Дерекқор

Мобильді аударымға қатысты ақпараттың қайсысы фейк - жиі қойылатын сұрақтардың жауабы

© Sputnik / Абзал КалиевКарточка Kaspi bank и смартфон, иллюстративное фото
Карточка Kaspi bank и смартфон, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.12.2021
Жазылу
Мобильді аударымның төлемнен қандай айырмашылығы бар және неге кәсіпкерлерге Kaspi сынды банк қосымшаларының төлем қызметін қолданудың зияны жоқ екенін Sputnik Қазақстан мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп анықтады

Мобильді аударымдар туралы фейк ақпараттар

№1 фейк: 1 желтоқсаннан бастап Kaspi-дегі барлық мобильді аударым үшін салық төлеуге тура келеді.
Жоқ. Қызмет үшін төлемді Kaspi-аударым арқылы қабылдайтын және өзінің шынайы табысын жасырып отырған кәсіпкерлер ғана салық төлейтін болады. Егер қарапайым қазақстандықтар бір-біріне ақша аударса, онда Kaspi-аударымары үшін қосымша салық төлеудің қажеті жоқ.
№2 фейк: Егер мен өз әріптестерімнен ақша алсам, мектептегі ата-аналардан немесе туған күнге жиналатын қаражатты қабылдасам, онда салық төлеуім керек.
Жоқ, жеке тұлғалар мобильді аударымдар үшін салық төлемейді. Егер сіз ай сайын 80-100 түрлі адамнан көп аударым алсаңыз және бұл жағдай үш ай бойы жалғасып келсе, онда салық органдары сізге назар аударуы мүмкін.
Мемлекеттік кірістер комитеті ескерткендей, 2025 жылдан бастап барлық қазақстандық кірістер мен шығындар туралы декларация тапсырады.
№ 3 фейк: Мен – кәсіпкермін, енді мобильді төлемдер үшін де салық төлейтінім туралы естідім. Бұл екі есе салық төлеу ғой!
Мобильді төлемдер салықтың жаңа түрі боп саналмайды және оның қосымша салық жүктемесі жоқ.
Еске салсақ, 2023 жылға дейін шағын бизнесті салық төлеуден босатты.
№ 4 фейк: 2022 жылдан бастап салық органдары жеке тұлғалар туралы барлық ақпаратты алып отырады.
Жоқ. 2025 жылдан бастап жеке тұлғалардың табысы мен шығындары туралы декларацияны екінші деңгейлі банктер жолдап отырады.
№ 5 фейк: Жеке кәсіпкер ретінде жаңа жылдан бастап маған мобильді аударымдар мен қолма-қол есеп айырысу бойынша есеп жүргізу қажет болады.
Егер сіз жеке кәсіпкер болсаңыз, онда есеп айырысу Kaspi-аударымдар емес, Kaspi-төлем арқылы орындалуы керек. Бұл қаражат бизнесменнің арнайы есепшотына түседі.
Декларацияда қолма-қол және аударым кірістері мен шығындары бойынша ақша айналымын көрсету керек болатынын атап өту қажет.
Деректерді салық органдарына жолдауға қатысты Kaspi ұсынған жауап:
"Жоқ. Банк құпияларын сақтау талаптарына сәйкес аударымдар туралы мәлімет салық органдарына жолданбайды. Сіз бұрынғыдай жеке мақсатта аударымдарды жібере және қабылдай аласыз", - деп жауап берді Kaspi банктегілер.
Жалпыға ортақ декларациялауды кезең-кезеңімен енгізу туралы заңға сәйкес, кәсіпкерлік қызметпен айналысу белгілері анықталғаны туралы мәліметтерді жолдау тек 2025 жылдан басталады. 2025 жылға дейін жеке кәсіпкер және мемлекеттік қызметкер емес жеке тұлғалар үшін ешқандай өзгеріс болмайды.

