Әлем

НАТО-ға ультиматум, газ бағасы және Украина: Путиннің баспасөз мәслихаты өтті

© Sputnik / Сергей Гунеев / Фотобанкке өтуВстреча президентов России и США В. Путина и Дж. Байдена в Женеве
Встреча президентов России и США В. Путина и Дж. Байдена в Женеве - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.12.2021
Жазылу
Yandex newsTelegram
Ресей президенті Владимир Путин төрт сағатқа созылған баспасөз конференциясын өткізіп, ең өзекті сұрақтарға жауап берді
НҰР-СҰЛТАН, 23 желтоқсан – Sputnik. Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин дәстүр бойынша журналистермен кездесу өткізіп, бірнеше маңызды мәселе бойынша Ресей ұстанымын түсіндірді. Халықаралық мәселелерге қатысты мәлімдемелерді оқырман назарына ұсынамыз. Ақпарат көзі – РИА Новости.

"Қазақстан – ең жақын одақтастарымыздың бірі"

Владимир Путин қазақстандық журналистің Қазақстан мен Ресейдің алдағы ынтымақтастығы туралы сұрағына былай деп жауап берді:
"Қазақстанмен бірегей қарым-қатынас қалыптасты. Олардың негізі Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев кезінде қалыптасса, қазір жаңа президент те байланыстың осы сапасын қамтамасыз етіп отыр", - деді Ресей басшысы.
Оның пікірінше, цифрландыру, генетика, медицина, ғарыш салалары ынтымақтастықтың басым бағыттары болады.
Путин екі ел арасындағы "терең гуманитарлық байланысты" атап өтті: "Орыс тіліне деген құрметі мен қолдауы үшін Қазақстан билігіне алғыс білдіремін".
Ол Қазақстанмен ҰҚШҰ-ның белсенді мүшесі ретінде де ынтымақтастық орнағанын айтып, Қазақстанға әскери жабдық пен техника Ресей ішіндегі бағамен жеткізілуіне баса мән беретінін атап өтті.

Си Цзиньпиньмен арадағы сенім туралы

"Мұнда ешқандай жасырын астар жоқ: ҚХР мен РФ арасындағы қарым-қатынас расында да мен айтқандай. Біз төраға Си Цзиньпинь екеуміз дос секілді қоштасамыз, бір-бірімізді "дос" деп атаймыз. Біздің арамызда сенімді жеке қарым-қатынас орнады. Бұл іскерлік байланысты қалыптастыруға ықпал етіп отыр", - деді Путин Қытай журналисінің сұрағына жауап беріп.

Ресей мен Қытай жоғары технологиялық қару дайындап жатыр

"Қытай армиясы ең озық қару-жарақ жүйелерімен ауқымды көлемде жабдықталып жатыр. Біз тіпті бірлесіп жекелеген жоғары технологиялық қару дайындап жатырмыз. Біз ғарышта, авиацияда, ұшақтар мен тікұшақтар бойынша да жұмыс жүргізудеміз. Сонымен қатар қарулы күштер арасындағы ынтымақтастықты дамыту қолға алынды. Бұған бірлескен оқу-жаттығулар, халықаралық әскери ойындарына қатысу, теңіз және әуедегі бірлескен патруль жүргізу кіреді", - деді Путин.

Батыстың Ресейге қатысты әрекеттері туралы

"Әскери сипаттағы біздің нысандарымызда америкалық қызмет мамандары жұмыс істеді, күнде жұмысқа барды, үкіметте Орталық барлау қызметінің кеңесшілері мен кадр қызметкерлері еңбек етті. Тағы не керек? Солтүстік Кавказдағы террористерді қолдап, Ресейдің құлдырауы үшін террористік ұйымдарды қолданудың не қажеті бар еді? Солай ғой? Мен Федералды қауіпсіздік қызметінің бұрынғы директоры ретінде мұны жақсы білемін.
Біз екі тарапқа да қызмет еткен агенттікпен жұмыс істедік. Олар батыстық арнайы қызметтің оларға берген тапсырмалары туралы айтып берді. Мұның қажеті бар ма еді? Керісінше, Ресейге одақтас ретінде қарап, оны нығайту қажет еді", - деді Путин баспасөз мәслихаты кезінде.

"Бізге тез арада кепілдік ұсынуларыңыз қажет"

Путин Ресейден қандай да бір кепілдік талап етуге Батыстың ешқандай құқығы жоқ екенін атап өтті.
"Сіздер менен қандай да бір кепілдік талап етіп отырсыздар. Кепілдікті біз емес, сіздер беру керексіздер. Тез арада. Дәл қазір. Мұны ондаған жылға созбақтап жүрудің, барлығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігін желеу етудің қажеті жоқ", - деді ол британ журналисіне.

Батысқа ультиматум

"Біз НАТО-ның шығысқа қарай одан әрі жылжуына жол жоқ екенін ашық айттық. Мұның несі түсініксіз? Біз АҚШ шекарасына жақын зымыран қойып жатырмыз ба? Жоқ. Біздің үйімізге зымыранмен жақын келген дәл сол АҚШ-тың өзі. Біз өз үйімізге жақын жерге енді ешқандай соққы жасаушы техника қоймауын талап ету артық па?" – деп сауал қойды Ресей президенті британ журналисімен әңгімелесу барысында.

Батыстағы энергетика дағдарысы: газ бағасы

Владимир Путин еуропалықтар өздері туындатқан газ проблемасының шешімін де өздері табуы керек екенін, бірақ Ресей көмектесуге дайын екенін айтты. Ол Еуропадағы газ нарығындағы дағдарыстың себебі ретінде қолайсыз ауа райы, салқын көктем, жерасты қоймаларындағы тапшылық, тымық күндегі жел диірмендеріндегі проблемаларды атады.
Сонымен қатар ол америкалық жабдықтаушылар сұйылтылған табиғи газдың ауқымды көлемін Еуропаға емес, Азия елдеріне жіберуі де себеп болғанын ескертті.

Ресей Украинамен қарым-қатынасты түзеткісі келе ме

"Біз Украинамен тату көршілік қарым-қатынас құрғымыз келеді. Ол үшін барлығын жасап та жатырмыз. Алайда бүгінгі іс-әрекеттерін есепке алсақ, қазіргі билікпен қалай байланыс орнатуға болады? Мүмкін емес", - деді Ресей көшбасшысы.

Путин Зеленский және ұлтшылдар туралы айтты

"Президент Зеленский украин қоғамындағы дүрбелеңді пайдаланып билікке келді де, халықтың бейбіт өмірге деген сұранысын орындаудың орнына алдыңғы басшылар секілді радикалды элементтердің ықпалына түсіп қалды. Украинада ондай адамдарды "ұлтшылдар" деп атайды", - деді ол.

Дәстүрлі емес құндылықтарға қалай төтеп беру керек

"Оның біздің қоғамға да жететіні анық. Себебі интернет, заманауи коммуникацияға толы бүгінгі әлемде бұл ықтимал. Ол пандемия, коронавирус инфекциясына ұқсас. Жаңа штамдар пайда болып жатыр. Одан қашып құтыла алмаймыз. Бізге оларға қарсы тұратын амал, уды қайтаратын ем табу керек. Егер кейбіреулер еркек пен әйел екеуі бір жаратылыс деп санаса, өз еркі. Бірақ саналы болу керек", - деді Путин Батыстағы "дәстүрден тыс" құндылықтар туралы сұраққа жауап бергенде.
Кездесу соңында ол шараға қатысушылардың барлығын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.
Жаңалықтар
0