НҰР-СҰЛТАН, 23 қараша – Sputnik. Петропавлда жеңіл автокөлік пен самосвал соқтығысты, автокөлік жүргізушісі қаза болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген видео тарады. Жол апаты фактісін қалалық полиция басқармасы растады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"23 қарашада 7:48-де 102 каналына куәгерлер қоңырау шалып, Петропавлдың айналма жолында LADA Largus пен Урал-5557 соқтығысқанын айтты. Салдарынан LADA жүргізушісі алған жарақатынан оқиға орнында мерт болды", - деп хабарлады полициядағылар.
Бұл факті Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-тармағы "Абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет, көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай реестріне тіркелді.
Тергеу аясында жол апатының себептері мен мән-жайы анықталады. Бірқатар сараптама тағайындалды. Жүргізілген шаралар нәтижесінде соңғы процессуалды шешім қабылданады.
Желіде қала тұрғындары дүйсенбі күні жауған қалың қардан кейін жолдар тазаланбағанын және құм себілмегенін айтып шағымданды. Сол себепті бүкіл көшеде, әсіресе қала шетінде көк мұз сіресіп жатыр. Көліктер әрең қозғалуда. Дүйсенбі және сейсенбі күндері қалада бірнеше жол апаты болды.
Оқи отырыңыз: Полицейлер мас жүргізушіні қуып жүріп ұстады – оқиғаның видеосы жарияланды
"Бүгін Жағалау көшесінде апат болды. Мен сағатына 30 шақырым жылдамдықпен жүріп келе жатқан едім. Жолда үйілген қардан асфальттің бір бөлігі төселмегенін байқамай қалдым, ешқандай белгі орнатылмапты. Артқы доңғалақпен асфальт жоқ жерге кіріп кеттім. Соның кесірінен қарсы бетке ұшып кеттім. Мен жол жөндеушілерді сотқа беріп, петиция жинағым келеді", - деп жазды зардап шеккен жүргізушілердің бірі әлеуметтік желіде.
Бүгін бір адамның өмірін қиған жол апатының куәгерлері де оқиға орнындағы жолдың көктайғақ пен қардан нашар күйде болғанын айттып жатыр.
"Жолдың жағдайы сұмдық, Жағалау көшесінде шұңқырлар қарға көміліп қалған, олар көрінбейді, абай болыңдар", "Ларгус Уралдың астына кіріп кетті, жол жөндеушілер тазаламайды, құм сеппейді. Жол апатынан кейін ғана қимылдап, бәрін тазалап, сеуіп шықты", деп жазып жатыр қолданушылар.