Қоғам

Бас мүфти Қазақстан халқына бейнеүндеу жолдады

Наурызбай қажы Тағанұлы - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.01.2022
Жазылу
ҚМДБ төрағасы азаматтарды елдің амандығы мен тыныштығын ойлауға шақырды
НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елдегі жаппай митингіге байланысты мәлімдеме жасады.
Бас мүфти қазақстандықтарды сабырға, бірлікке шақырды.
Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әрқашан халықпен бірге екенін атап өтті.
"Алла Тағала ауызбіршілігімізді нығайтып, халқымыздың арман-тілегін орындап, елдің амандығын, бірлігін нәсіп етсін! Біз әрқашан еліміздің амандығы мен келешегі үшін барынша аянбай халқымызбен, жамағатымызбен бірге қызмет етіп келеміз. Алла осы қызметімізге береке берсін!
Әр қазақтың амандығы мен саулығы барлығымызға өте қымбат! Сондықтан елдің амандығы мен тыныштығын ойлайық!", - деді бас мүфти.

Қазақстандағы жаппай наразылық 

2 қаңтар күні Маңғыстау облысының тұрғындары бас көтерді. Тұрғындардың наразылығына сұйытылған мұнай газының екі есеге – 60 теңгеден 120 теңгеге дейін қымбаттауы себеп болған. Митингке шыққандар бағаны 50 теңгеге дейін түсіруді талап етті. Өңірдегі жағдай ушығып, шұғыл түрде үкіметтік комиссия құрылды. Үкіметтік комиссия белсенділермен келіссөз жүргізіп, халықтың талабы орындалатынын мәлімдеді.
Кейін Маңғыстау облысында басталған наразылық елдің өзге өңірлерінде жалғасты. Ақтөбе әкімдігі де наразылық білдіргендердің екі талабын орындауға мәжбүр болды: митинг барысында қамауға алынғандар босатылып, сұйылтылған газ бағасы 50 теңгеге дейін төмендеді.
4 қаңтар кешке жағдай шиеленісіп, Алматыдағы наразылықтың соңы тәртіпсіздікке ұласты. Көшеге шыққандар полиция көлігін қиратты. Жағдай ушыққан соң қаладағы тәртіп сақшылары көзден жас ағызатын газ қолданды. Наразылыққа шыққандар қаладағы үлкен көшелермен жүріп, қала әкімдігі ғимаратына дейін барды. Ол жерде арнайы жасақ қызметкерлері қоршауға алған.
5 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай енгізді.
Оқи отырыңыз: Министрлік ішкі істер органдарының 95 қызметкері жарақат алғанын мәлімдеді
Сондай-ақ мемлекет басшысының жарлығымен үкімет отставкаға кетті.
Премьер-министр міндетін уақытша атқару Әлихан Смайыловқа жүктелді.
Үкімет мүшелері үкіметтің жаңа құрамы бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.
Жаңалықтар
0