Қоғам

Вице-министр, судья, дәрігер: 2021 жылы ұсталған жемқорлар кім

Наручники - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.12.2021
Жазылу
Yandex newsTelegram
Қазақстанда сыбайлас жемқорлық тыйылмай тұр. Оны биылғы статистика да растап отыр. Ал жемқорлар ақша алудың неше түрлі тәсілін тауып жатады. Адамдар да өз мәселесін тезірек шешу үшін ақша беріп құтылуға тырысады
НҰР-СҰЛТАН, 31 желтоқсан – Sputnik. Биыл сыбайлас жемқорлық жасаған біраз басшы ұсталды. Тергеуге алынған бір шенеунік өз-өзіне қол салды. Ал Жоғарғы сотың бір судьясы пара алу үстінде қолға түсті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі осы мәселеге қатысты алаңдаушылық білдірген. Қызықты жағдайлар да болды. Маңғыстау облысында бір шенеунік қоластындағы қызметкерлерін "махаббатизм" жасауды үйретсе, Талғар қаласының тұрғыны өз әйелінің үстінен арыз түсірді. Sputnik Қазақстан 2021 жылы болған жемқорлық қылмыстарды еске алды.  

Вице-министр ұсталды

Ақпан айында бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековтың алаяқтық үшін ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Тергеу шаралары бірнеше айға созылды. Ал тамызда соттың үкімі шықты. Оған сәйкес, Мұсайбеков параның он еселенген мөлшерінде, яғни 62 миллион 394 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Тергеу материалдарына сәйкес, бұрынғы вице-министр заңды тұлғаның құрылтайшыларынан букмекерлік қызмет саласында қамқорлық жасағаны үшін пара алған.

Біртановтың ісі

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ісі бойынша соттың соңғы шешім шыққан жоқ. Оны үйқамақта ұстау мерзімі қайта-қайта ұзартылып келеді.
Бастапқыда Біртановқа мемлекет ақшасын жымқырды деген айып тағылды, алайда сотқа дейінгі тергеу аяқталғанға дейін бес күн бұрын айып "лауазымдық өкілетін теріс пайдалану" бабына ауыстырылды.
Ал "СК-Фармация" ЖШС экс-басшысы Берік Шәріпке қатысты соттың бірнеше шешімі шыққан. Тамыз айында оған қаруды заңсыз сақтағаны үшін ғана айыппұл салып, қамаудан босатты. Алайда аппеляция бірінші истанцияның шешімін жойып, Шәріпті кінәлі деп таныды. Оны 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. 

Жоғарғы сот судьясы ұсталды

Ақпан айында Жоғарғы сот судьясы Мейрам Жангуттинов ірі көлемде пара алу үстінде ұсталды. Ол жоғары сот кеңесінде жұмыс істегенде Түркістан облысы аудандық сотының судьясын бір соттан екінші сотқа ауыстырғаны үшін ақша талап еткен. Оған пара берген судья да қамауға алынды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы іске қатысты өз алаңдаушылығын білдірді.
Соңғы 5 жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық фактісі үшін фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылды. Түркістан облысында сотталған алқа төрағасы мен облыстық соттың судьясына қатысты жемқорлық деректері де қоғамда үлкен шу туғырды.

Әйелінің үстінен арыз түсірген

Көктемнің басында қызық жағдай болды.  Талғар қаласының тұрғыны Тимур Балықшин әйелінің үстінен жемқорлыққа қарсы қызметке арыз түсірді. Оның айтуынша, төрт жыл бұрын келіншегі декретке шыққан. Бірақ зейнетақы жарналары аударылып тұрды. Сөйтсе, әйелі мектеп директорымен сөз байласып, өзін жұмыс істегендей етіп көрсетуге келіскен. Жалақы аударылды. Бірақ әйелі банк картасын директор мен бухгалтерге бере салған.
Тимур тәртіпті азамат ретінде заңбұзушылықты жасыра алмапты. Бірнеше мемлекеттік органға арыз жазған. Соның ішінде жемқорыққа қарсы қызмет те бар.

