Өңірлер

Арнайы комиссия барлық балабақшаны тексереді

© Sputnik / Табылды КадырбековДетское насилие
Детское насилие - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.12.2021
Жазылу
Балабақшалар әкімдіктердің қарамағында, заңбұзушылықтардың дені жекеменшік балабақшаларда тіркеліп отыр
АЛМАТЫ, 29 желтоқсан – Sputnik. Алматыда арнайы комиссия қаладағы балабақшалардың жұмысын тексереді. Бұл жұмыс еліміздің басқа өңірлерінде де жүргізіледі, деп хабарлады білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Комиссия құрамына білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілдері, сарапшылар, әдіскерлер мен қоғам белсенділері кіреді. Комиссия мүшелері мектепке дейінгі ұйымдардағы жағдай мен балабақша қызметкерлері жұмысының сапа стандарттарына сәйкестігін тексереді.
Білім және ғылым саласында сапаны қамтамсыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенованың айтуынша, балабақшалар 100% қауіпсіз болуы керек. Ол Алматыдағы екі мектепке дейінгі ұйымда болған оқиғаларға жол беруге болмайтынын айтты.
"Балабақшалар әкімдіктердің қарамағында, сонымен қатар заңбұзушылықтардың басым көпшілігі жекеменшік балабақшаларда тіркеледі. Бірақ меншік нысанына қарамастан, қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет. Өкініштісі, биыл қыркүйекке дейін мектепке дейінгі ұйымдардың сапасын мемлекеттік бақылау тетіктері мүлдем болған емес", - деді ол.
Көбенова балабақшалар басқа білім беру ұйымдарына қарағанда, лицензиялаудан босатылып, хабарлама арқылы ашылатынын айтты. Сонымен қатар бұрын мемлекеттік бақылау мен аттестаттаудан босатылған.
"Биыл ғана балабақшаларға мемлекеттік тексеру институтын заңды түрде енгізе алдық. Осыған байланысты көптеген наразылық болды. Бірақ балалардың мәселесіне келгенде бей-жай қарамау керек. Алғашқы нәтижелер мұндай тексерулер қажет екенін көрсетті", - деді Көбенова.
Желтоқсанның басында тексерілген балабақшалардың шамамен 80%-і білім беру қызметіне қойылатын талаптарға сәйкес келмейтіні анықталып, соған байланысты мемлекеттік аттестаттаудан өтпеген.
"Біз сондай-ақ мемлекеттік тапсырысты жеке меншік балабақшаларда орналастыруға, тәрбиешілердің біліктілігіне және қауіпсіздік мәселелеріне қойылатын талаптарды күшейтеміз. Мектептер мен балабақшаларда педагогикалық жұмысқа алғаш кірісетіндер біліктілігін тәуелсіз тексеру туралы талап енгізіледі", - деп толықтырды Көбенова.
Ол білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын ерекше бақылауға алу қажет екені бірнеше рет айтылғанын мәлімдеді.
"Әр топқа бейнекамералар берілуі керек. Балалармен жұмыс істейтін кадрларды іріктеу мәселесі де өте маңызды", – деп түйіндеді ол.

Алматы балабақшасындағы шу

Соңғы бірнеше күнде балабақша тәрбиеленушілеріне қатысты зорлық-зомбылық фактілері тіркеліп жатыр.
Алматылық тәрбиешінің өрескел әрекеттері видеокамераға түсіп қалғаннан кейін шу шықты. Ол жерде әйелдің балаларды итеріп, ұрып жатқаны анық көрінеді. Сол видео тарағаннан бір күн өткен соң әйел өзіне қол жұмсады. БАҚ ақпаратына сәйкес, ол көпбалалы ана болған.
Артынша желіде тағы бір видео тарады. Алматыдағы балабақшалардың бірінде бірнеше бала өзінен кіші баланы соққыға жығып жатыр. Қызметтік тексерістен кейін балабақшаның бірнеше қызметкері жұмыстан босатылды.
Жаңалықтар
0