Өңірлер

Шымкентте балалары кредит алдырып, үйден қуып шыққан әжей таңертең жылап тұрады

© Sputnik / Константин Чалабов / Медиабанкке өтуАрхивное фото пожилой женщины
Архивное фото пожилой женщины - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.12.2021
Жазылу
Бастапқыда үлкен перзенті өз үйіне шақырғанымен, ақшаны қолына алған соң анасын қуып жіберген
НҰР-СҰЛТАН, 4 желтоқсан – Sputnik. Шымкентте балалары үйінен қуып шыққан ана қызымен соттасып жатыр. Баспанасынан айырылған ол бүгінде "Көмек" оңалту орталығына орналасқан, деп хабарлады Otyrar.kz.
Жалғыз өзім жеткізген перзенттерім үмітімді ақтамады деген кейуана енді олармен бірге тұрмаймын деп бекініпті. Тек баспанамды қайтарса болғаны дейді ол.
Баспанасын сатып, ақшасын балаларына бөліп берген 70 жастағы кейуана бүгінде қызымен соттасып жатыр. Айтуынша бастапқыда үлкен перзенті өз үйіне шақырғанымен, ақшаны қолына алған соң анасын қуып шыққан. Қайда барарын білмеген Саламат Балабаева қайтыс болған қызының үйі бар екені есіне түседі. Сонда барып тұрақтасам деген ниетпен жауапты мекемелердің есігін қағып барған.
"Қызымнан пәтер қалыпты ғой, сонда тұра тұрайыншы деп бардым. Сөйтсем олар қол қойып қойғансыз дейді. Қашан қойдым? деп сұрадым. 19 сәуір. Ал қызым осы айдың 5-не қайтыс болған. Сонда жетісі де өтер-өтпес болып тұр ғой дедім. Сосын олар қол қойып қойғансыз, енді сот арқылы ғана ала аласыз деді", - дейді зейнеткер Саламат Балабаева.
Бұл істі жасаған да үлкен қызым дейді Саламат апа. Яғни, кейуананың айтуынша қайтыс болған перзентінің үйін де анасына қол қойдыру арқылы өз атына жаздырып алған. Мұндай қорлыққа шыдамаған Саламат Балабаева сотқа шағым түсіреді.
"Соттан сол бұрышын маған қайтарып берсін деп талап етіп жатырмын. Маған баспана керек. Ешкімдікін тартып алайын деп жатқан жоқпын. Әзірге жеке тұра тұрайын. Тыныштық керек. Шаршадым. Балаларымды көтердім. Немерелерімді көтердім. Жұмыс істедім. Енді маған кішкене демалуға болатын шығар. Қызым осындай істеген соң барлық нәрседен көңілім қалып тұр", - дейді зейнеткер.
Оқи отырыңыз: "Қартайған шағымда алдап соқты": Нұр-Сұлтан тұрғыны анасын үйден қуып шықпақ 
Өзге қыздарының нұсқаулығымен 400 000 теңге кредит алып, адвокат жалдапты. Әрі пәтер жалдау қиындық тудырып, Шымкенттегі Көмек оңалту орталығына келеді. Алайда осыдан біраз уақыт бұрын бұл жерге де іздеп келген басқа бір қызы анамды емдетемін деп алып кетіпті. Бірақ әжей тағы 500 000 теңге кредит алуға мәжбүр болған. Бүгінде бар қарызымды құтылсам деген арманмен жүрген ол тек зейнетақысымен күн көріп отыр.
"Қызы 500 000-ға сізді емдейміз деген. Қолында екі МРТ-ы бар, дәрігердің қағаздары бар, дәрі-дәрмек алған. Бірақ оның барлығы 500 000 теңге болады деп ойламаймын. Апа кешке жатқанда, таңертең тұрған кезде жылап тұрады. Бүгін өмір сүргеніме Аллама мың да бір рахмет, қарызымнан құтқарғанша мені бұл дүниеден ала көрме деген әңгіме айтады", - дейді "Көмек" оңалту орталығының басшысы Малика Әбдірашқызы.
Бүгінде істің мән-жайы белгілі, бірақ әлі шешім шықпаған. Орталық заңгерінің айтуынша Саламат Балабаеваның адвокаты ештеңе шеше алмай жатқан көрінеді. Біз тегін көмек беруге дайынбыз деген оңалту орталығындағылар қолымызда заңды түрде мүмкіндік болмай тұр дейді. Олардың айтуынша, соттасып жатқан қызы бір емес үш адвокат жалдаған көрінеді.
"Біз адвокатына қоңырау шалып сұрасақ, біресе судья кетіп қалды, біресе "больничныйға" шығып кетті дейді. Сіздердің қатыстарыңыз жоқ дейді. Қайда хабарлассақ та, бұл іс бойынша адвокат бар екенін айтады. Тек содан мәлімет аласыздар дейді, болды. Біз кіре алмаймыз. Осы апта күтеміз, болмаса адвокаттан бас тартып, өзіміз кірісеміз", - дейді "Көмек" оңалту орталығының заңгері Данияр Жиенбаев.
5 баласын жалғыз өзі асыраған ана бүгінде көмекке мұқтаж. Өз перзенттеріне сыймай, бүгінде орталықта өмір сүріп жатқан оның миллионға жуық қарызы бар.  
Жаңалықтар
0