Әлем

Терезеден лақтыру және зиратқа бару дәстүрі: жаңа жылды ерекше қарсы алатын елдер

© REUTERS / Flavio Lo ScalzoРождественская елка, украшенная кристаллами Сваровски, в торговом центре в Милане, Италия
Рождественская елка, украшенная кристаллами Сваровски, в торговом центре в Милане, Италия - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.12.2021
Жазылу
Әлемде түрлі қызық бар. Бұл мерекелерге де қатысты, себебі бір елдің халқы жаңа жылды отбасы ортасында қарсы алса, бірі зиратқа баруға міндетті. Ал климатқа байланысты жаңа жылды жазда қарсы алатын елдер де жетерлік
АЛМАТЫ, 31 желтоқсан – Sputnik. Бірінші қаңтарда күнтізбе бойынша жаңа жыл енеді, бұл айтулы күнге әлем бойынша әр отбасы дайындалады. Дастархан жайып, дәстүрлі түрде түрлі ас әзірлейді. Мәселен, Қазақстанда мерекеде әр дастарханнан оливье салаты мен мандарин көруге болады. Алайда халық арасында ыдыс сындыру, ескі жиһаздан арылу секілді нақты дәстүр жоқ. Дей тұрғанмен, әлем бойынша мұндай қызық дәстүр жетерлік. Sputnik Қазақстан әлем бойынша жаңа жылды ерекше қарсы алатын елдердің бір парасына шолу жасады.

Мұзды материктегі жаңа жыл

Ең ерешке жаңа жыл Антарктидада өтеді деуге болады. Себебі мүнда жыл он екі ай қар жатады, алайда ол жерде тұратын адам саусақпен санарлық. Оның өзі полярлық зерттеушілер. Қазір Антарктидада әртүрлі елге тиесілі елуге жуық полярлық станция бар. Мұнда адамдар жыл бойы тұрады. Өз еліндегі салт-дәстүрге қарамастан мұнда адамдар жаңа жылды бірдей қарсы алады. Себебі мұз басқан аймақта серуендеуге болатын жер жоқ.
Зерттеушілер мұнда жаңа жылдық көңіл-күйді сезіне алмайды, себебі ол жерде түрлі ойын-сауық концертін көретін теледидар да, түрлі дәмді тағам да, жаңа жылдық шырша да болмайды. Сонымен қатар жылдың осы мезгілінде Антарктидада полярлық күн өте ұзақ уақытқа созылады және күн батпайды.
Дей тұрғанмен, мұндағы адамдар бір стақан шампан іше алады, алайда әсері одан күшті алкоголь сусындарына тыйым салынған. Бірі ән салып, бірі билеуі мүмкін, ішінде суға түсуден қорықпайтыны да кездесер, себебі судың температурасы шамамен +3 градус болады, өйткені желтоқсан мен қаңтарда Антарктидада жаз. 

Қар емес, құм жатады

Австралияда жаңа жылдың басталуы 1 қаңтарда тойланады. Жергілікті климат бойынша бұл мереке жазға тура келіп тұр. Мұнда ауаның орташа температурасы 25-30 градус ыстықты көрсетеді, жаңбыр болмайды.
Мұнда тұрғындар жаңа жылды айнала аппақ қарға оранған шақта қарсы алмайды, көп жағдайда ашық аспан астында, судың жағасында қарсы алады. Құм қардың орнын басады, сноуборд орнына серфинг тақтасы бар.
Австралияда Жаңа жыл мемлекеттік мереке саналады, алайда тұрғындарға демалуға бір күн ғана беріледі. Яғни, ел тұрғындары бірінші қаңтарда демалып, екінші қаңтарда жұмыс істейді.
Австралия климатында шырша өспейді, сондықтан жергілікті тұрғындар оларды өсімдік метросидеросымен алмастырады. Бұл – кішкентай жасыл жапырақтары мен гүлдері бар австралиялық мәңгі жасыл ағаш. Мереке қарсаңында оның гүлдері қанық қызыл түске боялып, жаңа жылдық шыршаға ұқсап кетеді. Жергілікті тұрғындар осы ағаштың астына жаңа жылдық сыйлықтарын қалдырады.

Африка елдері қалай қарсы алады

Африка елдерінің кейбірі жаңа жылды 1 қаңтарға қараған түні атап өте бастады. Алайда кей жерде 1 қыркүйекті жылдың басы деп қабылдайтын елдер де бар.
Мұнда шыршалар өспейтінін ескерсек, африкалықтар жаңа жылдық ағаш ретінде пальманы немесе аршаны безендіреді. Бұл екі ағаш өмір символы саналады. Дәстүр бойынша олардағы әшекей неғұрлым көп болса, жыл соғұрлым сәтті өтеді.
Сондай-ақ африкалықтар жаңа жыл түні суға түсуге тырысады. Егер жақын жерде су айдыны жоқ болса, ең аз дегенде қолын суға батырады. Бұл рәсім бұрынғы күнәлардан тазарып, осылайша жаңа жылдың жаңа парақтары ашылады деген ұғымнан туған.

