Бес баланың өлімі, Алматыдағы атыс, қоймадағы жарылыс: бүкіл елді дүрліктірген оқиғалар
14:05 22.12.2021 (жаңартылды: 16:07 09.08.2023)
© Sputnik/Александр МирогловПогибшие в перестрелке полицейские Дархан Сулеев и Нурбол Байгазиев
© Sputnik/Александр Мироглов
Жазылу
Sputnik Қазақстан 2021 жылы бүкіл елді дүрліктіріп, жұрттың назарында болған оқиғаларды еске алды
НҰР-СҰЛТАН, 23 желтоқсан – Sputnik. Биыл елді дүрліктірген оқиғалар аз болмады. Осыдан екі жыл бұрын елордада бес бала өрттен қайтыс болған еді. Тура сондай жағдай Жамбыл облысында қайталанды. Бірнеше ұшақ құлап, адам шығыны болды. Аяжан Еділованың өлімі елді есеңгіретіп тастады. Жамбыл облысында тағы әскери қойма жарылды. Елімізде екі жыл қатарынан Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.
Бір үйдің бес баласы қайтыс болды
Ақпан айында Жамбыл облысының Жаңатас қаласында пәтер өртеніп, бес бірдей бала көз жұмды. Бір жастан алты жасқа дейінгі екі ұл мен үш қыз үйде өздері ғана болған. Отағасы жұмысқа, ал анасы дүкенге шығып кеткен. Сол кезде 3-қабатта орналасқан үйден өрт шыққан. Балалар уланып, ауруханаға жатқызылды. Бірақ есін жимастан қайтыс болды. Осы оқиғадан кейін Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықов қызметінен босатылды.
© предоставлено пресс-службой КЧС МВД РКӨрт шыққан үй
Өрт шыққан үй
© предоставлено пресс-службой КЧС МВД РК
Қазан айында Атырау облысының Махамбет ауданында шөп өртенді. Тілсіз жау үш сағаттың ішінде ауыздықталды. Бас кезінде өрт сөндірушілер ештеңе байқамаған. Ал түн жарымда полицияға үш баланың жоғалғаны туралы хабар түсті. Содан шұғыл іздестіру шаралары кезінде жоғалған балалардың мәйіті өртенген шөптің арасынан табылды.
Ал қараша айында Ақмола облысының Шортанды ауылында барақ үлгісінде салынған үйде газ балоны жарылды. Соның салдарынан үш адам – екі әйел мен бір бала көз жұмды. Артынан ауруханаға ауыр халде түскен тағы екі бала қайтыс болды. Жарылыс кезінде үйдің жартысы опырылып қалды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Аяжан Еділованың өлімі
Наурыз айында 19 жастағы қыздың өлімі елді есеңгіретіп тастады. Алматылық Аяжан Еділова жұмыстан шығып, із-түзсіз жоғалып кетті. Жатақхананың жанында күткен жігіті бірнеше рет қоңырау шалып, хабарлама жазып, жауап болмағандықтан дабыл қағады.
Ертесінде туыстары полицияға арыз түсірді. Аяжанның достары мен еріктілер оны алып кеткен индрайвер жүргізушісін тапты. Ол қызды қай мекенжайға апарып тастағанын және тапсырыс берген адамның атын айтты. Туыстары сол жерге барғанда полицейлерді көрген. Екі жедел жәрдем көлігі тұрды. Ал тәртіп сақшылары үйден үсті-басы қан болған ер адамды алып шықты. Ол Аяжанды асқан қатыгездікпен өлтірген. Артынан өз-өзіне қол салғысы келді. Пышақпен тамағын осып жіберген. Бірақ дәрігерлер оны құтқарып қалды.
Тергеу кезінде күдікті Аяжанды 19 наурыздан 20 наурызға қараға түні өлтіргенін айтты. Сосын денесін бөлшектеп, бір бөлігін қоқын жәшігіне тастаған. 28 жастағы ер адамның медициналық мамандық бойынша грантқа түскені белгілі болды. Бірақ үлгерімі нашар болып, оқудан шығарылған.
