Оған Қазақстаннан 100-ден астам әскери қызметші қатысып, сонымен қоса Су-30СМ көпфункционалды жойғыш буыны, С-295 әскери-көлік ұшақтары, тактикалық ұшқышсыз ұшу аппараттары жұмылдырылған.
Оқу-жаттығу барысында қазақстандық бөлімшелер іздестіру-барлау іс-қимылдарын жүргізу, қарсыластың ойламаған жерден жасаған шабуылының алдын алу, оның озық жасақтарын жою, заңсыз қаруланған құралымдардың шабуылына тойтарыс беріп, оларды жою, сондай-ақ ұрыс даласынан жарақат алғандар мен істен шыққан техниканы көшіру сынды тапсырмаларды орындайды.
"Түрлі оқу-жауынгерлік тапсырмаларды шешу барысында бұл оқу-жаттығу екі ел әскерлерінің өзара іс-қимылын үйлестіру мен деңгейін арттыруға мүмкіндік береді", – деп атап өтті Бас қолбасшының орынбасары, Құрлық әскерлерінің бас штаб бастығы генерал-майор Қаныш Әбубәкіров.
"Hamkorlik-2021" бірлескен оқу-жаттығуы 24 қарашаға дейін жалғасады.