Ескі заттарды терезеден лақтырады

Көптеген елде жаңа жылды тойлау бір-бірінен қатты ерекшеленбейді. Тек жаңа жылдың басты кейіпкерінің атауы ғана өзгеше болады. Мысалы, Қазақстанда – Аяз ата, Украинада – Әулие Николай, Беларусьта – Зюзя, Грузияда – Товлис Бабуа, Өзбекстанда – Корбобо, Молдовада – Мош Крэчун. Адамдар осы аталған кейіпкерлерден сыйлық күтеді.
Италиялықтардың Аяз атасы – Боббо Нателе деп аталады. Италиялықтарда жаңа жыл басталарда ескі және қолданылмайтын заттардан арылу қажет деген ұғым бар. Сондықтан олар жаңа жыл қарсаңында ескі заттарды терезеден лақтырады. Италиялықтардың өзі бұл салтты жақсы көреді: терезеден ескі үтік, киімдерін, тіпті үстелді лақтырады. Олардың түсінігінде ескі заттың орнына міндетті түрде жаңа зат келеді.
Сондай-ақ италиялықтар үшін жаңа жылда бірінші кімді кездестіріп қалатыны аса маңызды. Егер бірінші қаңтарда ең алдымен дін қызметкерін кездестірсе, мұны жамандыққа жориды. Егер бірінші болып алдынан бала немесе егде жастағы ер адам шықса, жақсылықтың нышаны.
астрология, гороскоп - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.12.2021
Қоғам
Жаңа жыл қарсаңында қандай зодиак белгілері табысқа кенеледі
Венгрлер үшін де жаңа жылда үйге келетін бірінші адамның кім екені аса маңызды. Халық арасында кең тараған сенім бойынша, бірінші болып үйге әйел келсе, бақытсыздық әкеледі. Сондықтан олар қонаққа барар алдында міндетті түрде түрлі сылтау айтып, ер баланы жібереді. Содан кейін ғана үйге келетін әйел олар үшін қорқыныш тудырмайды.
Сондай-ақ венгрлер жаңа жылда байлыққа кенелу үшін таңертең жуынған кезде сабынның орнына қолын тиынмен сүртеді.
Ал ағылшындар дәстүрінің бірі – жаңа жылдық құттықтау хатын беру. Ең алғашқы жаңа жылдық құттықтау қағазы 1843 жылы Лондонда басылды. Содан бері бұл әдетке айналған.
Мұнда жаңа жылдың келгені қоңырау соғылып хабарланады. Ол сағат он екі болмай тұрып ақырын соғылады, сағат тұп-тура 12 болған кезде қоңырау дауысы мереке құрметіне қатты естіледі.
Британ аралдарында "жаңа жылды қабылдау" дәстүрі кең таралған. Сағат 12 болғанда ескі жылды шығарып салу үшін үйдің артқы есігін ашады, сағат тіліне қарап, жаңа жыл кірген кезде үйдің алдыңғы есігін ашады.
Осыған ұқсас дәстүр Шотландияда да бар. Сағат он екі болатын кезде отбасы от жағып, сағат тілі он екіні көрсеткенін күтеді. Сағат 12 болуға жақындағанда үйдің иесі тұрып, есікті ашады. Соңғы секундтарды шығарып салғанша оны ұстап тұрады. Осылайша ол ескі жылды шығарып салып, жаңа жылды қарсы алады.
Француз Аяз атасы Пер Ноэль деген атпен танымал, ол жаңа жыл қарсаңында келіп, балалардың аяқ киіміне сыйлықтар қалдырады. Француздар жаңа жылда бір-біріне кез келген затты сыйлай береді, алайда кей ережеге бағынады. Мысалы әйелге тек күйеуі ғана әтір сыйлай алады, мұндай сыйлықты басқа ер адамның беруі ерсі саналады.
Шведтердің жаңа жылы үй иесінің қоқысты шығаруға шығып, швед Аяз атасы Томтен образында үйге кіруінен басталады. Сағат он екі болған кезде шведтер үй ішінде бір-бірін құттықтап, Томтен сыйлықтар тарата бастайды. Шведтер үшін дәстүрлі сыйлық – қолдан жасалған шамдар.
Швецияда жаңа жыл жарқын мереке саналады. Сондықтан мереке алдында балалар Жарық патшайымы Лючияны таңдайды. Ол ақ көйлек киіп, басына шам жағылған тәж киеді. Мереке түні үйлерде жарық сөнбейді, көшелер жарқырап тұрады.

