Қоғам

Белгілі қазақстандық ғалым қайтыс болды

© Photo : сайт КазНМУ им. С.Д. АсфендияроваУшла из жизни известный ученый, профессор Жанар Мустафина
Ушла из жизни известный ученый, профессор Жанар Мустафина - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.12.2021
Жазылу
Yandex newsTelegram
 Жанар Мұстафина – республикадан тыс жерлерге де танымал қазақстандық офтальмология мектебін құрушылардың бірі
АЛМАТЫ, 28 желтоқсан – Sputnik. Белгілі ғалым, еңбек сіңірген дәрігер-офтальмолог, жазушы Ғабиден Мұстафиннің қызы профессор Жанар Мұстафина 86 жасында өмірден өтті. Бұл  туралы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті хабарлады.
"Бүгін 86 жасында белгілі ғалым, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері, профессор Жанар Ғабиденқызы Мұстафина қайтыс болды. Университет ұжымы Жанар Ғабиденқызының туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Біз Жанар Ғабиденқызы Мұстафинаны ешқашан ұмытпаймыз!", - делінген университет сайтында жарияланған хабарламада.
Жанар Мұстафина өзін медицина мен ғылымға арнаған, медицина университетінде тәрбие жұмысын қалыптастыруға үлес қосқан. Кейінгі жылдары болашақ дәрігерлерді тәрбиелеумен айналысқан.
Жанар Мұстафина – республикадан тыс жерлерге де танымал қазақстандық офтальмология мектебін құрушылардың бірі. Отыз жылдан астам уақыт басшылық қызмет атқарды. 300-ден астам ғылыми мақаланың, оның ішінде алты монографияның, әдістемелік оқулықтардың, оқу құралдарының, сөздіктердің, Қазақстан мен Ресейдегі 50-ден астам өнертабыс пен патент авторы.
Мұстафинаның жетекшілігімен 20 кандидаттық және докторлық диссертация қорғалды. Көпжылдық ғылыми-зерттеу, педагогикалық, емдеу-алдын алу қызметі үшін ҚазКСР Жоғарғы кеңесі президиумының Құрмет грамоталарымен, "Құрмет белгісі" және "Парасат" ордендерімен марапатталған. "Ұлттық медицина ассоциациясы" республикалық қоғамдық бірлестігінің жоғары марапаты – "Алтын дәрігер","Ave Vitae" орденінің иегері.

Жанар Мұстафинаның өмірбаяны

Жанар Мұстафина 1936 жылы Новосибирск қаласында дүниеге келген. 1960 жылы Молотов атындағы Алматы медициналық институтын бітірген.
1960 жылдан бастап Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында кіші, кейін аға ғылыми қызметкер, директордың ғылым жөніндегі орынбасары лауазымдарында жұмыс істеді. Самарқандта кандидаттық диссертация қорғады.
1987-2001 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институтының көз аурулары ҒЗИ директоры және көз аурулары кафедрасының меңгерушісі болды. ТМД-дағы алғашқы "Офтальмология" оқу-әдістемелік, ғылыми-өндірістік бірлестігінің жетекшісі болды.
Ұзақ жыл бойы бас офтальмолог және республикалық офтальмологтар ғылыми қоғамының төрағасы, диссертациялық кеңестің төрағасы қызметтерін атқарды.
Республиканың ауыл халқына мамандандырылған офтальмологиялық көмекті жетілдіру бойынша үлкен ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыс жүргізді, қызмет көрсетудің кезеңдік-бригадалық әдісін енгізуге белсенді қатысты.
2003 жылдан бастап Асфендияров атындағы ҚазҰМУ тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы қызметін атқарды.
Жаңалықтар
0