НҰР-СҰЛТАН, 18 қараша – Sputnik. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев салық жеңілдіктерінің тиімділігі тексерілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бүгінде бюджет кірісін көбейту бойынша біраз шаруа атқарылып жатыр. Осы жұмыстың аясында алдағы уақытта салық жеңілдіктері де бір сараптап қойған артық болмайды деп есептейміз. Біздің қолымызда бар ақпаратқа сәйкес, 2020 жылы салық жеңілдіктеріне байланысты бюджетке түсетін қаржының көлемі 4,8 триллион теңгеден астам сомаға кем болды. Қомақты ақша ғой", - деді Әшімбаев сенаттың жалпы отырысында.
Осы орайда сенат төрағасы пандемияға байланысты салық жеңілдіктерінің шағын және орта бизнеске ғана емес, ірі кәсіпорындарға да берілгенін еске салды. Қаржы саласы мен тау-кен өндірісі болса, салық жеңілдіктерінің 40 процентіне ие болды.
"Салық жеңілдіктерінен бас тартайық деген сөз жоқ. Бұл – халықаралық тәжірибе. Оны біз де қолдануымыз керек. Осы бағытта жұмыс істеуіміз қажет. Бірақ осы жеңілдіктер мемлекетімізге не беріп жатыр? Экономикамызға қандай әсерін тигізіп жатыр? Соны да бір сараптап қойған артық болмайтын шығар", - деп атап көрсетті Әшімбаев.
Сенат төрағасы Салық кодексіне ревизия жасау аясында салық жеңілдіктерін жан-жақты зерделеп шығуды ұсынды.