Аяжанның ағасы Алмат Мүліковтің айтуынша, қанішер жас қыздың денесін мұқият әрі асықпай бөлшектеген. Әрбір тісін қағып, әрбір тырнағын кесіп алған. Басын кесіп алып, қайнатқан.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша іс қозғалды. Оған сәйкес, кінәлі адам 15-20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынын айырылуы мүмкін. Қазіргі уақытта Алматыда сот отырысы жабық режимде өтіп жатыр. Атышулы іс 30 томнан тұрады.
Ан-26 апатқа ұшырады
13 наурызда Нұр-Сұлтаннан шыққан ҰҚК авиациялық қызметінің ұшағы Алматы әуежайы аумағында құлады. Әуе кемесі қону жолағына жете алмай, Қызыл ту ауылының маңайында апатқа ұшырады.
Ұшақ өртке оранды. Бортта алты экипаж мүшесі болған. Төртеуі оқиға орнында қайтыс болды. Олар: аға лейтенант Досжан Баймұратов, майор Ғабит Барлықбаев, сержант Евгений Васильков және лейтенант Мұхтар Сағынбаев.
Экипаж командирі Әшіров пен бортехник Есләмов ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түсті. Үш айдан кейін ғана екеуі үйге оралды.
Айта кетері, 2012 жылы Шымкенттің түбінде ҰҚК шекара қызметінің АН-72 ұшағы апатқа ұшыраған. Сол кезде 27 адам көз жұмды. Ұшақ бортында шекара қызметінің директоры Тұрғанбек Станбеков және басқа да жоғары лауазымды офицерлер болған.
Тауда жас жігіттер жоғалды
Мамырда Түркістан облысындағы тауларға шыққан жеті жас жігіт жоғалды. Алтауы Назарбаев университетінің студенттері, тағы біреуі - мектеп түлегі. Үш күннен кейін қайтамыз деген жігіттер байланысқа шықпай қалды. Содан іздеу операциясы басталды.
Бірнеше күннен кейін үшеуі табылды. Олар бір жігіт науқастанып қалғаннан кейін қалып қойған.
Ал төртеуі ары қарай кеткен. 29 мамырда екі туристің мәйіті табылды. Қалған екі жігітті екі аптадай іздеді. 12 маусымда тағы бір жігіттің денесі табылды. Төртіншісінің мәйіті Өгем өзенінен шықты.
Мәйіт табылған жерге тікұшақ жақын ұшып бара алмаған. Құтқарушылар арқанмен өзен үстінде өткел жасақтап, мәйітті жағаға алып шықты.
Шарын шатқалындағы төтенше жағдай
Көктемнің соңғы күндері Шарын шатқалында төтенше жағдай болды. 29 мамырда сел жүріп, екі адам - мектептің мұғалімі мен оқушы қаза тапты.
Тағы бір қызды су ағызып әкетті. Ол оқиға болған жерден бірнеше шақырым жерден келесі күні аман табылды.
© Photo : МЧС КазахстанаШарын шатқалында жүрген селден екі адам көз жұмды
Шарын шатқалында жүрген селден екі адам көз жұмды
© Photo : МЧС Казахстана
Төтенше жағдай кезінде алты адам зардап шекті, олардың төртеуі ауруханаға жатқызылды.
Мемлекет басшысының жарлығымен Шарын шатқалында ерлікпен қаза тапқан мектеп мұғалімі Мерей Нұрғазыұлы Ибрагимов "Ерлігі үшін" медалімен наградталды. Марапат оның туыстарына табысталды.
Ал аман қалған қыз министрдің алғыс хатымен марапатталды.
Тараздағы жарылыс
26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің қоймасынан өрт шықты. Бас кезінде әскери бөлімнің өрт сөндірушілері тілсіз жаумен өздері күресіп көрген. Артынан төтенше жағдайлар қызметінің өрт сөндірушілері келді. Ал бір сағаттан кейін оқ-дәрілер жарыла бастады. Жақын маңдағы ауыл тұрғындары Таразға көшіруге шешім қабылданды.
