НҰР-СҰЛТАН, 30 қараша – Sputnik. Елордада көрнекті философ, ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Алып монумент ғұламаның атындағы Оқушылар сарайының алдында орнатылды, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
Гранит пен қоладан жасалған ескерткіштің биіктігі - 9,5 метр. Монумент авторлары — Ә.Бүркітбаев, Д. Сарбасов, К. Бегулиев, А. Тоқбаев және Д. Үсенбаев.
Ашылу салтанатына зиялы қауым өкілдері мен саяси қайраткерлер қатысты. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев та келді.
"Әл-Фараби —метафизика, гносеология, эстетика, этика, физика, астрология, психология және музыканың теориялық негізін қалаған ұлы ойшыл, энциклопедист ғалым. Оның еңбектері X ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейін маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Әл-Фараби — ортағасырлық ағарту кезеңіндегі Шығыс пен Батыстың интеллектуалды алыптарының бірі және еңбектері бүкіл әлемге тараған ойшыл",- деді Көшербаев.
Оның айтуынша, Әл-Фарабидің саяси-әлеуметтік трактатында баяндалған бақытты және мейірімді адамдардың сипаттамасы Абайдың "толыққанды тұлға туралы" тұжырымдамасымен үндес.
"Қазір біз жаңа ғасырдың басында жаңа сын-тегеуріндердің алдында тұрмыз. Тәуелсіз Қазақстанның жастары жаңа дүниетанымға, терең санаға, еркін рухқа ие болуы керек", - деп атап өтті мемлекеттік хатшы.
Айта кетейік, биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай елордада мәдениет пен жалпы еліміздің дамуына үлкен үлес қосқан белгілі қазақ қайраткерлеріне арналған ескерткіштер ашылды. Бұған дейін қалада алашордашыларға, сондай-ақ, Талғат Бигелдиновке, Дина Нұрпейісоваға, Қаныш Сәтпаевқа, Жұмабек Тәшеневке, Жақсылық Үшкемпіровке, Ыбырай Алтынсаринге ескерткіштер орнатылған болатын.