Президент телерадиокешені YouTube арнасында әлемдегі ірі ядролық полигонның жабылуына арналған деректі фильм жариялады.
1990 жылы КСРО-ға мүше елдер егемендік жариялай бастады. Сол кезде Қазақстан егемендік туралы декларация қабылдады. Ал егемен ел ретінде қабылданған маңызды құжаттардың бірі – Семей полигонын жабу туралы қаулы. Оған дейін "Невада - Семей" қозғалысы талай рет шеру өткізіп, ядролық сынақтарды тоқтату талап етті.
Осы қозғалыстың арқасында 1990 жылға қарай ядролық сынақтардың саны қысқарды. Артынан полигонды толығымен жауып тастады. Арнайы қаулыға сол кезде ҚазКСР президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған.
Оның айтуынша, ядролық қарудың салдары бір миллионнан астам адамның денсаулығына кері әсерін тигізді.
"Екінші, тіпті, үшінші ұрпақта біз сол жарылыстардың зардабын сезіп отырмыз", – деді Назарбаев.
Биыл Семей ядролық полигонның жабылуына 30 жыл толып отыр. Осы тарихи шешім қалай қабылданғанын видеодан көріңіз.