Төтенше жағдайда 17 адам қаза тапты. Олардың ішінде 10 азаматтық қорғау органдарының қызметкері, 6 қорғаныс министрлігінің әскери қызметшісі және бір әскери прокурор бар. Тағы бір адам – 34 жастағы сержант Бауыржан Дәуітбаев хабар-ошарсыз кетті. Оны әлі күнге дейін тапқан жоқ.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, Тараз түбіндегі жарылыс кезінде әскери бөлімнің басшылығы өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға тротилден бөлек, жарылғыш заттардың бар екенін айтпаған.
"Өрт ошағына шығардың алдында барлау жасалып, нысан иесінен жарылыстың қаупі туралы ақпарат алынады. Дәл сол жерде нысан басшылығы да, қорғаныс министрлігінің басшылығы да тротилден басқа ештеңе жоқ деп мәлімдеген. Тротил жоғары температурада жанып кетеді, бірақ жарылмайды. Бұдан басқа ешқандай қауіп болмаған", - дейді Ильин.
Ішкі істер министрлігі тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Ал сот кінәлі адамдарды анықтайды.
29 қазанда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Әскери қоймадағы жарылыстар кезінде қаза тапқан азаматтар мен олардың әйелдерінің кредиті кешірілді. Отбасыларға қажетті көмек көрсетілді.
Сол кездегі қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Тараздағы жарылыстан кейін отставкаға кетуге шешім қабылады.
Алматыдағы атыс
20 қыркүйекте елді дүрліктірген тағы бір оқиға болды. Алматының Ақбұлақ шағын ауданында орналасқан жеке меншік үйдің иесі сот үкімін орындауға келген бес адамды атып тастады. Оқиға орнында сот орындаушысы, учаскелік инспекторлар, үйдің жаңа иесі мен оның танысы мерт болды.
Тергеу материалдарына сәйкес, Ақбұлақтағы жеке меншік үйдің мәселесі 2014 жылы басталған. Одан үш жыл бұрын баспананың иесі Анаид Демирчян Бағанашыл шағын ауданында бос тұрған үй-жайларын және Ақбұлақтағы коттеджін кепілге салып, БанкЦентрКредитте қыруар ақшаға кредит рәсімдеді. Бірақ қарызды төлей алмаған. Содан банк өкілдері оны сотқа беріп, кепілде тұрған үйді тәркілеуді талап етті. Кредит алғандардың ішінде Демирчянның күйеуі Игорь Дужнов та бар.
2018 жылы Алатау аудандық соты банктің арызын қанағаттандырды. Бірақ келесі жылы кері қайтарған. Сол екі арада кепілде тұрған коттедж аукционмен сатылып кетті. Артынан Алматы қалалық соты банктің арызын қанағаттандырды. Демирчян мен Дужнов болса, үй заңсыз сатылды деп, сот шешімімен келіспеді. Олар мемлекеттік органда тіркелген келісімшартты жоюды сұраған. 2021 жылы 11 ақпанда Алатау аудандық соты соңғы шешімін шығарды. Ал жеті айдан кейін сот шешімін орындау үшін үйге бес адам барған. Дужнов бесеуін де атып тастады.
Күдіктінің әйелі Анаид Демирчян журналистерге сұхбат беріп, сот орынаушысының әрекетіне шағымданды.
Игорь Дужновты қамауда ұстау мерзімі ұзартылып келеді. Оған қатысты үкім әлі шығарылған жоқ. Сот коттеджді босату шарасын кейінге қалдырды. Анаид Демирчянның үйді қалдыру туралы арызын да қанағаттандырған жоқ.
Абай шахтасындағы жарылыс
7 қарашада Қарағанды облысындағы Абай шахтасында метан газы жарылды. Ол күні жердің астында барлығы 64 кенші болған. 56 адам шығып үлгерген. Алтауы қаза тапты, тағы екі кенші ауруханаға түсті.
