Бұл фотолар қарашадағы суықты ұмытып, тамаша көңіл-күй сыйлауға көмектеседі. Comedy Wildlife Photography Awards – 2021 байқауының қазылар алқасы табиғатта түсірілген жануарлар мен құстардың ең қызықты және күлкілі фотоларын таңдады.
Беделді халықаралық фотобайқау 2015 жылдан бері өткізіледі. Оның мақсаты – жабайы табиғатты сақтауға назар аудару.
Биыл байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен жануарлар, жәндіктер, балық пен құстар бейнеленген жеті мыңнан астам күлкілі фотолар жолданған. Финалға арасынан 40-тан астам жұмыс өтті.
Соның ішінде британиялық фотограф Кен Дженсеннің жұмысы ерекше деп танылды. Ол "Ой!" деп аталатын жұмысында ыңғайсыз жағдайға тап болған маймылды түсірген.
Джон Спирстің жұмысы көрермен көзайымы сыйлығына ие болды. Оның күзгі жапырақ басына жабысқан кептері ешкімді бей-жай қалдырмады.
Әдетте Comedy Wildlife Photography Awards – 2021 конкурсын өткізуден түскен қаржының бір бөлігі жабайы табиғатты сақтауға жұмсалады.
2021 жылы жиналған ақшаның 10 проценті Борнеодағы жабайы орангутандарды құтқаруға кетеді.