Заңды бұзған дәрігерлер

Биыл медицина қызметкерлеріне арналған үстемеақы мен өтемақыны заңсыз иемденген біраз басшы анықталды. Мәселен, Алматы облысында әскери соттың үкімімен Талдықорған госпиталінің башысы Қолбаевқа 11 миллион теңгенің айыппұлы салынды. Ол бас медбике Әзімханованың көмегімен Қасанғалиев деген қызметкерге түскен үстемақының жартысын – 1 миллион теңгені пара ретінде алған. Сол үшін еңбек шартын ұзартуға уәде беріпті.
Оқи отырыңыз: "Желтоқсанда бұйрық шығады": министр дәрігерлерге төленетін үстемеақы жайлы айтты
Ал Жамбыл облысында аудандық аурухананың бас дәрігері пандемияға қарсы күреске қатысқаны үшін үстемеақы алған қызметкерлерден 2,7 миллион теңге жинап алған. Шымкентте бірқатар медицина мекемесінің басшысы тергеуге алынды. Олар 50 миллион теңгенің үстемақысын заңсыз таратқан. Қызылорда облысындағы аудандық аурухана басшылығы да тура сондай күдікке ілінген.
Талдықорған қалалық кәсіпкерлік бөлімінің лауазымды тұлғалары болса кейбір нысандарға карантинді сақтамауға рұқсат берген. Сол үшін заңсыз сыйақы алып жүрген. Атап айтқанда, бөлім басшысы қарамағындағы бас маманмен алдын ала келісіп, қала рестораторлары мен көтерме сауда өкілдерінен 20 мыңнан 270 мың теңгеге дейін ақша жинаған.

Вакциналау паспортын сататындар азаймай отыр

Қазақстанда жаппай вакциналау басталғалы бері екпе салдырғаны туралы жалған құжат жасайтындар көбейді. Шілде айында үш бірдей өңірде медицина қызметкерлері ұсталды. Олар вакциналау паспорттарын сатқан. Ал артық қалған екпені төгіп отырған. Ондай фактілер барлық дерлік аймақта тіркелді.
Әр өңірде жалған паспорт әртүрлі бағаға сатылды. Мәселен, Атырау қаласының емханасында вакцинаның әр дозасын базаға енгізгені үшін 50 000 теңгеден алған. Осылайша, бір вакциналау паспортын рәсімдеуге 100 мың талап етті. Ал Павлодарда төрт медицина қызметкері 200-ден астам адамға жалған құжат жасап берген.
Қазақстанда жалған құжат жасағаны үшін төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал оны қолданғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

Полковник сотталды

Мамыр айында қорғаныс министрлігіне қарасты қару-жарақ және материалдық-техникалық қамтамасыз ету қызметінің экс-басшысы, полковник Асылбек Сатыбалдинов ұсталды. Ол "қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды, сыйақы беру кезінде бюджет қаражатын жымқырды және әскери қызметшілерден ақшалай жәрдемақыны заңсыз өндіріп алды" деген күдікке ілінді.
Заңсыз сыйақының жалпы сомасы 10 миллион теңгеден асты. Сатыбалдиновтің жұмыс орны мен үйінде тінту жүргізілді. Сонымен қатар, қаржы қызметінің бастығы подполковник Жарболов та қылмыс жасады деген күдікке ілінген.

Шенеунік өз қызметкерлерін "махаббатизмге" үйреткен

Маусым айында әлеуметтік желіде Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданды кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы болған Бақтияр Қуанышбековтың видеосы тарады. Үстел басында отырған шенеунік таныс-тамырластарға қандай сыйлық беру керектегін айтады. Осылайша, "махаббатизм" басталады екен.
Қуанышбеков мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін бұзғаны үшін қызметінен босатылды. Экс-бастық берген "ақыл-кеңестері" үшін кешірім де сұрады.   

