Қоғам

Қазақстандықтардың төлқұжаты қалай өзгереді – заң жобасы таныстырылды

© Sputnik / Владислав ВодневПаспорт гражданина Казахстана
Паспорт гражданина Казахстана - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.12.2021
Жазылу
Заң жобасында балаларға арналған төлқұжаттың мерзімін 5 жылға дейін қысқарту ұсынылып отыр. Себебі бүлдіршіндердің бет-әлпеті тез өзгереді
НҰР-СҰЛТАН, 28 желтоқсан – Sputnik. Мәжілісте көші-қон саласындағы заңнаманы жетілдіруге арналған заң жобасы таныстырылды. Соның аясында төлқұжатқа бірқатар өзгеріс енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат Ерлан Смайыловтың айтуынша, заң жобасында балаларға арналған төлқұжаттың мерзімін 5 жылға дейін қысқарту ұсынылып отыр. Себебі бүлдіршіндердің бет-әлпеті тез өзгереді.
"Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, сондай-ақ, балалардың сыртқы келбетінің жылдам өзгеруіне байланысты 12 жасқа дейін берілетін төлқұжаттың мерзімін 5 жылға дейін қысқарту ұсынылып отыр. Ал 12-16 жастағы балаларға арналған төлқұжаттың мерзімі 10 жыл болып қала береді", - деді Смайылов.
Оның айтуынша, екі-үш жылдың ішінде балалардың бет-әлпеті төлқұжаттағы фотоға ұқсамай қалады. Содан ата-анасына бір-екі сапардан кейін жаңа құжат рәсімдеуге тура келеді. Оған тағы ақша кетеді. Ал үйде екі-үш бала болса, біраз шығын шығады. Осыған байланысты заң жобасында кәмелет жасқа толмаған балаларға рәсімделген төлқұжат үшін мемлекеттік баж салығын екі есе қысқартуға ұсыныс енгізілді.
"Балалармен шетелге жиі шығатын адамдарға төлқұжатты жиі ауыстыру үшін біраз ақша шығару қажет. Сол себепті біз баланың төлқұжаты үшін төленетін мемлекеттік баж салығын 8 АЕК-тен (23 336 теңге) 4 АЕК-ке (11 668 теңге) дейін қысқартуды ұсынып отырмыз", - деп атап көрсетті Смайылов.
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстан азаматтары жыл сайын 600-700 мың төлқұжат рәсімдейді. 20 проценті – балалардың төлқұжаты. Бес жылдың ішінде 3 миллион жаңа төлқұжат берілді. Соның ішінде 610 мың киндер-төлқұжат бар.
Сондай-ақ, жаңа заң жобасында ересек адамдардың төлқұжатына қатысты бірқатар өзгеріс бар. Атап айтқанда, шетелге жиі шығатын қазақстандықтардың өтініші бойынша 48 беттік төлқұжатты рәсімдеу ұсынылып отыр. Сонда олар оны қайта-қайта ауыстыра бермейді. Бірақ ондай құжаттың бағасы 12 АЕК (35 004 теңге) болады. Бұрынғы 36 беттік төлқұжат та қала береді. Оның бағасы 8 АЕК (23 336 теңге) болып қалады.
Жаңалықтар
0