НҰР-СҰЛТАН, 26 қараша — Sputnik. Қазгидромет 27-29 қарашаға арналған ауа райы болжамын жариялады.
Синоптиктердің хабарлауынша, Қазақстанға солтүстік-батыс антициклоны ығысып келеді. Соның әсерінен жауын-шашынсыз болып, солтүстікте күн суытады.
Алайда батыс өңірлерге Ресейдің еуропалық бөлігінен жылы фронт келеді. Сондықтан күндіз ауа температурасы көтеріледі.
Солтүстік аймақта түнде минус 10-18, күндіз 7-15 градус аяз.
Батыста күндіз 0 - плюс 5 градусқа дейін жылынады. Ал оңтүстік-батыста плюс 12 градус.
Шығыста түнде минус 15-23 градустан минус 8-16 градусқа дейін біршама жылынады. Күндіз 0 - минус 10.
Оңтүстікте де ауа температурасы көтеріледі. Түнде 0 - минус 10 градустан 0 - плюс 5- қа дейін, күндіз 0-10 жылыдан плюс 3-15 градусқа дейін көтеріледі.
Ал оңтүстік-шығыста түнде 0 - минус 10, күндіз минус 3 - плюс 7 градус шамасында болады.