АЛМАТЫ, 23 қараша — Sputnik. Дубайдағы EXPO-2020 көрмесіне келушілер Шымкентке жолдама ұтып алуы мүмкін. Ұтыс сейсенбі, 23 қарашада өтеді. Бұл туралы Дубайдағы Қазақстан павильонында өткен "Шымкент күндері" кезінде белгілі болды.
Дүйсенбіде қазақстандық павильонда "Шымкент күндері" басталды. Өткен тәулікте павильонға 5 мыңнан астам адам барған. Олардың арасында БАӘ, АҚШ, Германия инвесторлары бар. Меймандар мен туристерге Шымкенттің инвестициялық мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.
Қонақтар ұлттық тағамдар ауыз татты. Қазақстан тарихынан хабардар болып, ұлттық би тамашалап, ән тыңдады.
"Отырар" басылымы бірінші күні Шымкент алғашқы инвестицияларды тартып, келісімдер жасағанын жазады. Енді шетелдік инвесторлар делегациямен бірге Қазақстанның оңтүстік мегаполисіне барып, ол туралы көбірек білуді жоспарлап отыр.
Бұған қоса, Дубай мен Шымкент туризмді дамыту бойынша меморандумға қол қойды. Тараптар бірлескен роуд-шоу ұйымдастыруды, имидждік өнімдермен алмасуды, көрме, форум, конференцияларға бірге қатысуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ бірлескен ынтымақтастықтың басқа да бағыттарын қолдамақ.
Ал сейсенбі, 23 қараша күні Дубайдағы қазақстандық павильонда ЭКСПО-2020 туристері арасында Шымкент қаласына жолдама ойнатылады.