Саясат

"Тұтқындайтын шығар деп ойладым" – Назарбаев тамыз бүлігі жайлы

Нұрсұлтан Назарбаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.12.2021
Жазылу
"Россия 24" телеарнасына берген сұхбатында Назарбаев тамыз бүлігі кезінде Ельцин, Крючков және Язовпен телефон арқылы не жайлы сөйлескенін айтып берді
НҰР-СҰЛТАН, 11 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресейлік "Россия 24" телеарнасына берген сұхбатында 90 жылдары болған тамыз бүлігін еске алды.
Назарбаевтың айтуынша, сол кезде "бүлік" сөзі оған мүлде таныс емес еді.
"Ол бір топ адамның билікті басып алу үшін бірігетінін білдіреді. Кейде армияға, кейде ішкі әскерге арқа сүйейді. Яғни адамдар тобы билікті басып алғысы келеді. Ново-Огарёводағы соңғы кездесуде қандай да бір қорытындыға келген едік, 20 тамызда конфедерацияның құрылуы жайлы келісімге қол қоюға уәделестік, ал 19-ы – бүлік", - деп еске алды Елбасы.
Ол 18 тамызда Борис Ельцин Қазақстанға ресми сапармен келгенін атап өтті. Олар келіссөз өткізіп, тиісті келісімге қол қойып, Кеңес одағын сақтау туралы шартты қолдауға келіскен.
"19-ы күні таңертең ұйқыдан оянсам, теледидардан "Аққу көлін" көрсетіп жатыр екен. Әдетте, бірдеңені жасырғысы келсе, эфирді музыкамен толтыратын. Ал содан кейін Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет құрылғанын хабарлады. Түк түсінбедім. Сыртқа шықсам, көлігім жоқ. Мені тұтқындайтын шығар, бұйрық берілді деп ойладым. Жоқ, олай емес екен. Менің жүргізушім көлікпен бірге көлеңкеде тұрған екен", - дейді Назарбаев.
Оқи отырыңыз: Назарбаев КСРО не себепті ыдырағанын айтты
Кейін ол жұмысқа келген соң, Ельцинмен болған телефон әңгімесін баяндады.
"Жұмысқа кірген соң, ең алдымен, Ельцинге қоңырау шалдым. Ол жауап бермеді. Біраз уақыттан кейін өзі қайта соғып, "Нұрсұлтан Әбішұлы, міне, бұл төңкеріс. Олардың ең басты күші – МҚК төрағасы Крючков пен қорғаныс министрі Язов қазір танкілер Ақ үйге бара жатқанын айтты. Бәлкім, бұл біздің соңғы әңгімеміз шығар. Егер мүмкіндік болса, Язовпен байланысқа шығып, әрі қарай не істейтінін сұра" деді. Осыдан кейін мен МҚК төрағасы Крючковқа хабарластым. Ол елдің астаң-кестеңі шыққанын, айнала ұрлық, жемқорлық, қазір тәртіп орнататынын айтты. Мен "Горбачев қайда?" деп едім, ол Горбачев бәрін біледі, ауырып жатыр, бірақ бізді қолдайды, өзі жариялайды" деді. Міне, дәл осылай айтты", - деп жалғастырды Елбасы.
Крючковпен сөйлескеннен кейін, Назарбаев сол кездегі Орта Азия әскери округінің басшысына телефон соққан.
"Язовқа қоңырау щалдым, оны жақсы танитын едім. Ол Алматыда тұрды, Орта Азия әскери округін басқарды, біз өте жақын араластық, дос едік. Мен одан не болып жатыр деп сұрадым. Ол үндеген жоқ, содан кейін: Ақымақтармен байланыстым, енді не істейтінімді білмеймін" деді. Мен оған қаруды оларға бұрып, бүлікшілерді тұтқындап, танкілерді шығаруға кеңес бердім. Осымен әңгіме бітті. Одан кейін не болғанын сіздер білесіздер", - деді Назарбаев.
Елбасы осыдан кейін Жоғарғы кеңесті шақырып, бүлік заңсыз, оның жарлықтары да заңсыз екенін айтып, Қазақстанда төтенше жағдай енгізілмейтінін мәлімдеген.
Жаңалықтар
0