Өңірлер

Алматы балабақшаларындағы шу: қала әкімдігі не дейді

© Sputnik / Владислав ВодневДетская игровая комната, архивное фото
Детская игровая комната, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.12.2021
Жазылу
Қаланың білім басқармасы оқу орындарында тұрақты түрде бақылау жүргізіп, білім беру ұйымдарындағы жайлылық пен қауіпсіздікті тексереді
АЛМАТЫ, 29 желтоқсан – Sputnik. Алматыда балабақшада балаларды ұрып-соғу оқиғасынан кейін қаланың білім беру мекемелерінде зорлық-зомбылықтың алдын алу және болдырмау мәселелері бойынша шұғыл кеңес өтті. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Жиынға аудан әкімдерінің орынбасарлары, қалалық басқарма және аудандық білім бөлімдерінің, балабақша, мектеп басшылары қатысты.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров білім басқармасының басшысына білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықтың алдын алу, анықтау және оған назар аудару бойынша ұйымдастырушылық-басқару шараларын әзірлеп, ақпараттық-ағартушылық жұмыс жүргізуді тапсырды.
Ол бұл шаралар мектеп пен балабақша басшылығы мен педагогикалық ұжымының ата-ана, балалар, жоғары тұрған органдармен және балалардың құқығын қорғау жөніндегі ұйымдармен, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастықта жүргізілуі қажет екенін айтты.
"Қаланың барлық білім беру мекемелерінің басшысы ұйымдардың орналасқан жері мен аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс. Сонымен қатар білім беру ұйымының әлеуметтік-психологиялық ахуалына талдау жасап, зорлық-зомбылыққа қатысты басшылық, педагогикалық ұжым, білім алушылар мен ата-ананың ортақ құжатын әзірлеу қажет", - деді Алматы әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, ол нормативтік құжаттарды, мінез-құлық ережелерін, лауазымдық нұсқаулықты, іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді және қабылдауды, зорлық-зомбылықтың алдын алуға, анықтауға жауаптыларды тағайындауды тапсырды.
"Білім беру ұйымдарының психологиялық қолдау қызметін реформалауға және зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге, құқықбұзушылар мен куәгерлерге көмек көрсету үшін іс-қимыл тетіктерін айқындауға ерекше назар аудару қажет", - деп толықтырды Ержан Бабақұмаров.
Оның айтуынша, білім басқармасы білім беру мекемелерінің жайлы болуын, инклюзивті және қауіпсіздік деңгейіне тұрақты түрде бақылау жүргізуге тиіс. Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқығын қорғау мәселесінде аудан әкімдері орынбасарларының, білім басқармасы қызметкерлерінің, аудандық білім бөлімдері басшыларының және білім беру ұйымдары басшыларының жауапкершілігін күшейту тапсырылды.

Алматы балабақшасындағы шу

Соңғы бірнеше күнде балабақша тәрбиеленушілеріне қатысты зорлық-зомбылық фактілері тіркеліп жатыр.
Алматылық тәрбиешінің өрескел әрекеттері видеокамераға түсіп қалғаннан кейін шу шықты. Ол жерде әйелдің балаларды итеріп, ұрып жатқаны анық көрінеді. Сол видео тарағаннан бір күн өткен соң әйел өзіне қол жұмсады. БАҚ ақпаратына сәйкес, ол көпбалалы ана болған.
Артынша желіде тағы бір видео тарады. Алматыдағы балабақшалардың бірінде бірнеше бала өзінен кіші баланы соққыға жығып жатыр. Қызметтік тексерістен кейін балабақшаның бірнеше қызметкері жұмыстан босатылды.
Жаңалықтар
0