Жұртқа жақын полиция: министрлік бір жылда қандай жұмыс атқарды
12:39 24.12.2021 (жаңартылды: 13:05 01.02.2022)
© Sputnik / Владислав ВодневСЭЗ_предприятия
© Sputnik / Владислав Воднев
Жазылу
Алдағы уақытта жаңа форматтағы полицияны қалыптастыру жұмысы жалғаса береді
НҰР-СҰЛТАН, 24 желтоқсан – Sputnik. Ішкі істер министрлігінің алға мәжілісінде 2021 жылда атқарылған жұмыстың нәтижесі талқыланды. Жиынға ведомствоның орталық аппараты мен аумақтық бөлімшелерінің барлық басшысы қатысты, деп хабарлады Polisia.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, республика бойынша қылмыстардың саны біртіндеп төмендеп келеді. Құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың жалпы саны 4,5 проценке азайды. Соның ішінде ауыр қылмыстар - 14%-ке, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және зорлау фактілері - 7%-ке, қарақшылық, тонау, ұрлық және бұзақылық әрекеттер 22%-ке төмендеді.
2021 жылда құқық бұзушылықтың алдын алу және "жұртқа жақын полиция" қағидатын іске асыруға басымдық берілді. Осыған байланысты біраз шаралар атқарылды. Атап айтқанда, қалаларда 58 модульді стационарлық полиция бекеттері пайдалануға берілді. Жаяу патрульдердің саны артты. Сондай-ақ, полицияны шұғыл шақыру үшін 81 "дабыл түймесі" орнатылды. Осының бәрі қоғамдық орындарда тәртіпті қамтамасыз етуге оң әсер етті. Ал "102" мобильді қосымшасы іске қосылғаннан кейін полицияға әлеуметтік желілер арқылы жүгінуге мүмкіндік туды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша учаскелік инспектордың мәртебесі көтеріліп отыр. Оларға тиімді жұмыс істеу үшін қажетті өкілеттіктер беріледі. Ауылдық жерлерде қызметтік тұрғын үймен жапсарлас учаскелік пункттер салынып жатыр. Учаскелік қызметтер штаты ұлғайтылады. Бүгінде полицейлерді қолдау шаралары қабылданды. Алдағы уақытта жаңа форматтағы полицияны қалыптастыру жұмысы жалғаса береді.
"Ішкі істер органдары қызметкерлерінің көпшілігі – әдепті және батыл адамдар, олар үшін "мундирдің абыройы" жай сөз емес, өмір салты. Осындай қызметкерлердің арқасында біз қазір ауқымды реформа жүргізіп, полицияның сервистік моделін дамытудамыз. Барлық басшыларға жеке құраммен жұмысты күшейтуді және сеніп тапсырылған бөлімшелерде тәртіп пен заңдылықты орнатуды тапсырамын. Заң барлығына бірдей, ал полицейлердің басты міндеті – қылмыспен күресу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету", – дейді министр Ерлан Тұрғымбаев.
Алқа отырысында 2022 жылға арналған міндеттер де айқындалды.
Олар:
- жұртқа жақын полиция қағидатын орындау үшін "дабыл түймелерін";
- модульдік бекеттерді орнату бойынша жұмысты жалғастыру;
- қоғамдық орындар мен көшелердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйесін дамыту;
- азаматтардың хабарламаларына дер кезінде және жедел ден қоюды қамтамасыз ету;
- учаскелік полиция инспекторлары жұмысының тиімділігін, олардың халық үшін қолжетімділігін арттыру;
- бұрын сотталғандармен және тұрмыс саласында профилактикалық жұмысты күшейту;
- жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылауды күшейту;
- киберқылмыспен күрес және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлерін даярлауды жақсарту;
- есірткі қылмысына қарсы күресті жандандыру және интернет-ресурстар арқылы синтетикалық есірткілердің таралуына қарсы іс-қимыл жасау;
- азаматтардың құқықтарының заңдылығы мен сақталуын қамтамасыз ете отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасын жақсарту;
- халықпен тікелей жұмыс істейтін кіші және орта буын басшыларының кадрлық әлеуетін нығайту;
- ішкі істер органдарын цифрландыру жөніндегі жұмысты жалғастыру;
Министр бағытқа жауапты басшыларға нақты тапсырма берді.