Ақ көгершін ілу дәстүрі

АҚШ-та жаңа жыл қарсаңында өткен жылдың қалай өткенін талдап, жаңа жылға мақсаттар қою әдеті қалыптасқан. Америкалықтар тіпті өздеріне арнап жаңа жылға тапсырма береді, оны жыл бойы орындап, соңында қорытындылайды.
Дәстүр бойынша, шыршаға олар тазалықтың, мейірімділіктің және жарқын болашақтың символы саналатын ақ көгершін фигураларын іледі. Олар сыйлықтың ішіндегі заттан бұрын, оның қалай оралғанына көбірек көңіл бөледі. Бұл нағыз жаңа жылдық дәстүрге айналған, сондықтан жаңа жылға қарай көптеген түрлі қораптар дайындалады. Оны әдемі лентамен байлап, сәндеп қояды.
Солтүстік Америкада әлі күнге дейін жаңа жылды тойлаудың өзіндік әдет-ғұрыптары сақталған үнді тайпалары бар. Мысалы, Навахо үнділері жаңа жылды үлкен оттың жанында орман жиегінде қарсы алу дәстүрін сақтап қалды. Олар беттерін ақ бояумен бояп, ақ киім киіп, оттың жанында билейді. Олардың қолында ақ қауырсын байланған шар болады. Билеп жүргендер шарды жағу үшін отқа жақындайды. Содан кейін үндістер тайпаның ең мықты он алты ер адамына жол ашады. Олар барабан соққылары астында биік бағанға ашық қызыл шарды алып, оны арқанмен жоғарыға көтереді. Осылай жаңа күннің тууын тойлайды.

Жаңа жыл түнінде зиратқа барады

Оңтүстік Америка елдерінде жаңа жыл мерекесіне отбасының барлық өкілі қатысуы әдетке айналған. Соның ішінде отбасының үлкендеріне ерекше назар аударылады.
Бұл аймақта қыстың жылы және қарсыз өтетінін ескерсек, жаңа жылдың алғашқы күнінде олар өзен мен көлде, қоғамдық бассейнде шомылуды әдетке айналдырған.
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.10.2021
Дерекқор
Барыс жылы: 2022 жыл қандай болады
Ал аргентиналықтардың жаңа жылдық мерекесі италиялықтардың әдетіне ұқсайды. Бұл елдің тұрғындары да жаңа жылда ескі және қолданылмайтын заттарды көшеге лақтырады. Ал қандай да бір мекеме қызметкерлері жылдың соңғы күнінде ескі құжат, шот секілді қағаздарды лақтырады. Бұл ескі жылмен қоштасудың бір түрі саналады. Осылайша ірі бизнес орталықтардың маңы, көшелер мен жаяу жүргіншілер жолы қағазға толады.
Жаңа жыл қарсаңында Чили тұрғындары да жағалауға барады. Чилиде жаңа жыл мерекесінде ұрысуға, ренжісуге болмайды, сол себепті барлығы мүмкіндігінше мейірімді болуға тырысады. Тіпті бейтаныс адамның өзіне мейіріммен қарайды. Олар көшеде бейтаныс адамды да жаңа жылмен құттықтайды. Осылайша мерекеде қуаныш сыйлайды.
Чили халқы көп ұлтты болғандықтан, жаңа жылдық дәстүрлер де әртүрлі. Мысалы, Пасха аралында ерекше дәстүр бар – адамдар мұнда "жаңа жылдық" қарлығаш жұмыртқасын іздейді. Оны бірінші болып тапқан адам бір жыл бойы осы аймақта құрметті адам деп жарияланады. Бұл артықшылық саналып, барлық жергілікті тұрғын оны қонаққа шақыруы керек. Мұндай қонақ үй есіне сәттілік әкеледі.
Ең ерекше жаңа жыл Чилидің кішкентай Талька қаласында өтеді. 1995 жылдан бастап мұнда жаңа жылды қалалық зиратта қарсы алу әдеті қалыптасқан. Сағат 23:00-ден кейін Талька тұрғындары елді мекеннің әкімімен бірге зиратқа салтанатты түрде барады. Олар туыстарының мазарына барады, ал сол жерде оркестр баяу ғана классикалық музыканы ойнап тұрады.
Бразилиялықтардың да жаңа жылды қарсы алу дәстүрі ерекше. Жаңа жыл қарсаңында бұл елдің мұхит жағажайында мыңдаған шам жағылады. Шам құмның үстіне қойылады, осы кезде ақ көйлек киген қыздар суға түсіп, гүл жапырақтарын мұхитқа лақтырады.
Бразилиялықтар жаңа жыл кешінде ақ киім киеді, бұл аңыз бойынша сәттілік әкелетін түс саналады. Саған он екі болғаннан кейін барлығы мұхитқа қарай жүгіріп, толқын арасында секіреді. Жеті толқынды секіріп өтіп, тілек тілеуі қажет.
Жаңалықтар
0