Осы апаттан кейін арнайы комиссия құрылды. Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-тармағы (Екі және одан да көп адамның өліміне алып келген тау және құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тергеудің нәтижесінде жұмыс беруші - "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының кінәсі толығымен дәлелденді.
Оқи отырыңыз: Министр Ильин төтенше жағдайдың қалай болғанын айтты
Ал келісім комиссиясында кеншілер талаптары көтерілді. Комиссиясының шешімімен компания жыл сайын 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейінің 100% көлемінде жалақыны индекстеуге міндеттеме алды. Сонымен қатар өндірістік-экономикалық көрсеткіштер жоспарының орындалуына қарамастан биыл желтоқсан айында 13-ші еңбекақы төлеу, желтоқсанда жалақыны 15–17 пайызға көтеру міндеті жүктелді.
2018 жылдың 1 қаңтарынан кейін жұмысқа орналасқан қызметкерлердің демалыс күндерінің саны артады. Бұдан бөлек, компания ұзақ уақыт ауырған адамдардың еңбекке жарамсыздық парағындағы төлемдерді 50 АЕК-ке дейін арттыруға тиіс. Көмір және болат департаментінің жұмыскерлеріне мемлекеттен субсидия беру арқылы жеңілдікпен ипотекалық баспана берілетін болды.
Келісім комиссиясының отырысында апаттан қаза болған 6 кеншіге ескерткіш қоюға ұсыныс жасалды. Жұмысшылар зейнет жасты төмендету қажеттігін де айтты.
Үш баласымен бірге терезеден секірді
Жылдың соңында Алматыда болған тағы бір қайғылы оқиға жұрттың жағасын ұстатты. Жас әйел үш кішкентай баласымен бірге тоғызыншы қабаттан секіріп кетті. Келіншек пен екі бала оқиға орнында көз жұмса, үшінші бала жедел жәрдем көлігінде жан тапсырды.
Шынар есімді көрші бәрін өз көзімен көрген. Оның айтуынша, анасы да, балалар да үндемей құлаған. Тыныш қана секіріп кеткен.
"Олар айқайлаған жоқ, жылаған жоқ, көмекке шақырған жоқ, үн-түнсіз күл-қоқыс қаптары сияқты тоғызыншы қабаттан құлай салған. Гүрс еткен дыбыс естілді, болды", - дейді Шынар.
© Sputnik / СтрингерҚайғылы оқиға болған үй
Қайғылы оқиға болған үй
© Sputnik / Стрингер
Бақытгүл терезеден секірердің алдында хат жазып кеткен. Бірақ мұндай шешім қабылдауына нақты кім кінәлі екенін көрсетпеді. Ол сынаққа төзе алмай, өмірден шаршағанын жазған. Ешкімді кінәламайтынын, бірақ бұл жағдайға кінәлі адамдар өздері хабардар екенін айтып, кешірім сұрапты.
"Бұл әрекетке отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас кезінде күйеуі екеуінің арасындағы жанжал себеп болған", - деп хабарлады полиция.
Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің ("Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу") бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Марқұмның төленбеген үш кредиті болған. Соңғы рет қазан айында 15 мың теңге онлайн кредит рәсімдеген. Алайда оны да қайтара алмады. Күйеуінің айтуынша, ол жұмыссыз болғандықтан қарызды төлей алмаған. Ол қайғылы жағдай алдында әйелімен жанжалдаспағанын айтты. Алайда дәл сол күні ол үйде болмапты, жұмыссыз қалғандықтан кетіп қалған.
Шымкент қаласының әкімдігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, Бақытгүл Қыдырбаева мамыр-маусым айларында атаулы әлеуметтік көмек алған. Ал қазан айында тағы өтініш беріпті. Бірақ ақша төленбеген. Себебі күйеуі шілде айында Toyota Carina автокөлігін сатқан. Ондайда отбасының табысы көбейеді. Осыған байланысты атаулы әлеуметтік төлем берілмейді.