Саясат

"Шүйлігудің қажеті жоқ": Назарбаев 30 жыл бұрын болған оқиғаны айтып берді

Нурсултан Назарбаев  - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.12.2021
Жазылу
Жоғарғы Кеңестің 1991 жылдың 14 желтоқсанында өткен 12-шақырылған 7-сессиясының талқылауына "Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" конституциялық заң шығарылды
АЛМАТЫ, 6 желтоқсан – Sputnik. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздік алу жолында кездескен қиындықтарды еске алды. Бұл туралы Қазақстанның тұңғыш президенті "Тәуелсіздік тағылымы" мақаласында жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Елбасы 1991 жылдың 1 желтоқсанында ел тарихындағы тұңғыш президент сайлауы өткізіліп, халықтың 98%-тен астамы қолдау білдіргені еркін қимылдауына жол ашқанын жазды.
Оның айтуынша, 12-13 желтоқсанда Ашхабадта Орталық Азия республикаларының басшыларымен бас қосып, жағдайды саралай, Қазақстанның ТМД-ға тең құқылы мүше болуға әзір екені жөнінде ортақ мәлімдеме жасаған.
"Ертеңінде көптен күткен күн туып, Жоғарғы Кеңестің 1991 жылдың 14 желтоқсанында өткен 12-шақырылған 7-сессиясының талқылауына "Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" конституциялық заң шығарылды. Еліміздің жетекші заңгерлерінің қатысуымен алдын ала сараланып, сараптамадан өткізіліп, қапысыз даярланған заң бірден-ақ мақұлдануға тиіс болатын. Оның үстіне өзге республикалар мұндай заңдарын әлдеқашан қабылдап қойған. Бірақ жағдай біз күткеннен басқашалау болып шықты", - деп жазды Назарбаев.
Жоғарғы Кеңес залындағы отырысқа вице-президент Ерік Асанбаев қатысқанымен, Назарбаев талқылауды кабинетіндегі байланыс арқылы жіті бақылағанын айтты.
"Әлі есімде, күн тәртібі жария етілісімен-ақ бір депутат: "Біз кімнен және неден тәуелсіздік алғалы отырмыз?! Өзіміз 70 жыл бойы сөгіп келе жатқан Ресей империясы үлгісімен енді Қазақ империясын құруға ұмтылып жатқан жоқпыз ба осы? ", – деп арандатушылық пиғылдағы сұрағын бастап кетті", - деп еске алды Елбасы.
Айтуынша, көп ұзамай тағы бір депутат оны қостай түсіп: "Біз тәуелсіз мемлекет жариялау мәселесін талқылаудамыз. Ертең таңертең 17 миллион халықтың тең жарымы – орыстілді қауым бөтен мемлекеттің азаматтары болып шыға келмек. Жолдастар, бұлай етуге болмайды ғой", деген.
"Ал енді бір "халық қалаулысының": "Тек қазақ қана Қазақ КСР-інің немесе Қазақстан Республикасының президенті бола алатыны жөніндегі ұсынысты маған қатысты алғанда азаматтық теңқұқылыққа жасалған қиянат деуге бола ма, жоқ па? ", – деген сұрағына орай депутат Сұлтан Сартаев оған қазақ елінің президенті "мемлекеттік тілді және ұлтаралық келісім тілін қатар меңгерген адам" бола алатыны жөнінде заңда тайға таңба басқандай жазулы екенін ескертті", - деп жазды Елбасы.
"Мен әдейі, этика сақтап және ол уақыттың алыста қалғанына, заман-төреші бәрін әлдеқашан өз орнына келтіргеніне байланысты қазір олардың атын атап, түсін түстеуді жөн көрмедім. Әрине, олардың мұндай "батыл" сөйлеуінің ар жағында қолтығына су бүркетін сыртқы күштердің бар екенін де бірден аңғардым. Бірақ маған қателесуге де, ашуға бой алдыруға да болмайтын еді", - дейді Назарбаев.
Айтуынша, заң жобасын екі күн бойы талқылаған депутаттар ортақ мәмілеге келе алмаған. Талқылау әбден тығырыққа тірелген кезде 16 желтоқсан күні түстен кейін Назарбаев Жоғарғы Кеңеске барып, депутаттарға мән-жайды түсіндіргенін жазады.
"Бұл заңды қабылдауымыз керек, өйткені жалғыз біз ғана қалдық. Көпұлтты Қазақстан халқының алдында біздің арымыз таза. Бұл – барлығы әр сөзіне үңіле отырып оқитын маңызды заң. Менің сайлауалды бағдарламам, біз шешкелі отырған барлық мәселелердің түйіні – осы. Басты мәселе – мемлекеттік тәуелсіздік мәселесі. Артық шүйлігудің, ешқандай мән-маңызы жоқ сөздерді қосудың қажеті жоқ. Заңды осы күйінде басым көпшілік дауыс арқылы қабылдау керек деп санаймын", - деген Елбасы.
Оның айтуынша, осы сөзден кейін қарсы сөйлеген депутаттардың біразы сабасына түсіп, заң жобасы көпшілік дауыспен қабылданды.
"Бұл бәріміз көптен күткен айшықты мезет, тарихи оқиға еді. Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Алдын ала ойластырумен, зор ұйымдастырушылықпен, қапысыз дайындықпен жүзеге асты. Біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді. Мен мұның бәрін біз сенген, тәрбиелеген бүгінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отырмын", - деп еске алды Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Тәуелсіздікті жариялау оңай емес, оны бүкіл әлемге мойындату одан да қиын екенін атап өтті.
"Мен Қазақстан тәуелсіздігінің осындай биік деңгейде мойындалуын да алдын ала ойластырып қойған едім", - деп жазды.
Мақаланың толық мәтінін Елбасының ресми сайтынан оқуға болады.
Жаңалықтар
0