Облыс әкімі көшеге шығатындарға ескерту жасады – видео
12:33 05.01.2022 (жаңартылды: 13:05 01.02.2022)
© Photo : пресс-служба Министерства энергетикиМинистр энергетики Нурлан Ногаев
© Photo : пресс-служба Министерства энергетики
Жазылу
Егер наразылық білдірушілер өз еркімен тарайтын болса, қолданыстағы заң аясында ешқандай шара қолданылмайды, деді Ноғаев
НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев халықтан арандатушылыққа ермеуді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Білместікпен немесе әр түрлі себеппен осындай шараларға қатысып жүрген азаматтардан арандатушылыққа ермей, өз еркімен үйіне қайтуын сұраймыз. Егер қазір өз еркімен тарайтын болса, қолданыстағы заң аясында ешқандай шара қолданылмайды", - деді Ноғаев бейнеүндеуде.
Осы орайда облыс басшысы президенттің жарлығымен Маңғыстау облысында төтенше жағдайдың енгізілгенін еске салды. Ал бүгін таңертең мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада мемлекеттік органдардың басшыларын жинап, шұғыл кеңес өткізді.
"Жиналыс барысында қысқа уақытта екі жаққа да тиімді жағдай жасауға нақты тапсырмалар берілді. Іс әрекеттердің барлығы заң аясында қатаң бақыланып, жүзеге асырылатынын қаперіңізге саламын. Біз қалыптасқан жағдайды тезірек шешуге және мемлекет басшысының тапсырмалары аясында тұрақтылықты қамтамасыз етуге, азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмеу мәселелеріне ден қоямыз", - деп атап өтті Ноғаев.
Әкімнің айтуынша, азаматтық және әскери нысандар қорғалады. Ондай обьектілерге қандай да бір қастандық немесе жұмысына кедергі жасауға жол берілмейді.
"Ардақты ағайын, бірігіп осы мәселені шешейік. Амандықта болайық!", - деді Ноғаев.
Маңғыстаудағы наразылықтар
2 қаңтарда сұйытылған газ бағасы күрт көтерілгеннен кейін Жаңаөзен мен Ақтау тұрғындары наразылыққа шықты. Халық 120 теңгеге қымбаттаған газды 50 теңгеге дейін төмендетуді талап етті.
Энергетика министрлігі бір тәуліктен кейін ғана арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, газ бағасы не себепті өскенін түсіндірді. Жаңа жылдан бастап әкімдік газ бағасын реттеуге араласпайды. Шикізат толығымен электронды биржа арқылы сатылады. Сол себепті ендігі кезекте бағаны сұраныс пен ұсынысқа сәйкес нарықтың өзі қалыптастырады екен.
Ал мемлекет басшысы 3 қаңтарға қараған түні Twitter арқылы үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды шұғыл түрде қарастыруды тапсырды. Ертесінде құрамында президент әкімшілігінің қызметкерлері бар үкіметтік комиссия Ақтауға барды. Газдың бағасы 50 теңгеге дейін төмендетуге шешім қабылданды.
Маңғыстаудағы наразылықтардан кейін Алматы тұрғындары көшеге шықты. Түнде тәртіпсіздіктер басталды.
Президенттің жарлығымен Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 5 қаңтар сағат 01:30-дан 19 қаңтар сағат 00:00 кезеңі аралығында төтенше жағдай енгізілді.
Ақордада қандай шешім қабылданды
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен шұғыл кеңес өтті. Сол жерде мемлекет басшысы елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар тапсырма берді. Олар:
1. Мұнай өнімдерінің (бензин, дизель, сұйытылған газ) бағасына мемлекеттік реттеуді 180 күнге енгізу;
2. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша мемлекеттік реттеуді енгізу. Шешімді нақты аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға қарай өңірлердің әкімдері қабылдайды;
3. "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заңды әзірлеуге кірісу;
4. Халық үшін 180 күнге коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий енгізу қажеттігін қарастыру;
5. Халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтары үшін нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау мәселесін қарастыру;
6. Денсаулық сақтау және балалар мәселелерін шешу үшін "Қазақстан халқына" деп аталатын қоғамдық қор құру, оны мемлекеттік және жеке көздер арқылы қаржыландыру.