Қоғам

АҚШ, Қытай және Ресей басшылары қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

© Sputnik / Болат ШайхиновФлаг Казахстана
Флаг Казахстана  - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.12.2021
Жазылу
Тәуелсіздік күніне орай Қазақстан президентінің атына құттықтау жеделхаттары келіп түсіп жатыр
НҰР-СҰЛТАН, 16 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шет мемлекеттердің басшыларынан және халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттары мен жеделхаттар келіп түсіп жатыр, деп хабарлайды Ақорда.
Ресей президенті Владимир Путин өз жеделхатында Тоқаевты Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтап, Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық және басқа да көптеген саладағы қол жеткізген табыстарын атап өткен. Путин Қазақстанның әлемдік аренадағы жоғары беделіне ерекше тоқталған.
"Мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік пен одақтастық негізде қарқынды дамып келеді. Түрлі саладағы екіжақты ынтымақтастық, сондай-ақ ЕАЭО, ҰҚШҰ, ТМД, ШЫҰ, БҰҰ сияқты халықаралық құрылымдар аясындағы өзара іс-қимылдарымыз өз нәтижесін беруде. Бірлескен күш-жігер арқылы біз достас халықтарымыздың игілігі жолында, сондай-ақ Еуразия құрлығындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Ресей мен Қазақстан арасындағы байланыстарды дәйекті түрде дамытатынымызға сенімдімін", – делінген Путиннің жеделхатында.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин өзінің құттықтауында Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстан мемлекеттің мүлде жаңа келбетін қалыптастырғанын, әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін нық қадам басып келе жатқанын жазған.
"Мен Қытай-Қазақстан қарым-қатынастарының дамуына ерекше мән беремін. Сізбен бірге Қытай мен Қазақстан арасындағы дәстүрлі достықты нығайтуға, екі елдің стратегияларын ұштастыруға, мәңгі жан-жақты стратегиялық әріптестік қатынастарды екі мемлекеттің және олардың халықтарының игілігі үшін жаңа деңгейге көтеруге дайынмын", – делінген жеделхатта.
АҚШ Президенті Джозеф Байден Қасым-Жомарт Тоқаевты және Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, Қазақстанның Орталық Азияда және жаһандық деңгейде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау және оны өркендету жолындағы отыз жылдық көшбасшылығын атап өту мерекесіне тілектестік білдірді.
"Құрама Штаттары Қазақстанмен арадағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға, аймақтық тұрақтылыққа үлес қосу мақсатымен ынтымақтастықты дамытуға, климаттық дағдарысты еңсеруге, демократиялық институттардың тиімділігін арттыруға және адам құқықтарын құрметтеуге бағытталған ықпалдастықты ілгерілетуге ниетті", – делінген Америка басшысының жеделхатында.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанда жүргізіліп жатқан жүйелі әрі ауқымды реформаларды, сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған аймақтық және жаһандық маңызы бар бастамаларды жоғары бағалады.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров та қазақстандықтарды құттықтады. Ол қазіргі уақытта екі елдің қарым-қатынасы одақтастық және стратегиялық серіктестік рухына толық сай келетінін айтты.
Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов өз құттықтауында Қазақстанның саясатта, экономикада және әлеуметтік-гуманитарлық салаларда үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін және әлемдік аренада алға қарай нық қадам басып келе жатқанын атап өткен. Бердімұхамедов екі ел арасындағы бауырластық қатынастар халықтың жарқын болашағы жолында қарқынды дами беретініне сенімді екенін жеткізді.
Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон Қазақстанның мемлекеттілікті қалыптастырудағы, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси даму ісіндегі жетістіктерін, сондай-ақ халықаралық аренадағы беделін жоғары бағалаған.
Беларусь президенті Александр Лукашенко Қазақстан сенімді түрде заманауи және бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптастырып жатқанын атап өтті.
"Минск пен Нұр-Сұлтан арасындағы өзара сенім мен құрметке негізделген стратегиялық одақтастық қатынастардың одан әрі кеңейіп, жаңа жасампаз жобалармен толыға беретініне сенімдімін", – деді ол.
Франция Президенті Эммануэль Макрон өз құттықтауында Қасым-Жомарт Тоқаевты және достас Қазақстан халқын шын жүректен құттықтап, бақ-береке тілеген. Француз көшбасшысы Қазақстан президентін өз еліне шақырды.
"Егер Сіздің тығыз жұмыс кестеңіз мүмкіндік беретін болса, екіжақты күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бәрін жан-жақты талқылау үшін өзіңізбен Парижде кездесуге қуанышты болар едім", – деп жазған Эммануэль Макрон.
Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер де өзінің жүрекжарды құттықтауын жолдаған.
"Коронавирус пандемиясы өзара байланыстарымызды шектесе де, елдеріміз өткен жылы тұрақты және жемісті қарым-қатынастарды жалғастырды. Ауғанстандағы жуырда болған оқиғалар және күннен күнге күшейіп жатқан климаттық өзгерістердің әсері сіздердің аймаққа жаңа әрі күрделі міндет жүктеп отыр. Біз мұны жақсы сезінеміз. Германия алдағы уақытта осы және басқа да сын-қатерлерді сәтті еңсеруде және сіз қолдаған реформалар бағытын жалғастыру жолында Қазақстанның сенімді серіктесі болып қала береді", – деп Франк-Вальтер Штайнмайер.
Сондай-ақ басқа да мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың басшылары Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Құттықтау жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр.
Жаңалықтар
0