Мобильді аударымдар туралы жиі қойылатын сұрақтар

№1 сұрақ: Қазір мен барлық тауарға бақылау-кассалық машинаны қолданып жүрмін. Енді жаңа норма қалай әсер етеді?
Бақылау-кассалық машинаны қолданатын және заңды ақша айналымын жасырмайтын кәсіпкерлер үшін бұл норма еш өзгеріс әкелмейді.
№2 сұрақ: Менің түсінуімше, екінші деңгейлі банктер заң бұзып жүр-ау дегендерді анықтап, олар туралы деректі салық органына жолдайды. Ал таныстары мен туыстарына ақша аударатын қарапайым адамдарға алаңдауға еш себеп жоқ. Солай ма?
Иә, дұрыс, қарапайым қазақстандықтарға бұл норманың қатысы жоқ.
"Заң бұзушыларды" сын-қатерді басқару жүйесі анықтайды. Үш ай бойы 80-100 адамнан ақша аударымдарының түсуі - оларды анықтау бойынша критерийлердің бірі. 
№3 сұрақ: Мобильді аударымдар туралы бекітілген талаптарды қайдан көруге болады және мұны халықпен бірге талқылай ма?
Критерийлер "Ашық НҚА" сайтында жарияланады және әрбір қазақстандық өз ұсынысы мен ескертуін енгізе алады.
№4 сұрақ: Сонда жаңа жылдан бастап кәсіпкерлер қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үшін жеке есепшот ашуы қажет пе?
Иә, мобильді аударымдар бойынша ақша алу үшін кәсіпкерлер жеке есепшот ашуы керек. Ал сатып алушылар үшін тауар ақысын төлеу кезінде ешқандай өзгеріс болмайды.

Аударым мен төлем айырмашылығы қандай – ҰКП жауабы

Бұған дейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қазір мобильді қосымшаларда тек "аударым" деген бөлім ғана бар екенін айтты. Енді қосымша "төлем" деген бағана пайда болады. Туыстарға, қайырымдылыққа немесе басқа да жеке мақсатта ақша аудару үшін аударымдарды таңдау керек болса, тауар, жұмыс немесе қызмет ақысын төлеу үшін төлемді таңдайды. Төлем қолма-қол немесе банк картасы арқылы есеп айырысқан операцияны білдіреді.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы түсіндіргендей, қазір картамен POS-терминал немесе аударым арқылы төлем жасауды салық органдары ақшалай есеп айырысу деп санап отыр. Сондықтан мұндай кез келген төлем кезінде фискалды чек шығару қажет. Сондықтан сіз жеке кәсіпкер болсаңыз және аударым арқылы ақша алсаңыз, онда міндетті түрде чек шығарыңыз. Себебі 2021 жылы салық органының сұрауы бойынша күнтізбелік жылдағы барлық төлем сомасын ұсынуын қарастыратын Салық кодексіндегі 24-бап қолданысқа енді.
Мобильді аударымдар – POS-терминалдар арқылы төлем жасаудың баламасы. Бірақ POS-терминал тым қымбат тұрады, ал соманың 4%-іне дейін жететін комиссия жарнасын төлеу жеке кәсіпкер үшін үлкен ауыртпалық болып отыр.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атап өткендей, кәсіпкерлер мобильді аударымдар немесе POS-терминалдарды қолдануға қарсы емес. Олар банкке төлеуі қажет әлгі комиссияға қарсы.

Мобильді аударымдарды заңдастыру

25 қарашада Қазақстан парламенті "Салықтар мен бюджетке түсетін басқа да міндетті төлемдер туралы" заң жобасына енгізілген түзетулерді қабылдады. Мобильді аударымдар заң аясында реттелмек. Бұл өз клиенттерінен мобильді аударым алған кезде салық төлемейтін қазақстандық кәсіпкерлерді анықтау үшін қажет.
Кәсіпкерлер бизнес жүргізу үшін басқа есепшот қолдануы керек. Бұл үшін оларды өз мобильді аударымдарын жеке және кәсіпкерлік деп жіктеуге міндеттейді. Заңға енгізілген өзгерістер банктерді салық органдарына тиісті деректерді ұсынуды міндеттейді.
Қаржы министрлігі мобильді аударымдардан бас тартып, қолма-қол есеп айырысуға көшуге шақырған үндеулерге қатысты түсініктеме берген болатын. Мамандардың айтуынша, бұл бастаманың басты мақсаты - бизнесті цифрлық кеңістікте дамыту, яғни қолма-қол есеп айырысуға көшуді көздемейді.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар
0