Қоғам

Мәжіліс депутаты қалай алаяқтардың құрбаны болғанын айтып берді

© Sputnik / Владислав ВодневТенге, деньги, купюры, иллюстративное фото
Тенге, деньги, купюры, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.12.2021
Жазылу
Агенттік алаяқтық төлем транзакцияларын жедел тоқтату мүмкіндігін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл бағытта Ұлттық банкпен бірлесіп жұмыс істеп жатыр
НҰР-СҰЛТАН, 28 желтоқсан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева соңғы кезде кредит алаяқтары көбейіп кеткеніне назар аударды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, ол соңғы екі айда алаяқтық фактілерінің куәсі болған. Депутатқа екі "банктің өкілдері" телефон соғып, кредиті бар екенін айтқан.
"Мен олардың алаяқ екенін бірден түсіндім. Олар 2 миллион теңге кредит алғанымды айтты, өте сенімді сөйледі. Бірақ менен ешқандай мәлімет сұрамады. Маған банкке барып, кредит алмағаным туралы ресми түрде өтініш жазуға тура келді", - деп бөлісті оқиғасын ол мәжілісте "Қазақстанның киберқалқаны" тұжырымдамасын іске асырудың өзекті мәселелері туралы кеңейтілген отырыста.
Әйткенмен, Дементьеваның айтуынша, депутаттардың атына кредиттік алаяқтардан зардап шеккен тұрғындардан арыз-шағым жиі түседі. Соның бірі Атырау облысында тұратын Әубәкірова есімді азамат. Ол алаяқтар мен банктің әрекетсіздігіне шағымданған.
"Алаяқтар банктің қосымшасы арқылы жәбірленушінің атынан 2,5 миллион теңге кредит алған. Әйел ақша әлі шотта жатқан кезде, яғни қолма-қол ақшаға айналмағанда банкке барып, шотын бұғаттауды сұраған. Бірақ банк қызметкерлері ештеңе істемеген. Осыған байланысты менің мынадай сұрағым бар: банк қызметкерлері алаяқтарға кедергі жасамау үшін әдейі шара қолданбауы мүмкін бе? Клиенттің өтініші бойынша неге шот автоматты түрде бұғатталмайды?", - деді депутат.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, алаяқтар әлеуметтік инженерия көмегімен жәбірленушінің жеке деректеріне қол жеткізген. Тиісті арыз құқыққорғау органдарына берілді, ақша аударылған банк те ақшаны алған адамдар жайлы қажетті материалдарды жолдайды, деді ол.
Бұл ретте Смоляков онлайн кредит беру саласында алаяқтық санын азайту жоспарына тоқталды.
"Біріншіден, клиент тек аударылған ақша жайлы ғана емес, оның аударылу мақсаты, ақша көздері жайлы да ақпарат алуға тиіс. Мысалы ол кредит болса, оны уақытында идентификациялап, тез арада жолын кесуге мүмкіндік болады. Сондай-ақ бізде нормативтік-құқықтық акті қабылданған. Егер бұл жалған мәміле болса, онда сыйақы есептеуді тоқтатып, шығынның аз болуын қамтамасыз ету процедурасы бар", - деді агенттік басшысының орынбасары.
Бұдан бөлек, ведомство алаяқтық төлем транзакцияларын жедел тоқтату мүмкіндігін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл бағытта агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.
Жаңалықтар
0