Ішкі істер министрлігі бес өңірде арнайы операция өткізді
10:29 14.12.2021 (жаңартылды: 13:05 01.02.2022)
© Photo : предоставлено очевидцамиНаручники
© Photo : предоставлено очевидцами
Жазылу
Қылмыстық топ мүшелеріне тәулік бойы бақылау орнатылды, олардың соңынан қалалар арасындағы орман алқабына баруға тура келді
НҰР-СҰЛТАН, 14 желтоқсан – Sputnik. Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері бес өңірде ауқымды арнайы операция өткізді.
Нәтижесінде есірткіні көтерме таратушылар желісі жойылды, заңсыз бизнеске қатысқан 10 адам ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Ерлан Омарбековтың айтуынша, қылмыстық топ қараша айының басында көзге түскен.
Сол кезде фигуранттардың бірі Ресейден әкелінетін есірткі дайындауға арналған прекурсорлардың ірі партиясын күтіп отырғаны белгілі болды. Жүкті тапсыру кезінде қылмыстық топтың екі мүшесінің кім екені анықталып, оларға тәулік бойы бақылау жүргізілді.
"Үш күннен кейін қылмыскерлердің бірі елордадан Павлодар қаласына таксимен шыққан. Қалаға 40 шақырым жетпей, жол бойындағы орман белдеуіне есірткі жасырып, Көкшетау қаласына жол тартқан. 10 минуттан кейін топтың үшінші мүшесі жасырылған есірткіні алып, Павлодарға кеткен, кейінірек оны өңірлік полицейлер ұстады", - деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Ол бұрын сотталған жергілікті тұрғын болып шықты, одан жалпы салмағы 324 грамм болатын мефедронның екі пакеті тәркіленді.
Ұсталған адамның сөмкесінен есірткі затының 30 бір реттік дозасы салынған түйіншек табылды.
Сол күні тағы бір күдікті ұсталды. Көкшетау қаласында жергілікті тұрғын жасырылған есірткіні алып кетуге келген. Ұстау барысында 130 грамнан астам синтетикалық мефедрон есірткісі тәркіленді.
Ұсталған азаматтың пәтерін тінту барысында бір реттік мөлшерде өлшеп оралған осы есірткінің тағы 15 грамы, марихуана, таразы және есірткі жасыруда пайдаланылатын басқа да заттар тәркіленді.
Келесі күні Павлодар қаласында тағы екі жігіт пен екі қыз ұсталды. Олардың біреуін жеке тінту кезінде 400 грамм мефедрон салынған пакет тәркіленді.
Сол күні есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері мен Ақмола облысының полицейлері Нұр-Сұлтан-Щучинск тасжолының бойындағы дәмхананың жанында тағы бір есірткі жасырушыны ұстады. Ол Өзбекстан азаматы болып шықты. Оның көлігін тінту кезінде салмағы 500 грамм мефедрон салынған түйіншек тәркіленді.
Ұсталған азамат Павлодар, Алматы, Екібастұз қалаларында есірткі жасырғанын айтты. Ол кезекті ірі мефедрон партиясымен Петропавл қаласына бармақшы болған.
"Осылайша тағы үш қылмыскер анықталды. Оларды 20 қарашада солтүстікқазақстандық полицейлер Петропавл қаласындағы жалдамалы пәтерден ұстады. Барлығы облыс орталығына есірткі тарату үшін мақсатты түрде келгені анықталды. Жалдамалы пәтерде тінту жүргізілді. Мефедронның бір реттік дозасы бар 165 түйіншек, 450 грамм альфа-PVP және 300 грамм мефедрон табылды", - дейді полицейлер.
Тергеу жүргізу кезінде қалада жалпы салмағы 200 грамм мефедрон жасырылған тағы 6 орын табылып, тәркіленді. Барлығы 2,5 келіге жуық синтетикалық есірткі алынды.
Ұсталған күдіктілер қамауға алынды және оларға қатысты Қазақстан Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Егер олардың ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі екендігі дәлелденсе, он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.