НҰР-СҰЛТАН, 29 қараша – Sputnik. Швейцария конфедерациясына ресми сапармен барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен ДДСҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен кездесті, деп хабарлады Ақорда.
Кездесу кезінде мемлекет басшысы елімізде пандемияға қарсы қолға алынған шаралар туралы айтып, жаңа штам мәселесіне тоқталды.
"Біз Сіздің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын дамытуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Өкінішке қарай, әлем күрделі кезеңді бастан кешіріп жатыр. Қазір коронавирустің жаңа штамы — "Омикрон" анықталды. Біз індетпен күресте әрдайым бірге болуымыз керек", - деді Тоқаев.
Сондай-ақ, президент қазақстандық ғалымдардың коронавирусқа қарсы әзірлеген препараттары жайында айтып берді. Жаңадан жасалған екінші екпе - QazCoVac-P жайын да әңгімеге арқау етті. Бүгінде аталған препарат клиникалық зерттеулер фазасына кандидат вакциналар тізіміне енгізілді. Осы орайда Тоқаев қазақстандық вакцинаға қолдау көрсеткені үшін ДДСҰ басшысына алғыс айтты.
"Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының вакцинаға тең құқықты және әділ қолжетімділікті қамтамасыз етуге қатысты ұмтылысын толық қолдаймыз және қазақстандық вакцинаны мұқтаж елдердің бәріне ұсынуға дайынбыз", - деп атап көрсетті президент.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесінің екі маңызды бағыты – алғашқы медициналық-санитарлық көмек пен денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызметпен халықты жаппай қамтуды біріктіру қажеттігін жеткізді. Тедрос Андханом Гебрейесус өз кезегінде Тоқаевтың ДДСҰ-ның мақсаттары мен іс-қимылдарына, соның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға байланысты бастамаларына сай келетін ұстанымына қолдау білдірді.
Ұйымның басшысы вирустың жаңа штамдары және пандемияның одан әрі өршу сценарийіне қатысты болжамдары туралы мәлімет берді. Сондай-ақ, осы аса қауіпті індетпен күресте вакцина салудың аса маңызды екенін атап өтті.