Өңірлер

Алматыда желіде тараған видеодан кейін балабақша қызметкерлері жұмыстан босатылды

© Photo : Esi GrünhagenРебенок играет
Ребенок играет - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.12.2021
Жазылу
Алматының білім басқармасы балабақшада кішкентай баланы басқа тәрбиеленушілердің соққыға жыққан сәті түсірілген видеоға қатысты түсініктеме берді
АЛМАТЫ, 29 желтоқсан – Sputnik. Алматы балабақшаларының бірінде балалар өздерінен кіші баланы ұрып-соққан. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Соған байланысты қала әкімдігі жағдайды түсіндірді.
Оқиға 2021 жылдың 24 желтоқсанында Алматы қаласы Әуезов ауданында №58 балабақшада болған. Балалар 2017 жылы туған балаға күш көрсеткен. Соған қатысты қызметтік тексеру жүргізілді.
"Нәтижесінде тәртіп бұзушылыққа жол бергені үшін топ тәрбиешісі мен балабақша меңгерушісі қызметінен босатылды. Әуезов ауданының мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің басшысы мен білім бөлімінің басшысына бақылауды әлсіреткені үшін тәртіптік жаза қолданылды", - деді Алматы қаласы білім басқармасы.
Балабақша тәрбиеленушісіне ата-анасының келісімі негізінде психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр. Баланың жағдайы жақсы, деп нақтылады басқарма.

Бүлдіршінге қол көтерген тәрбиеші өзіне қол салды

Жуырда Алматыда балабақшада тәрбиешінің баланы ұрған сәтінен видео тарады. Желіде тараған видеода "Ерні жарылған. Оқтаумен ұрғаннан денелері көгеріп кеткен, құлақтары мен шашынан жұлған. Бұл өзі балабақша ма? (...) Балаларды сеніп тапсырған тәрбиеші оларды азаптап жатыр. Осыдан кейін өзге тәрбиешілерге, жалпы балабақшаға деген сенім жоғалады" деп жазылған.
Соған байланысты Алматы қаласы полиция департаментінде бұл факт Қылмыстық кодекстің 140-бабы ("Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау") 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне тіркелгенін хабарлады.
Артынша 28 желтоқсанда бүлдіршіндерге қол көтерді деген күдікке ілінген тәрбиеші өзіне қол жұмсап, көз жұмғаны белгілі болды.
Оқи отырыңыз: Алматыда бүлдіршіндерді ұрып-соққан тәрбиеші өзіне қол жұмсады
"Алматы қаласының полиция департаменті 1979 жылы туған әйелдің өзіне қол жұмсағанын растайды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", - деп хабарлады департамент.
Қазір Жетісу ауданы полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 105-бабы "Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Жаңалықтар
0