Істі болған адамды жұмысқа алды

Қарашаның басында Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының экс-басшысы Шәкәрім Сейсенбай әкімшілік жазаға тартылды. Сот материалдарына сәйкес, ол бұрын жеқморлық үшін сотталған адамды балабақша меңгерушісі қызметіне тағайындаған. Ал Еңбек кодексі бойынша бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағандарды квазимемлекеттік сектор субъектілеріне басшылыққа қоюға болмайды. 2020 жылдан бері осы шектеу квазимемлекеттік сектордың қатардағы қызметкерлеріне де қатысты.
Білім басқармасының бұрынғы басшысы болса, Facebook парақшасында жұмыстан кеткенін хабарлап, қала басшысы Алтай Көлгіновке өз ризашылығын білдірді. Осылайша, Сейсенбай білім басқармасын сегіз айдай басқарып, креслосын босатты.
Айта кетері, ондай істер Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 681-бабы (Бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдау) бойынша қаралады. Оған сәйкес, мекеме басшысына 100 АЕК (291 700 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Президент тапсырмасынан кейін арнайы операция өтті

Моноқалаларды дамыту жөніндегі кеңесте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген қаржы мәселесін көтерді. Ресми мәліметке сәйкес, соңғы 5 жылда 2 триллион теңгенің субсидиясы бөлінген. Алайда нақты нәтижесі байқалмайды. Президенттің айтуынша, "бюджет қаражаты жан-жаққа шашылады, олардың жұмсалуына бірыңғай бақылау жоқ".
Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік пен прокуратураға тапсырма бергеннен кейін субсидияны жымқыру бойынша арнайы операция ұйымдастырылды. Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Түркістан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола және Ақтөбе, Атырау, Жамбыл облыстарында тінту жүргізіліп, 30-ға жуық адам ұсталды.
Оқи отырыңыз: Экс-директор өз компаниясынан 450 млн теңге ұрлап, құмар ойынға тіккен
Соңғы ақпаратқа сәйкес, субсидияға қатысты 62 қылмыстық іс тергеліп жатыр. 16 адам қамауда отыр. Басқа да күдіктілер бар. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты ұлттық аграрлық ғылыми орталығының қызметкерлері де тергеуге алынды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановтың айтуынша, бір ғана бағдарлама бойынша 80 миллиард теңге бөлініп, соның 40 миллиард теңгеден астамы тиімсіз игерілген. Осылайша, сан алуан қитұрқы схемалар мен актілер арқылы 40 миллиард теңгеден астам қаржы ұрланды. Бүгінде республиканың барлық дерлік өңірінде ауыл шаруашылығындағы субсидияларды жымқыруға қатысты қылмыстық істер қозғалған.

Шенеуніктер қылмыстық топты басқарған

Биыл көлік комитетінде бір топ басшы ұсталды. Олар ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, республика бойынша көліктерді техникалық тексерудің жалған диагностикалық карталарын жасап келген. Лауазымды тұлағалар алдымен 28 жалған фирма ашқан. Артынан сол арқылы жалған диагностикалық карталар жасапты.
Әрбір фирма мекенжайы бойынша тексерілді. Ол жерде техникалық тексеру орталықтары болмаған. Арнайы мамандар мен қажетті құрал-жабдықтар да жоқ болып шықты. Ұйымдасқан қылмыстық топ 2017 жылдан бері 260 мыңнан астам жалған диагностикалық карта жасап берген. Әрбір құжат үшін 2 мың теңге алды.

Оқытушылар жауапқа тартылады

Бүгінде жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлық тыйылмай тұр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановтың айтуынша, параның басым бөлігі сессияны жабу үшін беріледі. Университетке түсу үшін заңсыз ақша алу фактілері де бар. ЖОО қызметкерлері параны өздері немесе делдалдар арқылы алады.
Ал заңсыз сыйақының көлемі 5 мыңнан басталып, 200 мың теңгеге дейін барады. Сауалнамаға қатысқандардың 28 проценті "басқа амал жоқ" десе, әрбір бесінші адам "бұл мәселені шешу ыңғайлы әрі оңай жолы" деп отыр.
Қазіргі кезде агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Сол құжат аясында мемлекеттік емес ұйым қызметкерінің заңсыз сыйлық алғаны үшін жауапкершілікті көздейтін қылмыстық кодекстің 247-бабы ("Заңсыз сыйақы алу") бойынша санкцияларды күшейту ұсынылды. Бұл тізімге жоғары оқу орындарының оқытушылары да кіреді.
Жаңалықтар
0