Оқиға

Маңғыстаудағы митингілер: әкімдік тұрғындарға үндеу жасады

© Sputnik / Табылды КадырбековАрхивное фото мужчины с рупором в руках
Архивное фото мужчины с рупором в руках - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.01.2022
Жазылу
Маңғыстау облысының Ақтау және Жаңаөзен қалаларында газ бағасының көтерілуіне қарсы наразылық акциялары жалғасып жатыр
АЛМАТЫ, 3 қаңтар — Sputnik. Маңғыстау облысының әкімдігі сұйытылған газ бағасының күрт өсуіне байланысты митингілерге қатысты түсініктеме берді. Тұрғындар әрекеті заңсыз екенін және мәселені ақылмен шешу керектігін ескертті.
Облыс әкімдігінің ақпараты бойынша, Ақтау және Жаңаөзен қалаларында акциялар болды. Көлік иелері сұйытылған газ бағасының өсуімен келіспейтінін жеткізді.
Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жиналғандарға газ бағасы нарықпен, яғни сұраныс және ұсыныспен реттелетінін түсіндірді.
"Ақтау және Жаңаөзен қалаларындағы жиналғандармен кездесу барысында жергілікті атқарушы органдардың өкілдері азаматтарды құқықтық мәселелерді диалог арқылы шешуге шақырды", - делінген әкімдік хабарламасында.
Құқық қорғау органдарының өкілдері өз кезегінде "бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру туралы" ҚР Заңы бойынша олардың әрекеті заңсыз екенін түсіндірді. Жиналғандарды қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырды, өйткені оны бұзу халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.

Жаңаөзендегі жағдай

2 қаңтарда Жаңаөзен тұрғындары көшеге шығып, билікке бейнеүндеу жолдады. Олар өңірде газ бағасы 120 теңгеге дейін қымбаттағанын мәлімдеді. Осыған байланысты жаңаөзендіктер ең төменгі жалақы мөлшеріне сәйкес бағаны 60 теңгеге дейін төмендетуді талап етті.
Энергетика министрлігі газдың неге қымбаттағанын түсіндірді. Ведомство мәліметінше, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап сұйылтылған мұнай газының (СМГ) саудасы тауар биржаларына 100% көшірілген. Бұл нарықтың барлық қатысушысы үшін тең жағдай тудырады және сұйылтылған мұнай газының қажетті көлемін өндірушілерден тікелей сатып алуға мүмкіндік береді.
20-24 желтоқсан аралығында электронды сауда алаңында бес сауда сессиясы өтіп, сұраныс пен ұсыныс негізінде сұйылтылған мұнай газының бағасы қалыптасты. Осылайша Маңғыстау облысына сұйылтылған газ жеткізудің қаңтардағы орташа көтерме бағасы 133 126 теңге/тонна немесе 78 теңге/литр құрады.
Бұл ретте Ақтау, Жаңаөзен қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау облысында бөлшек сауда бағасы 100-120 теңге/литр болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысындағы жағдайға қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысы Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырды. Тоқаев шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ президент азаматтардың жергілікті және орталық билік органдарына талабын ашық айтуға құқығы бар екендігін айтты.
Премьер-министр Асқар Маминнің өкімімен Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарастыру үшін үкіметтік комиссия құрылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет сұйытылған мұнай газының бағасын реттеу бойынша шаралар топтамасын іске асырады.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі автокөлікке жанар-жағармай құю стансалары иелеріне қатысты бағалық сөз байласу бойынша тергеу бастады.
Жаңалықтар
0