Қоғам

Алматыдағы трагедия: отбасыға әлеуметтік көмек төленбеген – әкімдік себебін айтты

© Sputnik / Абзал КалиевПособие во время карантина 42 500
Пособие во время карантина 42 500  - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.11.2021
Жазылу
Бақытгүл Қыдырбаеваның күйеуі көлігін сатуына байланысты отбасыға кіретін табыс жан басына шаққанда күнкөріс деңгейінің 70%-нен асып кеткен

НҰР-СҰЛТАН, 24 қараша – Sputnik. Шымкент әкімдігі Алматыда үш баласымен терезеден секіріп өлген келіншектің отбасына атаулы әлеуметтік көмек не себепті берілмей қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы ұсынған ақпаратқа сәйкес, Бақытгүл Қыдырбаева Өзбекстанның Шыршық ауданында туған. Шымкент қаласына қарасты Қаратау ауданындағы Нұрсат мөлтек ауданында тұрған. Ал 2021 жылдың 6 тамызынан бастап Алматы қаласының Ауезов ауданындағы Жетісу-1 мөлтек ауданында уақытша тіркеуге тұрған. Баласы №141 орта мектебіне барып жүрген.

"2021 жылы 20 мамырда Бақытгүл Қыдырбаева атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдірген. Оған ІІ тоқсанға 225 352 теңге тағайындалған. Осылайша мамыр (112 676 теңге) және маусым (112 676 теңге) айларына төленген болатын"- дейді басқарма басшысының орынбасары Жанат Өтебаева Sputnik Қазақстан тілшісіне. 

29 қазан күні Бақытгүл атаулы әлеуметтік көмекке қайта өтініш берген. Бірақ еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі бұйрығында көрсетілген талап бойынша әлеуметтік көмек берілмеген.

"2021 жылдың шілдесінде күйеуі Оразов Нұрсұлтан Бауыржанұлы TOYOTA CARINA 468AYZ13 автокөлігін сатты. Отбасыға кіретін табыс жан басына шаққанда күнкөріс деңгейінің 70%-нен (25 731 теңге) асып кетуіне байланысты әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылған", - деп атап өтті Өтебаева. 

Оның айтуынша, Нұрсұлтан Оразовтың өзі жұмыссыз ретінде тіркеуге тұрмаған. Жұмыспен қамту орталығының көмегіне де жүгінбепті. Қазіргі кезде Алматы қаласының "Алтын Орда" сауда базарында жұмыс істейді. Ал 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемге өтініш Түркістан облысынан жіберілген.

Әйел үш баласымен бірге 9-қабаттан секіріп кетті

Алматыда 22 қарашада Жетісу-1 шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде 28 жастағы әйел үш баласымен бірге 9-қабаттан секіріп кетті. Төртеуі де көз жұмды.

Алматылық келіншек өлер алдында хат қалдырған. Ол сынаққа шыдай алмағанын, кінәлілердің өзі білетінін айтқан.

Оқи отырыңыз: Алматыда балаларымен бірге терезеден секірген марқұмның соңғы хаты табылды 

Алматы қаласының полиция департаменті қайғылы жағдайдың алдын ала себебін хабарлады.

"Бұл әрекетке отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас кезінде күйеуі екеуінің арасындағы жанжал себеп болған", - делінген полиция хабарламасында.

Жедел тергеу тобы құрылды. Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің ("Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу") бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Жаңалықтар
0