Дерекқор

Көп ішекті ұлттық музыкалық аспап жетіген туралы не білеміз

© Sputnik / Тимур БатыршинНа жетыген в старину натягивали струны, скрученные из конского волоса, а лады делались из асыков
На жетыген в старину натягивали струны, скрученные из конского волоса, а лады делались из асыков - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.11.2021
Жазылу
Қазақтың ұлттық музыкалық аспабы жетіген туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Жетіген – көп ішекті ұлттық музыкалық аспап. Алайда бұл аспаптың атауына қатысты жарыспалы пікірлер бар. Ғалымдардың бір парасы аспапты "ятагаң", "етиген", "етиге", "джатыған" деп атайды. Қазақ халқының аспапты "жетіген" деп атауы музыкалық аспаптың жеті ішегі болуына байланысты.

Ұлттық аспап түрлері

Қазақтың ұлттық аспаптары дыбыс ерекшелігіне қарай ішекті-шертпелі, үрмелі, ұрмалы деп бөлінеді.

  • Ішекті-шертпелі аспаптар – домбыра, жетіген, шертер, қылқобыз;
  • Үрмелі аспаптар – қамысты қос сырнай, саз сырнай, үскірік, тастауық, керней, сыбызғы;
  • Ұрмалы аспаптар – кепшік, даңғыра, дабыл, дауылпаз, шыңдауыл, асатаяқ, қоңырау.

Жетіген туралы аңыз

Жетігеннің пайда болуы жайлы аңызда "ерте заманда жұт салдарынан қайтыс болған жеті баласының құрметіне қу ағашты ойып, сорлы әке әр баласына арнап бір-бір ішек тағып, күй шығарып, балаларын жоқтаған екен. Ұлдары Қанияға - "Қарағым", Торалымға - "Қанат сынар", Жайкелдіге - "Құмарым", Бекенге "От сөнер", Хауасқа "Бақыт көшті", Жүлзаға "Күн тұтылды" күйлерін арнаған. Соңғы баласы Қияс қайтқанда "Ақырғы" күйін тартқан екен. Осы күйлер "Жетігеннің жетеуі" деген атпен ел арасында таралған" делінген.

"Жетіген" атауына қатысты ақын Серік Қалиевтің "Жетіген туралы аңыз" өлеңі бар.

Жетігеннің жеті ішегін мұң алған,

Аты оның жеті әннен құралған.

Жеті ұлынан айырылған қария,

Қайғы жұтып, жеті күйді шығарған.

Бірінші ішек "Қарағым" қарманған,

"Қанат сынар" екінші ішек арман-ән.

Үшінші ішек "Құмарым" деп күйініп,

"От сөнер" деп төртінші ішек зарлаған.

"Бақыт көшті" – бесінші ішек жас толған,

Алтыншы ішек "Күн тұтылды" аспаннан.

Жетіншісін таққан кезде жетеуден,

Айырылыдым деп құса боп күй басталған.

Аңыз бізге тарих сырын шертеді,

Шындық жырын уақыт бірге ертеді.

Халқымыздың ұмытпасақ өткенін,

Туған елдің жарқын болмақ ертеңі.

Аңыз екен бізге жеткен бүгінде,

Әр аңыздың шындық жатыр түбінде.

Халқымыздың қазыналы тарихын,

Біз ұмытпай міндеттіміз білуге.

Жеті ішекпен жеті күйді тыңдатқан,

Тарихында тағылымды сыр жатқан.

Аңыз қайта санамызда жаңғырып,

Ұрпағына ғасырлардан тіл қатқан.

"Жетіген" деген атау "жеті" және "ән" деген екі сөзден құралған деген де пікір бар.

Жетіген қалай өзгерді

Жетіген ішін ұңғылап жасаған ағаш қорап секілді, ұзындығы көбіне бір жарым-екі аршын (аршын – метрге тең ұзындық өлшемі) шамасында болады. Ал ені аршынның төрттен біріндей, биіктігі аршынның сегізден бір бөлігіндей болған. Музыкалық аспаптың бір бүйірі ашық, екінші бүйірі жабық болып келеді. Жабық бүйірге жуандығы әртүрлі сым (ішек) тығылады, олардың әрқайсының астында екі тиектен болады. Аспапта ойнаған кезде жіңішке ішектері бері тартылады, оны екі қолмен ұрғылайды. Бір қолымен дауысқа ыңғайлы шертеді де, екіншісімен тиектен біршама жерден мұңды, әрі дірілдеп шығатын дыбыс шығарады.

Ертедегі жетіген үй жабдығының бірі – астау тәрізді болған. Аспаптың құлақ, қақпақ, тиек секілді бөлігі болмаған, ішектер аспаптың сырт жағына қолмен керіліп байланған. 

Ал қазіргі жетігеннің әрбір ішегіне құлақ тағылған. Қазақтың ұлттық аспаптарын зерттеп, оны жетілдірумен айналысқан маман Болат Сарыбаевтың шеберханасында жетігенге өзгеріс енгізілді. Алғашқы нұсқада жетігенде 13 ішек болып, одан 20 дыбыс шығарылып, диапазоны 1,5 октава болды. Ал өзгеріске ұшыраған соң жетігеннің ұзындығы – 1,6 метр, шанағының ені – 25 см, екі тар бөлігі – 21 см, шанақ биіктігі – 9 см, жоғарғы қақпағының қалыңдығы – 3-3,4 мм болды.

Екінші рет өзгертілген аспаптың дауысы күшейтілді, неғұрлым әуезді бола түскен. Бұл жолы аспаптың шанағы 18 см-ге ұзартылған.

Үшінші рет өзгеріс енгізілген кезде жетіген диапазоны екі оттавалық аспапқа айналған. Диапазоны кварта интервалына кеңеюі үшін дыбыс қатарынан төменгі бөлігіне бес ішек қосылған. Мұндай өзгеріс жетігеннің орындаушылық мүмкіндігін жақсартып, күрделі музыкалық шығармаларды орындауға мүмкіндік берді.

Қазір қазақ эстрадасында жетіген аспабымен әнші Қарақат Әбілдина сахнаға шығып жүр.

Жаңалықтар
0