңды тұлғалардан қаруға, оқ-дәріге және улы заттарға қоса әскери және жауынгерлік оқу техникасын, жарылғыш және радиоактивті заттарды уақытша алып қоюды қамтамасыз ету.
Төтенше жағдай режимі кезінде қолданылатын шаралардың іске асырылуына жауапты болып Алматы облысының комендатурасы, Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар министрлігі белгіленді.
Қазақстан Республикасының Бас прокурорына осы жарлықта белгіленген шаралар мен уақытша шектеулерді іске асыру кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету жүктелді.
Қазақстан Республикасының үкіметі төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы үкіметінің резервінен қажетті қаражатты бөледі. 
Оқи отырыңыз: Президент Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында төтенше жағдай жариялады 
Жаңалықтар
0