Өңірлер

Балабақшада таяқ жеген баланың әкесі: көзге жас алмай айта алмайсың

© pixabay.comРуки мужчины на стекле, иллюстративное фото
Руки мужчины на стекле, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.12.2021
Жазылу
Қатарластарынан таяқ жеген төрт жастағы Абылайдың әкесі баласына психологтың көмегі қажет екенін жеткізді
НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан – Sputnik. Алматыда балабақшада қатарластарынан таяқ жеген баланың әкесі барлық мән-жайды айтып берді. Баласын сабап жатқанын көріп жыларман болған жігіт ағасы бір топ баланы тәрбиеші "арандатқан" деп топшылайды.
Амангелді Әскенов балабақшада қатарластарынан оңбай таяқ жеген баланың әкесі. Ол тұңғышы көкала қойдай болып үйге келгенде бірден мектепке дейінгі мекемеге барып, бейнебақылау камерасын көтерткен, деп хабарлады КТК.
Ең сорақысы, балалардың бірі қалмай ұлын қуып жүріп ұрғанын балабақша ұжымы біле тұра, ешкімге тіс жармауға тырысты дейді жігіт ағасы.
"Ол шок. Көзге жас алмай айта алмайсың. Көрген адамның өзі жылайды. Айтатын адам осындай оқиға болды деп сол күні айтатын еді. Тәрбиеші келе сала бізге хабарласатын еді. Ол телефонын шұқылап отыра берді. Апайдың өзі балаларды үйіне жіберіп жатқанмын дейді. Оның бәрі өтірік. Негізінде ол жиналыста отырған адам. Балаларды тастап кеткен", - дейді Амангелді Әскенов.
Амангелді кішкентай балаларды ондай қатігездікке ешқандай ата-ана үйретпейтініне сенімді. Сондықтан ол ұл-қыздарды тәрбиеші "арандатқан" деп топшылайды. Бұл болжамды жабылып кеткен топтағы бүлдіршіндер де растапты.
"Бір-екеуінен сұрадық. Ұрыспай-ақ. Мұғалімдер сол жерде болды. Қандай себеп болды деп сұрадық. "Бізге Абылай тұрса, ұрыңдар деп апай айтты" деп отыр. Кішкентай бала бәрін сіңіріп алады, айтқанды істейді. Бала дұрыс тәрбие көрмеді дегеннің өзінде, барлығы жабылып, ойлары бір жерден шыға қоймас. Мен балаларды кінәлай алмаймын. Себебі баладан мен ондай күтпеймін. Ата-анадан да күтпеймін. "Барып жабылып ұрыңдар" деп ешқандай ата-ана айтпайды деп ойлаймын", - дейді Амангелді Әскенов.
Оқи отырыңыз: Алматыда желіде тараған видеодан кейін балабақша қызметкерлері жұмыстан босатылды 
Күні кеше әлеуметтік желіге таралып кеткен видеодан жалғыз баланы ұлы да, қызы да жабылып аяусыз төпелеп жүргенін байқауға болады. Соққылардан бала арлы-берлі қашып, бір кезде жерге құлайды. Соның өзінде бірі басынан, екіншісі ішінен теуіп жатыр. Бұл бөлмеде не тәрбиеші, не бала күтуші көрінбейді. Осы жайттан зардап шеккен төрт жастағы Абылай қазір психологтың көмегіне зәру дейді жыларман болған әкесі.
"Бала шошынып қалған. Қорқады. Балабақшаға барғысы келмейді. Психологтармен жұмыс істеу керек енді. Психологты олар беру керек. Олардың міндеті деп санаймын. Себебі білім басқармасының кесірінен бала сондайға ұшырап отыр. Жауапты адам болу керек. Басымыздан осындай жағдай өтеді деп үш ұйықтасам түсіме кірмеген", - деп атап өтті Амангелді Әскенов.
Көпшіліктің талқысына түскен видеодан кейін білім басқармасы қызметтік тексеріс жүргізіп, №58 мемлекеттік балабақшаның меңгерушісі мен балаларды қараусыз қалдырып кеткен тәрбиешіні жұмыстан босатты. Сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің және Әуезов ауданының білім бөлімі басшысына тәртіптік жаза қолданылған. Бірақ "ұлымның жүйкесі зақымданды" деп шыр-пыр болған Амангелді Әскенов полицияға арыз жазған. Ол кінәлілер заң алдында жауап бермейінше, соңына дейін күресемін деп отыр.

 
Жаңалықтар
0