ПАВЛОДАР, 24 қараша — Sputnik. Павлодар тұрғыны көпқабатты үйдің ауласында аңшылық қарудан оқ атты, деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
24 қараша түнгі 02.00-де Павлодар полициясына Павлов көшесіндегі №38 үйдің ауласында 40 жастағы ер адам көкке оқ атқаны туралы хабар түсті.
Ол өзінің тіркеудегі 12-ші калибрлі MOSSBERG маркалы қаруын көшеге алып шыққан.
"Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қару алынды", - деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.
Тұрғынға қатысты қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі 2-тармағына сәйкес ("атыс қаруын қолданумен жасалған бұзақылық") сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бұл бап бойынша кінәлі деп танылған адам 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығы шектелуі немесе дәл осы мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сотқа дейінгі тергеу кезінде оқиғаның мән-жайы анықталатын болады.